Ауыл имамдарын қолдап келеді
Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданына қарасты Талдықұдық ауылындағы мешітке тағайындалған жаңа имамға баспанамен қоса көтерме қаржы да табысталды.
Қуанышты жаңалықты Жалпақтал ауылдық мешітінің баспасөз қызметі хабарлады. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан аталған ауылдағы мешітке имамдық қызметке ҚМДБ–ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен «Орал» медресесі колледжінің түлегі Темрешов Ержан Сапарғалиұлы тағайындалды. Жаңа имамды жергілікті жамағатқа Жалпақтал мешітінің бас имамы, дінтанушы Тілек қажы Нұралиев таныстырды. Сонымен қатар Тілек қажы Нұралиевтің ұйымдастыруымен жас имамға баспана беріліп, көтермелеу мақсатында 300 мың теңге қаражат табысталып, игілігін көрсін деген ниетпен азын-аулақ ірі қара мен қой малы керегесіне байланды.
«Бүгінде халқымыздың ұлттық дәстүрімізбен біте қабысқан асыл дінімізге деген көзқарасы артып отыр. Жергілікті әкімшілік соңғы кезде дін саласы мамандарына жақсы көңіл бөліп келеді. Қазталов ауданына қарасты алты мешіттің имамдарына Жалпақтал мешітінің бас имамы, дінтанушы Тілек қажы Нұралиев әр кез қолдау көрсетеді. Аудан әкімшілігімен келісе отырып, олардың еңбекақысын оңтайлы шешті» делінген баспасөз хабарламасында.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы