«Ашық әкімдіктің» жұмысымен танысты

Жуырда Орал қаласына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев арнайы жұмыс сапарымен келді.

Бұл туралы мәлімдеген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі төрағаның Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевпен бірге шаһардың Зашаған кентіндегі «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының» ғимаратында орналасқан «Ашық әкімдік» филиалын аралағанын хабарлады. Орал қаласының әкімі Абат Абайұлы агенттік басшысын «Ашық әкімдік» жобасымен таныстырып, жұмысынан хабардар етті.

Еске сала кетсек, аталған филиал «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету» орталығы ғимаратында ағымдағы жылдың қаңтар айында ашылған болатын. Мұнда қала әкімі аппаратының кеңсесі, жер қатынастары бөлімі, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне қатысты мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар қосымша кеңес беру бұрыштары да жасақталған. Тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» және жер мен тұрғын үй кезегі бойынша кеңесшілер тұрғындарды қабылдайды.

Жалпы Орал қаласы бойынша «Ашық әкімдік» биыл жыл басынан бері 18 мыңның үстінде мемлекеттік қызмет көрсеткен екен. Агенттік төрағасы А.Шпекбаев филиалдан қызмет алушы азаматтармен әңгімелесіп, олардың бұл жобаға қатысты ой-пікірлерін тыңдады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы