Сөз сайысына түсті

Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығында пікірсайыс турнирі өткізілді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орайластырылған сөз сайысына білімді де болашаққа сенімі мол оқушылар қатысты. Белгілі бір ереже бойынша қарсы тарап өз позициясын қорғап, көпшілік алдында сөйлейтін пікірсайыстар жастардың ораторлық қабілеті мен ойлау жүйесін дамытады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, пікірсайыс форматындағы шара бірнеше қарар бойынша өткен. Атап айтқанда, қатысушылар «Бұл палата мектеп оқушыларының бос уақыттарын ұйымдастырудың тиімді жолын ұсынады», «Бұл палата тарихтағы ең үздік лидерді көрсетеді», «Бұл палата әлеуметтік желілердің пайдасынан зияны басымырақ деп есептейді», «Бұл палата жастар санасын не улап жатқанын көрсетеді», «Бұл палата қазақстандық мектеп түлектері өз қалауындағы мамандықты дұрыс таңдай алмайды деп есептейді» деген қарарлар бойынша өздерінің ұсыныс-пікірлерін ұтымды оймен ортаға салды.

Сайыс нәтижесінде өз білімдері мен біліктіліктерін көрсеткен Әлия Сатбалдиева мен Аяулым Амангельдиева үшінші орынға тұрақтаса, Зарина Бозова мен Латифа Мыңжасарова екінші орынды иеленді. Ал бірінші орынға Аида Ғиниятова мен Аружан Малқайдар лайықты деп танылды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА