ХАЛЫҚ, ДІН, ДӘСТҮР ҚҰПТАМАЙТЫН ЗАҢ КІМГЕ КЕРЕК..?!
немесе жыныс ауыстыру деген сұмдықты кім жасап отыр?
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!
Баяғыда үлкендер «Біз не көрмедік» деп әңгіме тиегін ағытып отырғанда, таңданыспен қарап, кей сөзіне сеніп, кей сөзін жүре тыңдап кете беретін едік. Жастық екен ғой. Өзіміз де үлкейдік. Көп нәрсені көрдік, көп нәрсені сездік. «Күлме досқа келер басқа» дегеннің кебін бастан кешіп отырған жайымыз бар. Ертеректе бір апамыз, «Біз әбден тойынған кезімізде жылқының еті мен шошқаның майы араласқан колбаса жегенбіз» деп астамшылықтың да қасірет екенін сөз еткеніне куә болғанмын.
Ұлттық рухы жоқ шенеунікті билікке жақындатпа!
Сол кісі айтпақшы, қазақ, қазақ болғалы, тәуелсіздік алып еңсеміз көтерілгелі бізде асылықтың, астамшылықтың түр-түрін көріп келеміз. О, тоба! Әлмисақтан мұсылманмын дейтін бабалардың бүгінгі ұрпағы – биліктегі шенеуніктер бәріне көз жұмып қашанғы отыра бермек? Ата-баба дәстүріне жат, дінімізге қайшы әрекеттер елдігімізді еңіретіп, жерімізді күңірентіп кетпесіне кім кепіл?! Ғаламдық үдеріс деген сөзге малданып, біз осы қайда кетіп барамыз? Алдамызда не күтіп тұр! Осыған бас қатырып жатқан шенеунік көрсем көзім шықсын! Бар шығар «елім дейтін ер азамат», бірақ үндері неге шықпайды осындайда? Жау кеткесін қылышты тасқа жанығаннан не пайда?
Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың дегендей, көре-көре көзім жеткені бізде шенеуніктер елдің ойы мен халықтан тым алыстап кеткен. Мемлекеттік басқаруды бизнес жоба ретінде қарайды. Бірақ ол шешімдер халықпен байланысқан рухани дүниелер сүзгісінен өтпесе, түбі жақсы болмайтынын терең сезінбейді. Мұның арты жақсылыққа апарып соқпасына да көңіл аудармайды.
Өйткені шенеуніктердің көбісі кешегі кеңестік кезеңнің қамшысы тигендер. Біразын тәуелсіздік өсірген, бірақ өздерінше есірген «түлектер». Олардың бірталайының тілі көрші мемлекеттің тілінде шыққан. Сондықтан да, сол жаққа қарай қисая кетуге бейім тұрады. Адам қай тілде ойласа сол тілдің өкілі. Соның жоқтаушысы. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Қазақтың заңғар жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Қазақтың тілін, ділін, дінін білмейтін адамды билікке жақындатуға болмайды» деген сөзін қаперге алған шенеунік бар ма бүгінде?
Енді соның тақсіретін тартудай-ақ тартып жатыр қазақ ұлты. Себебі тілден мақұрым, діннен шақырым алшақ дүмшелер, ойларына келгенін жасап бағуда. Ұлттық танымнан, ұлттық дәстүрден, ұлттық салт-санадан ажыраған сәттен бастап, қазақ қазақтығын жоғалтады. Мұны бүгінгі билік ескеруі тиіс. Егер ғаламдық ұлтқа айналуды көксесе әңгіме басқа! Алайда ондай атты күн туса, қойдан жуас қайран қазағын сағына еске алары сөзсіз! Себебі тамыры тереңде жатқан қазақ тектілігі әлі күнге «ұят болады», «сабыр, сабыр» деген ізеттіліктің ауылынан түп қотарыла көше қойған жоқ. Мемлекеттің іргесінің де шайқалмай, анау-мынау өкпе-наздың да байқалмай жатуы сондықтан. Әйтпесе, намысы мен жігерін жаныса, сенген адамын дұшпан деп таныса қазақты ұстап тұру қиын. Не селдей жайпап өтеді, не қайырылмай тура тартады…
Біздің елде қазір не болмай, не өзгермей, не сатылмай жатыр? Әділетсіздік те, жағымпаздық та, жемқорлық та үдеп барады. Жоғары жақта күнде ауыс-түйіс. Ауыс-түйіс дегеніміз алыс-жұлыс. Қарапайым жұрт ештеңе сезбейді десе билік қатты қателеседі. Ол жақтағы кландардың тартысы мен шарпысуы, бір мәмілеге келе алмай арпалысуы халықтың көз алдынан өтіп жатыр. Оның қаншаға дейін созыларын бір Алла ғана біледі.
Ауыс-түйіс демекші, енді жетпегені адамның жыныс мүшесін ауыстыру еді. Оған да алғашқы қадам жасаппыз. Басында сенбегенмін. Әлеуметтік желі қауға тиген өрттей лапылдағасын ақ-қарасын анықтауға тырысқан едім. Жамандық жерде жата ма, рас болып шықты.
Енді біздің елде де кез келген адам жынысын ресми түрде өзгерте алады. Мұны Денсаулық сақтау министрі Цой растап, өзі қол қойыпты.
Тайпалған заңның тайғанақ тұстары көп…
Алайда, отаға барар алдында олар психиатр мен медициналық тексеруден өту керек және арнайы комиссия құптауы қажет көрінеді. «Алайда, таңғалудың қажеті жоқ. Заңға сәйкес елде жыныс ауыстырам деушілерге рұқсат сонау 2003 жылы-ақ берілген еді. Казір тек өзгерістер енгізіліпті. Басты талап жасы 21-ден асуы керек» деп жатқандар бар. Осының өзі-ақ біздің халықтың заңға деген селқостығын, бейқамдығын көрсетіп тұрған жоқ па?!
Бүгінгі медицинаның дамығаны соншалық, адамның кез келген ағзасын қиналмай ауыстыратын жағдайға жетті. Өкпе, жүрек, ұйқы безі, бауырды ауыстыру былай тұрсын, қазір әйелді – еркекке, еркекті – әйелге айналдыру да түк болмай қалды. Қорқыныштысы сол, соңғы жылдары жаратылыстың заңына қарсы шығып, өзінің жынысын ауыстыруға ынта білдіргендердің қатары көбейгені. Бұрын қоғамға жат мұндай көріністер тек Батыс елдеріне тән секілді көрінетін. Сөйтсек, күллі әлемді алаңдатып отырған бұл кесапат Қазақстанды да айналып өтпепті. Еліміз заң жүзінде рұқсат берген 2009 жылдан бері елімізде бейресми дерекке жүгінсек, 100-ге тарта адам жынысын ауыстырып үлгерген. (Бұдан да көп дейтіндер бар). Біз қазір байбалам салып жатқан мәселе осыдан 11 жыл бұрын іске қосылған.
«Қазақстан Республикасы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодекстің 88-бабында «Психикасының бұзылуы (ауруы) бар адамдардан басқа жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамның жынысын ауыстыруға құқығы бар» делінген. Сондай-ақ құжатта «жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу қағидаларын уәкілетті орган белгілейтіндігі» көрсетілген. Демек, психологиялық ауытқуы жоқ, бірақ жынысына сәйкес келу жағынан ауытқуы бар адам жынысын ауыстыра алады. Жынысын ауыстыруға ықылас танытушылардың қатары көбеюіне де осы бап себеп болған сияқты. Бұл бапты алға тартқан талай трансгендер жынысын ауыстыруға бел буатыны сөзсіз. Кезінде осы бапқа қатысты қоғамдық ұйымдар қарсылық танытқан. Депутаттар бұл бапты қалай қабылдап жіберген деп те шулаған. Алайда мәселе онда емес. Мәселе жынысын ауыстырғысы келетіндер квотамен тегін ауыстыра алатындығында болып тұр ғой. Олай болса, біздің есіміз жаңа кіріп жатқаны қалай? Жарайды мұны қоя тұралық.
Денсаулық министрі қол қойған заң мына сілтемеде тұр. Орысша! https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=33096076#pos=0;0 Неге осы заң Парламентке енгізілгенде халыққа ескертіліп, тіпті халықтың көзқарасы қандай деген сұрау жүргізілмеген? Ол жерде қазақтың қаншама марқасқасы отыр шіреніп, тым құрыса солардың біреуі «Біз мұсылман халықпыз ғой, елімізде бейресми мәліметке сенсек, тұрғындардың 80 пайызы мұсылман көрінеді. Бұл заң жобасы дініміз бен ділімізге, жалпы мұсылмандардың ар-ожданына нұқсан келтіріп, ата-баба ұстанымына қайшы әрекет болып жүрмесін» десе аузы қисайып қала ма? Әлде оны айту үшін де жоғарыдан пәрмен керек пе?
Сынықтан басқаның бәрі жұғады дейді қазақ. Өзгелердің қаңсығы бізге қашанғы таңсық бола бермек? Ұлттық намыс қайда? Ұлттық рух қайда?
Осыдан үш жыл бұрын еркектен әйелге айналып, ашыналардан ақша бопсалаған тараздық трансгендердің оқиғасы ел есінде шығар. Хасаннан Викторияға айналған азаматты сот көп уақыт қай түрмеге тоғытарын білмей, дал болғаны да жадымызда. Кейін, сот көп ойлана келе әйелдердің қасына жіберген-ді.
Осының өзінен-ақ бізде көп нәрсенің батысқа еліктеуден, өзгелерге ұқсауға деген құштарлықтан туатынын аңғару қиын емес. Біздің бұл кейпіміз машинадан бұрын доңғалақ жасап қойғандай күлкіге шақыратын қылық екенін қалай айтпай кетерсің!
Жыныс ауыстыруды заңмен қолдау – билікке сын!
Әрине, жыныс ауыстыру біздің елде ғана емес, Еуропа, басқа мемлекеттерде де қоғамға жат әрекет ретінде қаралады. Оған қарсылық білдіруші жұртшылықтың қарасы да көп. Тіпті жыныс ауыстыруға ниеттілердің қатарын азайту үшін транссексуализмді халықаралық аурулар жіктемесінен алып тастауды ұсынғандар да баршылық. Алайда әзірше ол мүмкін болмай тұр.
Жалпы жыныс ауыстыру бойынша Үндістан, Тайланд көш бастап тұр деген ақпарат бар. Еркекті әйелге, әйелді еркекке айналдыру жағынан Иран да Тайландтан қалыспайды екен. Мұнда шамамен жылына 500-ге жуық жыныс ауыстыру отасы жасалады. Теократиялық Иранда бұған қалай рұқсат берілгені түсініксіз. Біздің білетініміз, аурулар мен денсаулыққа байланысты мәселелердің халықаралық жіктемесінде транссексуалдық әрекет психикалық ауытқушылық ретінде осы тізімге енгізілген. Көптеген елдердің оған ауру ретінде қарап, жыныс ауыстыруға рұқсат беретіні сондықтан болса керек.
Ал біздің қоғам бұған қалай қарайды? Оны уақыт көрсетер. Дегенмен, жүрегі елім деп соғатын, көңілі халқым деп тұратын қазақ баласы бұл жаңалықты құптай қояды дегенге мен сенбеймін. Бұл заңды кері қайтаруға ел болып жұмылу керек.
Жыныстық мүшені ауыстыру дінімізде – Алла Тағаланың жаратылысын өзгерту болып саналады. Және шариғатымызда әйелдердің еркекке, еркектердің әйелге ұқсауына қатаң түрде тыйым салынған. Иә, көпшілік бұл тұрғыда ҚМДБ-ны үнсіз жатыр деп кінәлауда. Ол дұрыс та шығар. Осындайда оқ жыландай атылып, ақ пен қараның ара жігін ашуға белсенділік көрсетсе жарасар еді. Өйткені жоғарының қас-қабағын бағуда діни басқарма да алдына қара салмай тұрғаны өкінішті. Алайда Қазақстанда жыныс мүшесін ауыстыруға байланысты 2016 жылы пәтуә берілгенін еске сала кетейін. Онда былай деп жазылыпты.
«Қазіргі заманауи медицинада адамның жыныстық ағзаларын ауыстыру өзекті мәселелердің біріне айналды. Шариғи тұрғыдан жыныстық мүшені ауыстыруға тыйым салынады. Оған төмендегі мына аят-хадистер айғақ болады.
1) Жыныстық мүшені ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Себебі, мұндай сорақы іс-әрекет Ібіліс шайтанның діттеген мақсатына кіреді. Алла Тағала Құранда Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкендігін ескертеді:
﴿وَلآمُرَنَّهُمْ فَلَيُغَيِّرُنَّ خَلْقَ اللَّهِ﴾
«Мен, оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп, сөзсіз, әмір етемін».
2) Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты», – деген.
3) Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ал шариғатымыз мұндай сорақы істі харам еткен. Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт пайғамбардың дәуірінде жасалған азғындықтың жалғасы.
Дүниежүзілік мұсылман Лигасына қарасты Ислами Фиқһ Академиясы өзінің он бірінші отырысында осы мәселе жөнінде: «Аталық жыныс мүшелері толық жетілген ер кісінің немесе аналық жыныс мүшелері толық жетілген әйелдің жыныс мүшесін қарсы тараптың жыныс мүшесіне ауыстыруы – харам іс. Бұл үлкен күнәлардың қатарына жатады. Мұндай сорақы іске қадам басқан адам жазаға лайық болады. Өйткені бұл іс Алланың жаратқан жаратылысын өзгерткенмен тең», – деген шешім шығарған.
ҮКІМ:
Шариғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жыныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйелдің жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыруы – харам.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.
Өкінішке орай бұл пәтуаға мойын бұрған жан көре алмай тұрмын.
Халықпен санаспау билікке абырой әпермейді
ТҮЙІН: «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген қазақ не деген данышпан еді. «Тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді», деген екен бұрынғылар. Тап соның кебін киіп отырмыз. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қол қойған қаулыға ел дүрлігіп қалды. Өйткені «жыныс ауыстыру» деген нәрсе ата дәстүрімізге де, дінімізге де, ұлттық менталитетімізге де келмейді. Бұл болашаққа да игі жол ашпайды. Халық әлеуметтік желі арқылы шулап жатқанда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев неге үнсіз отыр? Тұңғыш Президент, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев неге селт етпейді. Неге үкімет жауап жазбайды? Депутаттар неге тым-тырыс! Муфтият қайда қарап жүр?
Мен ана болғандықтан, өзімді халықтың бір бөлшегі санағандықтан ұрпағымыздың, мынау қоғамда бұзылып кетіп, адасқандар мен қызтекелер қатарына қосылып, жынысын ауыстырып жүргенін қаламаймын. Тоқтау салмасақ, болашақтан үміт жоқ деп санаймын. Оянатын уақыт енді келген сияқты. Халықтың жан айқайына билік құлақ түр енді!
Мынау масқараға еш қазақ бей-жай қарай алмайды. Мұндай биліктің саясатынан болашақ ұрпақ не күйге түсетінін біліп отырған да шығарсыздар? Енді салт-дәстүр, қан тазалығы бұзылады. Қазақ деген текті ұрпақтың келешекте «тектіміз» деп айтуға тілі күрмеліп, тіпті «Әлһамдулиллә мұсылманмын» деп айта алмайтын күйге түспесе не қылсын. Бұл жағдайға бей-жай қарап отыру қазақ баласына опасыздық, сатқындық деп санаймын!
Сондықтан ардақты халқым, жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары бар. Елдігімізді көрсететін сәт туды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, биліктен мұндай өрескел заңның қайта қаралуын талап етуіміз керек. Өскелең ұрпақ үшін, жеті атамыз естімеген жат әрекеттен тиылу үшін.
«Астана қаласында 1 миллиард 519 миллион 285 мың теңгеге мәйітті өртейтін крематорий салынбақшы. Бұл қалай? Біз өлігін өртейтін Үндістан емеспіз!» деп айқайлап шыққанымыз кеше ғана. Оған да нақты жауап алынған жоқ. Демек, бөлінген қаржы игеріледі деген сөз! Соған қарағанда билік «халық улап-шулап қояды. Біз өз ісімізді жалғастыра берейік» дейтін тәрізді ме қалай? Денсаулық сақтау министрі Цой мырзаның өткенді қотарып, жаңаны ақтарып жатқан мына ісі соның жарқын мысалы деуге тұрарлық.
Батысқа телмірмей-ақ, өткен күндерге бір барлау жасап көрейікші. Шамамен 2015 жылы жынысын ауыстырған полицей оқиғасы шу болып, елді бір дүрліктіріп еді ғой. Құқық саласында он жылдай қызмет еткен әйел адам жынысын еркекке ауыстырғанын естіген жұрт жағасын ұстаған. Бәлкім, бұл оқиға да жабулы күйінде қалар ма еді, егер әлгі полиция қызметкері жұмыстан қуылмағанда. Бұрынғы Вика, қазіргі Виктордың қазақ болмағанына іштей шүкір еткеніміз рас. Жұмысын даулап жүрген ол арасында жынысын, тегін ауыстырғанын да айтып қалғаны есімізде.
Жынысын ауыстырғысы келген тағы бір қазақстандық Адам құқын қорғау жөніндегі ұлттық орталықтың есігін қаққаны жұртшылықтың есінде болар. Өмірге әйел болып келген ол уақыт өте келе еркек болғысы келетінін сезінген. Бұл ой әбден маза бермегеннен кейін ол дәрігерлерге көмек сұрап барады. Бірақ ақжелеңділер оған көмектесуден бас тартып, райынан қайтаруға үгіттейді. Дегені болмай, амалы таусылған әйел ақыры Адам құқықтарын қорғау орталығына жүгінген. Бұл орталықтың заңгерлері осы жөніндегі халықаралық құжаттарды ақтарып, тиісті министрліктермен ақылдаса келе, ақыры әлгі әйелге жыныс ауыстыру отасын жасауға рұқсат алып берген.
Олай болса, мына заңның екпіні күшті. Күні ертең жыныс мүшесін ауыстырғысы келген кез келген адам БҰҰ-ға шағымдана алады. Ол жаққа шағымданса, оның талабы мен тілегі де ескеріледі. Басқа шығынымыз аздай енді, жыныс ауыстыратындармен күресуге, олардың оталарына квота бөлуге қаншама қаржы кеткелі тұр.
Елдегі қымбатшылықты ауыздықтауға, әлеуметтік жағдайды реттеуге, көп балалы отбасыларды қамқорлыққа алуға қимаған миллиардтарды харам іске жұмсасақ, ата-баба аруағы да бізді кешіре қоймас. Күні бүгінге дейін жұртшылыққа әшкере болмай, жасырын жасалып жатқан операциялар қаншама? Өйткені бәрі заң аясында тұр. Қорғаны күшті.
Осы ретте Президентке де датым бар!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз ел президентісіз! Зиялы отбасынан шыққан тұлғасыз! Сіз ата көрген, әжесінің соңынан ерген, көне көздердің тағылымын бойыңызға сіңірген, елге белгілі азаматтардың сөзін естіген, қазақтың ұлттық болмысынан ажырамаған, өткен тарихтан хабары бар адамсыз! Қазақ деген халықтың зарлы кезеңі де, мұңлы тағдыры да, еңсе көтеріп тіктелген уақыты да санаңызда жаңғырып тұрғаны сөзсіз.
Алланың қалауымен Сіздің пешенеңізге «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқына, киелі даласына билік жасау бұйырыпты. Бұл – өте жауапты кезең. Тарихта ұлы даладай ұлы болып қаласыз ба, дүние-малдың құлы болып қаласыз ба, бәрі өз қолыңызда тұр. Өйткені бүгінгінің бәрі тарих!
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза! Ел ерге қарағанда, ер жерге қарамасын десеңіз, «жыныс ауыстыру» деген қазаққа жат, дінге қайшы, дәстүрден алшақ дүниенің өршуіне жол бермеңіз. Мұны қалың еліңіз, қазағыңыз, Сізден талап етеді! Иә, Қазақстан көп этносты мемлекет. Ата-бабасынан бері мұсылман ел. Және жерімізді мекендеген ағайын-жұрттың да көбі мұсылман. Қазақ ешкімді алаламай, жатырқамай бауырына басып келген халық. Әйтсе де бұл жердің иесі мен киесі барын есіңізден шығармасаңыз екен.
Ұлттық құндылық жайлы, ұлттық кодымыз жайлы, ұлы дала қасиеті туралы «рухани жаңғыру» тұрғысында Тұңғыш президентіміз, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтудай-ақ айтып келеді. Ондағы мақсат: ұлы даладағы ұлы халықтың – бабалар аманатына адалдығын дәріптеу. Сол жолда қызмет ету!
Егер де «жыныс ауыстыру» заңы күшіне еніп, ұлы даланы шарлап кетсе – Елбасының игі ісіне көлеңке түсе ме деп қорқамын, ағайын! Бұл қадам бәлкім, «Көзі жоқтың өзі жоқ» деп ұлы істерді тұқыртуға әдейі жасалып жатпасына сенім бар ма?
Жұмыс барысымен ұшақта, пойызда, көлікте көп жүремін. Кей жаңалықтарды кеш естіп жатамын. Сондай оқиға кеше де орын алды. Әлеуметтік желі де бозторғайдай шырылдап, халықтан қолдау күткен Сардар Әбдіжақия атты азамат:
«Қазақ халқын жынысын ауыстырып, мұсылманшылықты ұмыттыратын мүмкіндік жасаудың еш қажеті жоқ! Қазақ ұрпағын жою мақсат емес шығар деп ойлаймын.
Жынысын ауыстыруды Корея жасауы мүмкін, Қазақстан ондай опасыздыққа бармауы керек!» деп жазып жатты. Оның жазбасын оқып, «Сабыр балам, сабыр» деп тоқтам айттым. Тіпті қатты кетіп бара жатқасын сөзге де келіп қалдық екеуміз. Сол әбес қылығым үшін одан кешірім сұраймын қазір. Себебі ұлтжанды азаматтың «Ұлтым деп шырқыраған дауысына үн қосудың орнына, қолдаудың орнына, кері тартып бөгет болғаным жарамады негізі. Мұндай мәселеде қалың қазақ бірігіп іс қылмаса, бәрі бекер. Осыны ағайын, естен шығармасақ екен. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды ғой ешқашан.
Басында «Бұл мүмкін емес деп ойладым. Өйткені билік басында дүйім қазақ отырып, осындай ақылға сыймас әрекетті халыққа жария ету – ұлтты басыну ғой» деген ойдың жетегінде жүрдім. Тіпті билікке жақын деген кей таныстарыма хабарласып, ақ-қараның жігін ашып алғым да келді. Олар «Адамдар донорлықпен шатастырып жатыр-ау. Мұндай хабарды естімедік» деп жауап берді.
Ақырында шындықтың беті ашылды. «Жынысын ауыстыру» жайлы дақпырт шындыққа айналды. Онсыз да еліміз небір жын-ойнақтың ошағына айналып тұр. Ұлттық тәрбиеден ажыраған ұрпағымыз сең соққан балықтай сенделіп жүр. Осындай өлара кезеңде «жыныс ауыстыруды» заңмен шегендеу, ат төбеліндей аз халыққа тауқымет қана емес – қасірет! Мұны билік саралайды деп ойлаймын. Халықтың үні – қай кезде де айбарлы да, айдарлы! Оны елеп-ескермеген биліктің болашағы да бұлыңғыр! Халық айтса қалып айтпайды. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң дейтін күнге аман жетейік, ағайын!
ПЫ-СЫ: Сөз соңында айтарым, құдайдың бір аты халық. Егер билік жергілікті жұртқа, осы даланың иелеріне құрметі болса бұл заңды парламентте қайта қаруы тиіс. Сонда ғана халықтың толқыны басылып, қабағы ашылып, алдағы күнге деген сенімі нығая түспек. Әйтпесе онсыз да ұнжырғасы түскен халықтың қытығына тие беру билікке абырой әпермейді.
Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері