Мекеменің жұмысы зерделенген

 

Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бүгінде 54 адам қызмет алуда. Оларды оңалту және сауықтыру мақсатында жеті бағытта қызмет көрсетіледі.

Бұл туралы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісіне қатысқан Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысы Сатхан Төлегенов мәлімдеді. Орталық қызметінің ағымдағы жағдайын зерделеу бағытындағы мониторингтік топ жұмысының нәтижелері мәлім болған жиында Сатхан Досмұханбетұлы әлеуметтік мекеменің тынысынан хабардар етті.

Орталық қызметіне мониторингі жүргізу барысында қолданыстағы Заңнамалардың қолдану тәртібі зерделенген. – Орталықтың жобалық қуаттылығы – 70 төсек-орын. Қазіргі уақытта 54 қамқоршы қызмет алуда. Олар – І, ІІ, ІІІ топтағы және бала кезінен мүгедек балалар. Орталықтың штаттық саны – 181 бірлік, нақты 158 адам жұмыс жасайды, оның екеуі – мүмкіндігі шектеулі тұлғалар. Орталыққа 52 бақылау камерасы орнатылған, – деді департамент басшысы.

Белгілі болғанындай, Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілеріне әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі. Қамқорлықтағы балалар оңалту және сауықтыру іс-шаралары кешенін алады.

Орталық қызметін зерделеу бойынша мониторингтік топ мекемеге қызметтерді уақтылы және сапалы көрсету, қорғаншылық органдармен жұмысты күшейту, мектеп мұғалімдерімен байланысты жақсарту секілді бірқатар ұсыныстар білдірген.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы