Эссе байқауы қорытындыланды

Оралда «Менің өлкемнің тарихындағы отбасымның тарихы» тақырыбындағы эссе байқауы өз мәресіне жетті.

Аталмыш байқауды Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының тапсырысы аясында облыстық білім басқармасының қолдауымен терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Эссе байқауына өңірдегі мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Басты мақсат – ұлттық дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасылық тәрбиені танымал ету, қатысушылардың өз отбасы мен туған өлкесінің тарихы туралы білімдерін кеңейту, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Байқауға 300-ден астам жұмыс қабылданып, олардың 16-сы үздік деп танылған.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев қатысып, жүлдегерлерді құттықтады. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі 3-орынды Лаура Аблаева (Қаратөбе ауданы), Әділ Мұқашев (Орал), Гүлнәз Талғатова (Қазталов ауданы) иеленді. Жүлделі 2-орынға Ботакөз Сапиева (Шыңғырлау ауданы) мен Ерасыл Сатыбалдының (Бөкей ордасы ауданы) жұмыстары лайықты деп танылды. Ал жүлделі 1-орынды Дильназ Дидарқызы (Жаңақала ауданы) жеңіп алды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы