Ата заңын ардақтаған елміз

«Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген – құл болмайды» деп ержүрек батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, адамдардың заңның шегінен аспай, тек әрі тоқ жүріп, қоғамда өзін-өзі дұрыс ұстауы ел ертеңінің бір кепілі екені анық. Ал, біздің Отанымыз егемен ел, тәуелсіз мемлекет болғандықтан белгілеген Ата Заңымыз бар. Оның 1993 жылы жалпы жұртшылыққа жария болып, кейін толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп 1995 жылдың 30 тамызында ресми түрде бекітілгенін бесіктен белі шықпаған бала да біледі. Сол қабылданған ҚР Конституциясының халқымызға қызмет етіп келе жатқанына биыл – 21 жыл. Осы орайда, жылдағы дәстүр бойынша Қазақ елін айтулы мерекемен алғашқы болып Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың құттықтағанын айта кетейік. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтап, оның талаптарын мүлтіксіз орындау, рухын берік ұстану еліміздің табысты дамуының басты қайнар көзі мен кепілі болып саналатынын атап өтті.

«ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты да барша Қазақстан халқын «30 тамыз – Конституция күнімен» ізгі ниетпен құттықтап, ел іргесінің сөгілмей, әр азаматтың шаңырағының шайқалмай, кәрі-жастың көңілдерінің ортаймай, Ата Заңын ардақтап, бейбіт ғұмыр кешуін бір Алладан тілейді. Қазақстан Республикасының Конституция күні құтты болсын, ағайын!

Құрметпен, «ЕлАна»