Жаңа баспана – тұғындар игілігіне

Батыс Қазақстан облысында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай тоғыз қабатты 198 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс әкімі Ғали Есқалиев пен Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков баспаналы болған отбасылардың қуанышына ортақтасып, атаулы мерекемен құттықтады.

 

 

Аталған нысан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Оралдағы Зашаған кентінде бой көтерді. Жалпы көлемі 5673,87 шаршы метрді құрайтын зәулім үйдің құрылыс жұмыстарын «Болашақ-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы: – «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асырылуда. Осы бастаманы орындау барысында Қазақстанның барлық қаласында ай сайын әлеуметтік үйлер тапсырылуда. Тұрғындар игілігіне берілетін 198 пәтердің 99-ы көпбалалы отбасыларға тиесілі. Көптен баспана кезегінде тұрғандар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да, жетім балалар да назардан тыс қалмады. Биыл мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысына 17 млрд.-тан аса қаражат бөлінді. 17 тұрғын үй құрылысы басталды. Ауылдарда 474 пәтер салынуда. Алдағы жылдың басында халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Ақжайық» шағынауданының құрылысын бастаймыз. Баспаналарыңыз құтты болып, үлкен қарашаңыраққа айналсын, – деп, жаңа пәтер иелеріне кілттерін табыстады.

Салтанатты шарада сөз алған жаңа баспана иелері мемлекеттің қолдауына ризашылықтарын білдіріп, мемлекеттік бағдарламаларды оңтайлы жүзеге асырып отырған облыс және қала басшыларына алғыстарын жеткізді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы