Біліктіліктерін арттырды
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасы ағымдағы жылғы 8 маусым мен 19 қараша аралығында азаматтық қорғау саласында біліктілікті арттыру курстарын өткізді.
Бұл туралы аталмыш департаменттің баспасөз қызметі хабарлады. Карантиндік іс-шараларға байланысты оқыту қашықтықтан жүргізілген. Курстар жұмыс күндері департаменттің «Азаматтық қорғаныс» сыныбында «ZOOM» қосымшасы арқылы өткізілген. Оған департаменттің құрылымдық және ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің қызметкерлері тартылған. Оқыту курстары тыңдаушылардың бірнеше санаты бойынша ұйымдастырылған. Атап айтқанда, қалалардың, аудандардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия мүшелері; қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері және олардың орынбасарлары; қалалық және аудандық әкімдіктердің лауазымды тұлғалары; еңбек және демалыс сауықтыру лагерлерінің қызметкерлері; азаматтық қорғау құрылымдарының командирлері; мектепке дейінгі мекемелердің меңгерушілері; қауіпті өндірістік объектілердің басшылары және олардың орынбасарлары оқытылған.
Курс барысында бейнероликтер мен презентацияларды қолдану арқылы түрлі тақырыптардағы дәрістер оқылған. Сабақ кестесіне сәйкес өрт-техникалық орталығының мұражайы бойынша Виртуалды тур өткізілген. Қорытынды тестілеу нәтижелері бойынша тыңдаушыларға курстан өткені туралы сертификаттар берілген.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы