Оралдық студент жеңімпаз атанды
Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенті Алина Қасым «Қазақстан Республикасы колледждерінің «ТОП-100 студенті»» жобасына белсене қатысып, республикалық байқауда топ жарды.
Бұл туралы хабарлаған Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жоба елімізде екінші жыл өткізіліп отыр. Үздік әрі белсенді студент, болашақ информатика пәнінің оқытушысы Алина Қасым республикалық байқауда 4-орынды иеленген. Жеңімпаздарды онлайн-конференция арқылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова құттықтап, студент жастарды ашық диалог алаңына шақырып, олардың өз ойларын ашық әрі еркін жеткізулеріне мүмкіндік туғызған.
«ҚР колледждерінің ТОП 100 студенті» жобасына қатысып, өңір мақтанышына айналған үздік студент Алина Қасымды облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева арнайы құттықтап, ҚР Білім және ғылым министрінің дипломы мен 100 мың теңгенің сертификатын және өз атынан алғыс хат табыстады. Басқарма басшысы жеңімпаздың алдағы уақытта өз ісінің шебер маманына айналарына сенім білдірді. Ал Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бахишева білім ордасының мәртебесін асқақтатқан шәкірттеріне жобаға қатысқанын растайтын сертификат пен Орал қаласындағы №50 жалпы білім беретін орта мектепке жұмысқа орналасуға жолдама табыстады.
Өңірімізден байқауға қатысқан өзге студенттерге алғыс хаттар табысталды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы