Батысқазақстандық волонтерлар сенімді ақтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен онлайн режимде өткен Волонтерлар жылының ресми жабылу салтанатына батысқазақстандық белсенді еріктілер де қатысты.

Бұл күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев байқау қорытындысы бойынша анықталған «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы мен «Жомарт жүрек» сыйлығы иегерлерін марапаттады. Бірнеше номинация аясында республика бойынша үздік деп танылған батысқазақтандық белсенді еріктілердің еңбегін атап өткен өңір басшысы олардың жыл бойы жасаған жұмыстарын жоғары бағалады.

Атап айтсақ, «Үздік әлеуметтік көмекші» номинациясы – «Волонтеры солнечного Уральска» волонтерлық тобының жетекшісі Ғалия Беккужиеваға тапсырылса, «Төтенше жағдайды жоюға белсенді қатысқаны үшін» Дулат Мақатов, «Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін» Мәдина Құспанова, «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін» Санжар Әжімұрат, «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» Талғат Чудобаев, «Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін» «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының жетекшісі Айболат Құрымбаев, «Жануарларды қорғау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін» «Хатико» жануарларға арналған баспанасының жетекшісі Әсел Садықова, «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» «Біз біргеміз» волонтерлық тобы (жетекшісі Айнұр Әліпқалиқызы) марапатталды. Ал «Жомарт жүрек» сыйлығы Құдайберген Сұлтанияровқа «Ерен еріктілік» номинациясы бойынша табысталды.

Өңірдегі волонтерлық жұмыстарды үйлестіруге жауапты болған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш мекеменің өзіне жүктелген жауапкершілікті ойдағыдай еңсергеніне разы.

– Батысқазақстандық сегіз волонтер «Жыл волонтері» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, республикадағы ең үздік көрсеткішке ие болдық. Жыл басында облыс әкімі Ғали Нәжмеденұлы волонтерлікті үйлестіру бойынша жауапты мекеме ретінде біздің басқарманы таңдағанда қорқыныш басым еді. Енді аймақтың белсенділерінен құралған үлкен волонтерлік қозғалыстың арқасында кез келген жұмысты атқаруға қорықпай кірісетін болдық. Сол үшін өңіріміздің әрбір волонтеріне «Біз біргеміз!» ұранын құр сөзбен емес, іспен дәлелдегені үшін алғысым шексіз, – деді Нұрхат Серікқалиұлы.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы