Ой түйін

Жақсы келін немесе ене болу үшін, қайынжұрттың барлық сабақтарынан өту керек!
Қайын ата, қайын ене, қайнаға, қайнапа, қайын іні, қайын сіңілі барлығы, барлығы үлкен бір мектеп.
Қайын жұртты сыйлап, құрметтеудің өзі тәрбиелілікті, мәдениеттілікті, сабырлылықты, тіпті тектілікті қажет етеді.
Оны түсінбейтіндер, ешқашан түсінбейді!
Қайын жұртын:“Анауы өйтті, мынауы бүйтті, кеудемнен итерді, жанымды жаралады” — деп, жамандап өмірінің соңына дейін оларға ренжіп, өкпелеп жүретіндер көп.
Жүрегіңіздегі жылдар бойы сақталып келе жатқан “өкпе-реніш” өзіңізді ауру қылатынын естен шығармаңыз!
Жан-жарыңызды қатты жақсы көріп, сыйлап құрметтесеңіз, оның туыстарымен болған қандай бір жағдайды көңіліңізді түсіріп, ойға сақтай бермейсіз тіпті, ренішіңіз өзі-ақ, көп өтпей жойылып кетеді.
Қайын жұрт деген үлкен бір тәрбие!
Жақсылығын да, жамандығын да көріп, өзіңіз ой түйіп тәрбиеленесіз!
Үлкен ана болып отырған апалардың өзі қайынаға, қайынапа, қайын іні, қайынсіңілілерінің алдында қымсынып, келіндік әдепті сақтап, иба-ізет жасап жатады.
Қайын жұрт — бұл қазақтың үлкен бір өмір мектебі!
Осы мектептен тек жақсы нәрселерді ғана үйреніп шығу керек!
Кейінгі ұрпақтарға тек жақсылығын үйрету керекпіз!

Сосын әйел адамдар қайын жұрт деп айтпайды деген сөзге келіспеймін.
Осыған байланысты баспасөз бетіндегі көп мақалаларда әйел адам қайын жұртты — “Өз жұртым”, “Атам”,“Енем”, — деп “қайын” деген сөзді қоспай айту керек дейді де, әрі қарай ”қайнаға”, “қайынапа”, “қайным” “қайын сіңілім”-деген сөздерді әйелдер айтпайтын сияқты, түсіндірмей өтіп кетеді.
Мақала жазушының бұл мәселеде жетік білмейтінін көрсетеді.
Әйтпесе, баяғыда қызды үйінен ұзатар да, күйеу жақтан келген жігіттер, сәукелесін киіп ұзатылуға дайын отырған қызға келіп, үйдің жабығының сыртынан:
“Алып келген базардан қара насар, жар-жар-ау,
Қара мақпал сәукеле шашың басар, жар-жар-ау,
Мұнда әкем қалды деп қайғырмаңыз, жар-жар-ау,
Жақсы болсаң, қайын атаң орынын басар жар-жар-ау” — деп айтпас еді ғой!
Сонда қыз:
“Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау,
Ақ жүзімді көргендей айнам болсын жар-жар-ау.
Қайын атасы бар дейді осы қазақ, жар-жар-ау,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау” — деп жауап қайтарған.
Солай!
Негізі, үш жұрт бәрімізде бар!
Ой бөлісіңіз!
Өз жұртым(төркінім), нағашы жұртым, қайын жұртым.
Барлығы аман болсын!

Ләйле Дәулет.
“Алтын Алқа” иегері, көп балалы ана.