ЖЕҢІСКЕ – 75 ЖЫЛ

«Кеңес Одағының батыры Ақәділ Суханбаевтың туғанына 15 желтоқсанда 100 жыл толып отыр» деп хабарлайды «Elana.kz»   сайты.

Батыр есімімен аталатын Суханбаев ауылдық округіне Қарасу, Жақаш, Көкөзек елді мекендері қарайды. Аталған ауылдардан Ұлы Отан соғысына аттанған 242 ер-азаматтың қатарында Ақәділ де бар еді.

24 жасында Отаны, елі, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Ақәділ Суханбаев 1920 жылы Қарасу ауылында дүниеге келіп, балалық шағы осы ауылда өткен. Мектепті бітіргеннен соң, еңбек жолын колхозда бастаған. Жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына алынады. Ұлы Отан соғысында 31-ші Армияның, 174-ші Борисов Қызыл тулы атқыштар полкінің, 628 Гродно Қызыл тулы полкінің 1 батальонында бөлімше командирі болып, шайқастарға қатысады. Белоруссияны, Литваны, Польшаны азат ету үшін болған ұрыстарда көзге түседі. 1944 жылғы 31 шілдеде Польшаның Стельцовизна деревнясы үшін болған ұрыста шешуші сәтте жау оғына кеудесін төсеп, жауынгерлік тапсырманың орындалуы жолында өз өмірін қиған. Денесі майдан қолбасшысының жеке тапсырмасымен Польшада қалдырылмай, Литваның Друскининкай қаласындағы бауырластар зиратына әскери салт-жорамен жерленген. Жиырма бір жасында, яғни, 1944 жылғы 31 шілдеде Польша жерінде ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Ақәділ Суханбаевқа 1945 жылғы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

 

 

Хас батырдың есімі, ерлігі Қазақстан ғана емес, Ресейде, Белоруссияда, Литвада ерекше қадірленіп келеді. Жеке қаруы Мәскеудегі ТМД елдері Қарулы Күштері мұражайына қойылған. Белоруссиядағы Гродно қаласындағы үлкен көшелердің біріне оның есімі берілген. Осындағы 74 кәсіптік-техникалық училищеге ескерткіш-тақта ілінген.

Туған өлкемізде даңқты батыр Ақәділ Суханбаевқа екі бірдей ескерткіш тұрғызылған. Бірі – Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Тараз қаласындағы Д.Қонаев көшесінің басталар тұсындағы кең алаңға, қалалық әскери комиссариат ғимараты алдына оның бірегей жаратылған тұлғасы бейнелеген ескерткіш орнатылды. Оның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысып, сөз сөйлеген болатын. Екіншісі – 2010 жылы Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылындағы орталық саябаққа батырдың ерлік жасап тұрған сәті бейнеленген ескерткіші орнатылып, есімі берілді. Ақәділ есімімен туған ауылындағы округ, орта мектеп, Тараз қаласындағы үлкен көше аталады.

 

 

Қазақ-жоңғар соғысының қаһарманы, елу жыл аттан түспей жаумен күрескен Қосы батыр Сәмбетұлының ұрпағы Ақәділдің ерлігі туралы шығармалар жазылып, бейнефильмдер түсірілген. Солардың ішінде белгілі жазушы Арғынбай Бекбосынның «Соңғы сезім» (бастапқы аталуы «Нюрнбергтен бұрын») тарихи-қаһармандық қасіретнамасы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында және республиканың басқа да театрларында қойылған болатын. Ал журналист Тұрсынхан Толқынбаев «Жай отындай жарқ еткен» атты деректі хикаят жазды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырылып, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы шығарған «Еріне қарап, елін таны» атты жинақта Ақәділ Суханбаевтың ерлігіне бір тарау арналған (құрастырып, баспаға әзірлеген Тұрсынхан Толқынбаев).

2005 жылдан бастап, жыл сайын 31 шілдеде Ақәділ Суханбаевтың ерлік жасаған күні еске алынып, ерлігіне құрмет көрсетіліп келеді.

Үстіміздегі жылғы желтоқсан айының 15-інде асыл ердің туылғанына 100 жыл толады. Бүгінгі таңда Қарасу ауылында батырдың тұрған екі бөлмелі үйін мұражайға айналдыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Жер учаскесі аудандық тарихи-өлкетану музейінің балансына беріліп, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа үйдің айналасына кеспе тастар төселініп, 8 орындық қойылды. 6 аспалы шам орнатылып, үйдің төңірегі қоршалды. Тұрғын үйдің айналасына 10 түп туя, 10 түп ива, 10 түп емен ағаштары (суретте) отырғызылды. Айта кететін жайт, кәсіпкер Талғат Жүнісқадыров өз қаржысына Ақәділ Суханбаевтың тұрған үйін күрделі жөндеуден өткізіп, сыртын әйнекпен қоршатқан екен.

Жақаш ауылында батырдың есімімен аталатын мектепте бүгінде 218 оқушы дәріс алуда. Аталған білім ошағында А.Суханбаевтың ерлік жасағанына 30 жыл толғанда ашылған мұражай бар. Мұнда Ақәділдің балалық шағынан бастап, майдан даласындағы ерлік жолдарын баяндайтын суреттер, тұтынған бұйымдары, белгілі жазушылардың туындылары қойылған. Білім ордасының оң қапталында «Ерлік – ұрпаққа ұран» атты аллеяның қақ ортасында бой көтерген батырдың бюстіне (суретте) ауыл тұрғындары және кәсіпкерлердің демеушілігімен 1 млн теңгеге жаңғырту жұмысы жүргізіліпті. Батырдың немере інісі Өмірханның баласының есімі Ақәділ екен. Атасындай ержүрек, еліне адал қызмет етсін деген ниетпен қойылған есімді абыроймен алып жүрген 22 жасар Ақәділ Тараз қаласында әскери қызметкер. Округте батырдың есімін иеленіп жүрген азаматтар қатары өсіп келе жатқандығы бізді қуантты. Сонымен бірге жақында Ақәділдің немере інісінің үйіне демеушілердің көмегімен көгілдір отын кіргізілді.

 

 

Өткен жылы аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы батыр есімімен аталатын саябақтағы ескерткішіне қазынадан қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде жаужүрек оғланның ерлігін ұлықтаған панорама және оның ерлігінен сыр шертетін арнайы бұрыш тың дүниелермен толықтырылуда.

Елбасы бағдарламалық мақаласында «…Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп атап айтқан болатын. Туған елінің бостандығы мен азаттығы жолында күрескен хас батырдың ерлігін ұлықтаған іс-шаралар мәдениет ошақтары мен кітапханаларда, мектептерде онлайн режімде ұйымдастырылып, жүйелі өтуде.

Бабалардың ерлігінен рух алған Ақәділдей ердің ерлігі ешуақытта ұмытылмайды, халқымен бірге мәңгілік жасай беретін болады.

 

Бекнұр Сатыбалдиев