АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫН АСАРЛАТЫП ҮЙ САЛУДА

Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы өңірде сәтті жүзеге асырылып келеді,-деп хабарлайды «Elana.kz» сайты.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Бесағаш ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Патима Момуова баспаналы болды. Баспана кілтін аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев табыстады. Асарлатып үй салған ауыл тұрғындарына алғыс айтты.

 

 

Басағаш ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Берік Байаулиев бірлік бар жерде тірлік бар екенін тілге тиек етті. Тұрғын үйдің бой көтеруіне айрықша үлес қосқан ауыл азаматтары мен кәсіпкерлерге ауыл әкімі Бейбіт Нигматуллаев алғысын білдірді.

Жалпы аумағы 85 шаршы метр болатын 4 бөлмелі тұрғын үй. Іші-сырты заман талабына сай жабдықталған.

Осы күнді ұзақ күткен үй иесінің қуанышында шек жоқ. «Әр отбасының басында баспанасы болса – бақытты. Міне, осы бақытты сезініп отырмын. Баспаналы болуыма жағдай жасап, арманымның орындалуына жәрдем еткен облыс, аудан басшысына, барлық азаматқа алғысым шексіз», – дейді Патима Ақшаралқызы.

Сонымен қатар, Қаракемер ауылдық округіне қарасты Құмтиын ауылы да игі істен тыс қалған жоқ. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауылдың тұрғындары 5 ай уақыт ішінде асарлатып 6 бөлмелі тұрғын үй тұрғызды. Баспана Сырғабаевтар әулетіне берілді. Тұрғын үйдің ішіне ауызсу, жылу жүйесі, электр жарығы тартылған. Сырты заманауи үлгіде әрленген. Үйдің іші жылы әрі жинақы. Әулеттің үлкені, асыл әже Зәмзә Қыдырмашова қоныс тоймен құттықтап келген ауылдастарына шашу шашып, көптің көңілін аулап жүр. Округ әкімі Жәнібек Әуелбаев, ауыл қариялары, бәрі-бәрі сонда.

 

 

Сырғабаевтар әулетінің қуанышына ортақтасқан аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов: «Асарлатып үй салу» жобасы – республика бойынша біздің облыста ғана жүзеге асырылуда. Күннің ыстығы мен суығына қарамастан осы үйдің соғылуына үлес қосқан ауыл азаматтарына алғысым шексіз. Бүгін бір отбасының арманы орындалды. Ауызбіршіліктің арқасында. Бұл – үлкен қуаныш. Мұндай іс-шаралар көп болсын», – деп ақ тілегін айтты.

Жылы лебіздер легін жалғаған ауыл қариясы Жахан Жоламанов үй иесі Талғат Сырғабаевқа көрімдігін берсе, «Ботабай» ауылдық мешітінің жамағаты атынан «Қазақстан әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы өкілі Марат Оспанов жаңа кілем тарту етті.

 

Бекнұр Сатыбалдиев