«Бақытты ел, беделді Елбасы»

 

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде полиция қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған шара осылай аталды.

Орал қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кең көлемдегі танымдық іс-шараға жеке құрам қызметкерлері қатысқан. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің көшпелі жұмыс бөлімінің музей-экскурсоводтары Жанаргүл Срымова мен Асылгүл Мерғалиева тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи рөліне басымдық беріп, Тұңғыш Президенттің өмірі мен еңбек жолына шолу жасады. Президент күні қарсаңында арнайы жасақталған экспонаттармен таныстырды. Елордамыз Астана қаласының құрылу тарихына, бой көтерген заманауи ғимараттарға тоқталды.

Тәртіп сақшылары музейдегі «Қазақ хандығы», «Өнер» және басқа да залдарды аралап, Абылай хан мен Әбілқайыр ханның ұрпақтары, араб грамматикасы, «Хан тоғайының» тарихы, танымал суретші Әбілхан Қастеевтің түпнұсқа еңбектері, Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойына орай жасақталған бұрыш, ұлттық аспаптардың түпнұсқалары туралы мәліметтерге қанықты.

«Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы Тұңғыш Президенттің тарихи рөлі мен қызметіне арналған мәліметтер жас қызметкерлерге ерекше әсер етті. Ішкі істер органындағы жас қызметкерлерді патриоттық рухта тәрбиелеу, жас қызметкер мен оның тәлімгері арасындағы байланысты ұштастыру, Отанына деген сезімін нығайту, елімізде болып жатқан оқиғаларды таныстыру, Отанының тағдыры үшін жауапкершілігін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар болашақта да жалғасын таба береді» деді қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметкері Г.Исмағұлова.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы