Халал сертификат алу жолдары түсіндірілді

Оралдағы орталық мешітте «Адал ас – халық таңдауы» атты семинар өтті деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстандағы баспасөз қызметі.

Аталмыш шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Халал өнімдерін стандарттау бөлімі «Халал даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Асхат Асылбековтің бастамасымен ұйымдастырылды. Оған облыстық орталық мешіттің бас имамы Мұратбек Қыстаубаев қатысып, семинарға келгендерге сәтттілік тіледі. «Халал даму» ЖШС-нің Батыс Қазақстан облысы облысы бойынша өкілі Асхат Асылбеков семинарда адал астың пайдасы, сақтану жолдары турасында насихат айтты. Шараға қатысушылар Асхат Асылбекұлына өздерін толғандырған сауалдарды жолдап, тұшымды жауаптар алды.

Семинарға облыстық дін істері басқармасының өкілдері, қала тұрғындары, мен ардагер әжелер қатысты. Шара барысында Асхат Асылбекұлы Орал қаласындағы кәсіпкерлерге халал сертификатын алу жолдарын түсіндіріп, тағамдары үнемі тексеруде болатындығын да ескертті.

Еске сала кетсек, өңірімізде бірқатар тауар өндірушілер өз өнімдеріне «Халал даму» ЖШС-ның сертификатын алған.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы