Бесік жырын білесіз бе, жас ана?

«Бесік жыры» – қазақ халқының дүниетанымынан маңызды орын алатын ерекше әуен. Жәй ғана әуен емес, тұтас ұлттың болашағына септігі тиетін аса қажетті тәрбие құралы десек артық айтқандығымыз емес. Кезінде батыр Бауыржан Момышұлы қорқатын қарекетімнің бірі – бесік жырын айтпайтын аналардың көбеюі деген. Баһадүрдің қорқынышы орынды. Сондай-ақ, «Туғанда дүние есігін ашады өлең…» деп осынау баға жетпес құндылығымызды шумағына қосқан Абай да бесік жырымен өскені белгілі. Ендеше, талай алыптың, ақынның, батырдың, данышпанның тәтті ұйқыға батуына оң әсерін берген бесік жырының маңызы ешқашан жойылмайды. 

 Назарларыңызға сан алуан бесік жырына келетін әуендерді ұсынамыз.

Әлди, әлди, балашым,
Әлдилейді анашың.
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой.
Әлди, әлди, әлди-ау,
Әлди, әлди, әлди-ау. 

Әлди, әлди бөпешім,
Әнімді айтып берейін.
Аялап, сені жүрейін,
Өскеніңді, көрейін. 

Былдырлаған тіліңнен,
Айналайын бөпешім.
Таптым, бақыт өзіңнен,
Ұйықтай ғой, енді көкешім. 

Ауылым көшіп барады алмалыға,
Кім көнбейді тағдырдың салғанына.
Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Ата-анамның хабарын алмағалы.
Ай-ай, бөпем,
Кейін қалған елімді
Көрер ме екем!

Туған жердің сағынып топырағын,
Көз алдыма келеді сол тұрағым.
Ата-анамды аяулы аңсағанда,
Ақ бөпемді аялап отырамын. 

 

Айым болып тудың ба?
Күнім болып тудың ба?
Ата жолын қудың ба?
Әке жолын қудың ба?
Бұл дүниеге келген соң,
Сұрауы бар судың да. 

Қуанышым, арай жүз
Сөйлесерміз талай біз
Бар ағайын жиналып,
Мәз боп саған қараймыз
Сендей бала ешкімде
Болмаған деп санаймыз.