Мекені Тұран қазақпыз

Ермек Сахариев — 1952 жылы 15 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Еңбек аулында дүниеге келген. Білімі — жоғары, отбасылы, екі баласы, төрт немересі бар. Бір прозалық, үш поэзиялық жинақтардың авторы. Бүгіндері халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, ақпарат және спорт бөлімдерінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

 

                 Қазақи пайым

Керек тастың ауырлығы болмайды,

Пейілі ақты Тәңір өзі қолдайды.

«Алтын көрген жолдан тайса періште»,

Ниеті арам әзәзіл ғой, алдайды.

 

   Келешегін пенде үмітпен жалғайды,

Кірпияз жан ішер асын талғайды.

Ақылды жан сабыр сақтап әрқашан,

Айтқан сөзді жүрекке дық алмайды.

 

   Данагөй қарт тым тереңнен толғайды,

Терең тамыр тартқан ағаш солмайды.

Сау басына тілеп алған сақина

Жанда ешқашан орны өкініш толмайды.

 

   Қара суды қанша ішсең шөл қанбайды,

Отырған қыз тазды ақыры таңдайды.

Пешенеге жазылғанды көрмек жан,

Өзгермейді ол тасқа ұрсаң да маңдайды.

 

   Жуастарды күшті төстеп, билейді,

Адамзатты қатал заман илейді.

Иті қырын жүгіргенде шеберге

Шұға жауса, бір ұлтарақ тимейді.

 

   Күйзелмесе қайғыны адам білмейді,

Азалы жан қытықтасаң күлмейді.

Есті шырмап, бойға күдік кірсе егер,

Жүрекке әсте сана әмірі жүрмейді.

 

 Тек бертінде соның бәрін байқадым,

Ақиқатты көз көрген соң айтамын.

Жолдан тайсам Хақтан сұрап кешірім,

Мешіт барып, м інәжат қып қайтамын…

 

               Ауылды сағыну

   Соңғы кезде түске кіріп ауылым

Мазалап жүр, саумысыңдар, бауырым?

Хабар-ошар сиреген соң жүйкеге

Сездім түскен салмақтың тым ауырын.

 

   Сол ауылда өсіп-өнген бала едік,

Туған жерді біз пейішке баладық.

Есейгенде білім қуып әр жаққа

Бағыт түзеп болып кеттік қалалық.

 

 Тұрғанменен зәулім үйлі қалада,

Тыным бермей ауыл қалған санада

Түн баласы елестермен тілдесем

Әр дыбысқа елеңдеумен далада.

 

   Ауыл шықпай әлі күнге жадымнан

Көңілімді күпті етті сағынған.

Құстай ұшып жетер едім ауылға

Қанат бітсе, таныс бала шағымнан.

 

   Сағыныштан жүйкем тозып кеткен бе,

Есалаң бір күйге түстім өткенде.

Соның бәрі сап боларын түйсінем

Кіндік қаным тамған жерге жеткенде.

 

   Туған жерге кіндігімен байланған

Адам аттай бір қазықты айналған.

Сондай жанның мен де бірі боламын

Ауылды аңсап жүрегіне қайғы алған.

 

   Ауылымның аңсап тау, тас, өзенін

Дала төсін ойша аралап кеземін.

Сол ауылға бармай, сірә, құсалы

Басылмайды-ау өрт боп жанған өзегім.

…Соны қазір жүрегіммен сеземін…

 

    Шайға жетер сусын жоқ

   Ішкенде терлер бет, маңдай

Тобылғы торы шай қандай?!

Шөл басар сусын төресін

Көргем жоқ әлі мен ондай.

 

   Біреуге кофе жақпайды,

Сыраны біреу мақтайды

Көшпелі қазақ мал баққан

Тек шайға ғана тоқтайды.

 

   Шай ішсе жүзі албырап,

Бусанып бойы балбырап

Терлесе қунап кетпей ме

Жүрген жан қатты қалжырап.

 

   «Адамды сергек ететін,

Сусын жоқ шайға жететін»,—

Демеген жанда талғам жоқ,

Тура айтсам сөздің төтесін

   Қытайдан шыққан шай бүгін,

Алтыннан дағы құнды мың.

Аңызақ, аптап ыстықта

Басатын адам ындынын.

 Бұл сусын өзін ақтайды,

 

Оны ішпей тамақ батпайды.

Басқалар шайқор қазақты

Ендеше бекер даттайды.

 Құярда шайды баптайды,

 

Ыстығын демдеп сақтайды.

Мұсылман-қазақ шай ішкен

Өлсе де арақ татпайды.

Шай ішкен жанда жоқ қайғы…

 

                 Өмірге шолу

Мұңдылау шығып ең алғаш айтқан «өлеңі»,

Бар бала мына өмірге жылап келеді.

Тәңірі қиған ғұмырды жасап ал сосын

Фәниден озып, бақилық болып кетеді.

 

Жас сәби, бәлкім, тағдыры — Тәңір сыйының

Сезетін шығар алдынан күткен қиынын.

Жаратқан әлде жазып қоя ма мұны әлде

Бір қыртысына әлгі баланың миының?

 

 Қалай десек те, осында сыр бар бір ғажап,

Адамзат бұған өзінше болжам жүр жасап.

«Ортаны келген жатырқап сәби жылайды»,—

Деуге кеп саймақ пікірін жұрттың тыңдасақ.

 

Көрініп дұшпан қоршаған өзін айнала,

Жылайтын сынды туғанда содан бар бала.

Қасірет пенен шаттықтың қатар жүрерін

Б ілген ғой қазақ бағзы заманнан қаймана.

 

 Бақыттың құсы ұстатпай аттай қашаған,

Жылап-сықтаусыз өтпейді ғұмыр жасаған.

Қуаныштан да құр қалмас пенде, әлбетте,

Бауыры бүтін, дені сау болса, бас аман.

 

   Жылайды адам өмірден озар шақта да,

Тек мұның мәні байқасаң мүлде басқада.

Өлерде пенде туысын қимай жылайды,

Ал ажал келмей қоймайды кәрі жасқа да.

 

   Туғанда және өлерде жылау мәні осы,

Өйткені, жанға берілмес ғұмыр жаңасы.

Тиынның екі жағындай өмір сүретін,

Жылап кеп, жылап кететін адам баласы…

 

Мекені Тұран қазақпыз

 Мекендеп өлке Тұранды,

Майданда салып ұранды

Тарихта қалған түркіміз

Кеш білсек тағы Құранды.

 

   Төрт түлік бағып күнелткен,

Ел-жерін сүйген жүрекпен

Кентавр деген ат қойып

Қазақты өзге жыр еткен.

 

   Ошақта оты маздаған,

Әдептен аттап озбаған

Халықпыз жерден мың мәрте

Жоқ болып кете жаздаған.

 

   Билер мен хандар шыққан жер,

Ұл-қызы кие тұтқан жер

Отаны — Тұран қазақпыз

Жылқыны сүйген ақтанкер.

 

   Ләззат алған саяттан,

Сезімін ән-жыр оятқан

Батырлар шыққан елденбіз

Қылышын қанға боятқан.

 

   Азаптың тартып нешесін,

Қайтарған бертін есесін

Қонақжай жұртпыз әке мен

Әлпештеп өткен шешесін.

 

   Бабалар рухы демеген,

Бүгінде елміз егемен.

Тарихқа мың да бір алғыс

Баршамен бізді теңеген.

…Тәңірге және жебеген!..

 

Алтайдай жер қайда-ай?

   Ақ қар-мұзбен құрсанған шың-құздары,

Кәрі Алтайдың қыстыгүн қатты ызғары.

Ақ иықтай қыран құс түлеп ұшқан

Өр Алтайды сүйеді ұл-қыздары.

 

   Аңыз, жырға бай өлке Алтай жері,

Бұл өңірден көп шыққан сал мен сері.

Мұзтаудайын шыңы бар бұл өңірді

Мекендейді тағы аң мен құстың бәрі.

 

   Аң мен құсты мекені өсіп-өнген

Бар қатерден қорғайды сырттан төнген.

Бұл өңірде бұрында сақтар сүрген,

Оған куә обалар мүрде көмген.

 

   Соның бірі қорымға Берелдегі

Әлем жұрты назар сап елеңдеді.

Тарихымыздан сыр шерткен бұл жаңалық

Көнелігін қазақтың дәлелдеді.

 

   Ғасырлармен өлшенер туған жасы,

Шежірелі Алтайдың тау мен тасы.

Әр обадан табылар қазсаң сүйек,

Қайда қалмас майданда ердің басы.

 

   Сол өлкенің тумасы болам мен де,

Аман-саулық тілеген ел мен жерге.

Туған жерін кім сүймес өле-өлгенше,

Ажал жетіп, кіргенше басы көрге.

 

   Сол себепті мақтанам осы өлкеммен,

Бақыт күтем мен дағы алда ертеңнен.

Алтай десе елеңдеп тұрам ылғи,

Жүректегі баса алмай отты өртенген.

 

                           Асыл жарға

   Ұзақ түндерде ұйықтамай сені тосқамын,

Сағынған кезде атыңды жырға қосқамын.

Отбасын көріп шадыман шаттық жайлаған

Қызғанғам іштей бақытын кенен басқаның.

 

   Ошақтан ұзап сен кеткен кезде жол жүріп,

Мәңгіргем біраз аттайын қалған болдырып.

Жабырқау, жадау күй кешкем ауыл көшкенде

Күшіктей жұртта иесі кеткен қалдырып.

 

   Көңілге медеу боларлық таппай дәнеңе,

Сұп-суық мұз кеп тигендей болып денеме

Түршігіп тәнім, ұйқыдан қалғам көз ілмей,

Сағынған жүрек «сап» деуге әсте көне ме?

 

   Қара орман мекен бола алмай пана басыма,

Қыстыққам талай булығып іштей жасыма.

Түсіме кіріп, мазалап әбден біткенсің

Сезімді күйрек, елес боп келіп қасыма.

 

   Сол кезде шыннан бағалап сенің құныңды,

Тағдырға шаққам тұрлаусыз шерлі мұңымды.

Әйелсіз үйдің бақыты кемшін екенін

Ұққанмын сонда жұбатып ұл мен қызымды.

 

   Олар да, бірақ, орныңды сенің баспаған,

Қалғандай болып қаңырап ошақ-баспанам.

Ләйлісін жоқтап жарымес болған Мәжнүндей

Күй кешкем мен де, құрғамай жастан тостаған.

 

  Сен келдің дағы ошақта бақыт орнады,

Жүректің күткен іске асып асыл арманы.

Бақыттың кілті қолында екен әйелдің,

Бала-шаға мен ерінің мықты қорғаны!..

 

         Ұрпағым басты байлығым

   Басқаның бақ, ырысын қызғанбаймын,

Жетеді бір басыма мұң мен қайғым.

Дәулеті жаттың маған құт бола ма,

Келеді ұрпағыммен өркен жайғым.

 

   Айналған күндіз-түні ғаламшарда,

Баласыз адамзатта бақыт бар ма?

Зар болып бір шикі етке өткен жанның

Жарасын жаза алмайды уақыттар да.

 

   Ұрпақ қой адамзаттың бас байлығы,

Басатын күлкісімен мұң-қайғыны.

Баласыз жанды қазақ «қубас» дейді,

Тартылған Аралдайын сулы айдыны.

 

   Шіркеу боп баласыздық түссе бетке,

Көңілі балалының жүрер көкте.

«Болған соң ол бақыттың кілті Хақта,

Бұл іске шүмектетіп терді төкпе»,—

Данагөй дейді халық көпті көрген,

Маржанын ойдың асыл сөзден терген.

Тағы аң мен жануарға жараспай ма

Соңынан қалмай жүрсе төлі ерген.

 

   Бар жанды ұрпағы үшін күн көреді,

Жейтұғын болмаса да, ас, қорегі.

Бала орны мал-мүлікпен толмаған соң,

Солардың жоқтай маған түк керегі.

 

   Жігітім, балаң бар ма, шаттан, жайна,

Ешбірін қиындықтың алмай ойға.

Адамның бауыр еті ұрпақ деген,

Сарқылмас күш құятын өне бойға.

…Шыр етіп сәби туса, қуан, тойла…

 

                        Жазмыш

   Шұғылалы көзінде нұр ойнаған,

Келбетіне қарауға көз тоймаған

Ару қызға ғашық болып ертеңдер

Қалам деп кім күні кеше ойлаған?

 

   «Сұрап алған аурудың жоқ емі»,—

Деген сөзді тура айтқан ел тегі.

Ұйықтап жатқан жүрегімді оятып,

Сезім құрты жатыр оны жеп жегі.

 

   Ұстатпайтын елес қашып алдымнан,

Бүгіндері күлкі-ұйқыдан қалдым мен.

Шалдыққандай гипнозға күй кештім,

Жалғыз қыздың аты шықпай жадымнан.

 

   Жүрекке дөп тиіп оғы жебенің,

Іздеп бақтым қиын дерттің себебін.

Таба алмай оны әбден қиналдым,

Қалған жандай ту сыртында кеменің.

 

   Онсыз өмір болатұғын сұрғылт, тұл,

Махаббаттың машақаты екен бұл.

Баста сана, бойда сезім болған соң,

Одан қайда құтылмақшы жазған құл?

 

   Соқпай оған кетпес өтсе жанап кім,

Мен де бүгін сол ауылға қонақпын.

Бір аруға ғашық болып өлердей,

Бойымдағы бар еркімді тонаттым.

  

Өкінбеймін бұған, бірақ, әлбетте,

Баршаға ортақ мұндай сезім жер-көкте.

Өйткені, ол әу бастан-ақ тән жазмыш

Жатқан анау сәбиге де жөргекте.

…Махаббатын оятарсың, тербетпе…