Өнер додасынан олжалы оралды

 

Елордадан жеткен ақжолтай хабарлар Батыс Қазақстан жұртшылығын тағы бір мәрте қуантып, өңірдің мәдениет саласының мерейін үстеді.

Талай рет түрлі деңгейдегі аламан айтыстардан жүлдесіз қайтпаған жерлесіміз, айтыскер ақын Жансая Мусина жылдың басты додасы – ІХ республикалық «Алтын домбыра» айтысынан да олжамен оралды. Бұл жолы Жайықтың Жансаясы танымал меценат Дулат Тастекеев тағайындаған 2 миллион 400 мың теңге степендияға ие болды.

Құттықтауымызды қабыл алып, қуанышымен бөліскен ақын Жансая Мусина: – Биыл бұл үлкен өнер додасы тоғызыншы рет қатарынан ұйымдастырылуда. Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов үшінші мәрте «Алтын домбыра» жүлдесін иеленіп, жеңімпаз атанды. Өзім де айтыстан олжалы қайтқаныма ризамын. Жалпы айтыс – оңай өнер түрі емес, ал осы жолғы сөз сайысының салмағы одан да басымырақ. Бұл – жылды қорытындылайтын негізгі айтыс. Ақындар жақсы дайындықпен келген, бәріміз де мүмкіндігімізге қарай әзірлендік. Кіл жүйріктер аламан айтыста шама-шарқынша ой жарыстырып, тапқырлық танытты. Негізінен біздің бағамызды беретін халық, олар да телеарнадан өнерімізді тамашалап өздерінің ой-пікірлерін айта жатар, – деді.

Жалпы Жайықтың қыздарының осалы жоқ. Оған тағы бір дәлел – осы іс-шараның қорытындысында басықазақстандық ақындар Дариға Мұштанова мен Жібек Болтанованың «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталуы.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы