Астанада «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясы басталды
Бүгін Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясы өтіп жатыр. ҚР Сенаты мен Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырып отырған ауқымды шараға дүниежүзінің 50 мемлекетінен 200-ге тарта делегат қатысып жатқанын айта кетейік. Төрт тақырыпты қамтитын панельдік сессияларда халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саясаткерлер мен азаматтық қоғам өкілдері, т.б. тұлғалар өз ойларымен бөліспек ниетте. Жалпы отырысты ҚР Президенті Н.Назарбаев бастап берсе, жиынды ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев жүргізеді. Ал, сағат түскі екіден бастап өтетін панельдік сессияларда төмендегідей тақырыптар сөз болмақ:
- Ядролық қарусыз немесе соғыссыз қауіпсіздік: «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесі (Модератор: Е.Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі)
- «Ядролық сынақтарға тыйым салу және БҰҰ-ның ядролық қарусыздануға қол жеткізудегі рөлі» (Модератор: Алын Вэр, PNND Жаһандық үйлестірушісі)
- «Ядролық қаруға ұлттық деңгейде тыйым салу және ядролық қарудан азат аймақтар. Орнықты әлем географиясы» (Модератор: Тариа Кронберг, Орта Қуаттылық Бастамасының Төрағасы, PNND экс-президенті)
- «Бастамалар мен іс-қимылдар – заң шығарушылар, діни лидерлер және азаматтық қоғам» (Модератор: Джонатан Грэнофф, БҰҰ Әлемдік діндер Парламентінің елшісі, Нобель Бейбітшілік сыйлығы саммитіндегі БҰҰ өкілі.
Cондай-ақ, форумнан 200-ден астам отандық және әлемнің 25 елінен келген 50-ге жуық БАҚ өкілдері хабар таратып жатқанын естеріңізге саламыз.
«ЕлАна» хабарлайды