Батырға құрмет ортаймақ емес

Қарасудан шыққан қайсар ұл

БАТЫРДЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

 

 

— Ей, балам білемісің Ақәділді?
— Қазақтың сарбазы одан алады үлгі.
Шайқаста Отан үшін ердің ері,
Жүрегін бомба қылып жара білді!
Небәрі төрт-ақ жолдан тұратын, ерен ерлік иесіне деген үлкен құрмет сезіміне толы осынау  төрттағанның авторы жаны жәннатта болғыр   Арғынбай Бекбосын ағамыз.
Кешегі Ұлы Отан соғысының батыры Ақәділ Суханбаев пен Арғынбай ағамыз  Қосы батыр ұрпақтары болып келеді. Екеуі де Қарасу  ауылының тумасы. Сәл ғана айырмашылық — Арғынбай ағамыздың кіндігі Қарасу көлінің жағасында кесілсе, Ақәділ осы ауылға іргелес Жиек құмының Мыңшұрат аталатын қойнауында 1920 жылдың 15 желтоқсанында, қақаған аязды күнде  дүниеге келіпті.
«Әркімнің туған жері — өзіне Мысыр шаһары» деген бар. Кім-кімге де туған жері киелі, онда өскен, елінің атын шығарған тұлғалар ардақты.
— Қарасу! Келдім саған айдын көлім,
Жағаңда Қосы бабам, айбынды елім.
Бір күнде мың күндік күш-қуат алам,
Табады сенен кейде қайғым да емін! — дейді  Арғынбай ағамыз келесі бір төрттағанында.
Шығысында Сәмбет тоғаны, батысында Қарасу көлі, оның жағасында қазақ-жоңғар соғысының айтулы қаһарманы Қосы батыр Сәмбетұлының Ақбақайдың көктасынан қашалып орнатылған ескерткіші тұрған ауыл  даңқы алысқа кеткен.
— Қарасуға келуіміз бертінде, ұжымдастыру басталған,  артельге біріккен 1928 жылға дейін ел көшіп-қонып, мал жайымен құм жайлап жүрді, — деп еске алушы еді Ақәділдің ағасы Нұралыбай атамыз, — Ақәділ інімнің табан ізі «Аққолтық» шұратына талай түсті…
Шежірелі әңгімелерге жетік, арабша, латын қарпімен де жазып, оқитын жарықтық Нұралыбай атамыздан інісі жайлы талай сырға қаныққан кезіміз өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезі болатын. Журналистік жолым жаңа басталған, аудандық газетте әдеби қызметкермін. Сенбі, жексенбіде ауылдан табылатынмын.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген.Талай жайға қандырған Нұралыбай атамыз да, Ақәділдің соғыстан аман оралған үркердей аз құрдастары да өмірден өткен. Олардың естеліктері, солардың негізінде газеттерге жазған мақалаларым жеке мұрағатымда сақтаулы. Қай-қайсы да батырдың балалық шағы қалай өткенінен сыр шертеді.
Ата-тек шежіресінен бастасақ, Дулаттың  Шымырынан тарайтын  Сәмбет Қарымбетұлының жеті ұлы болған. Сол ұлдарының бірі Қосы батырдың ортаншысы Берсүгірдің де екі әйелінен жеті ұл тарайды. Бәйбішесі Анардан көрген кенжесі Байжігіт, одан Тәтімбет, одан Бекайдар, одан Суханбай. Суханбай мен Тойтан ападан Нұралыбай, Нұрәділ, Жәнәділ, Ақәділ. Сонда Ақәділ Қосы батырдың жетінші ұрпағы болып шығады.
Отызыншы жылдардың бас кезіндегі сұрапыл ашаршылық шағын ғана Қарасу аулын айналып өткен жоқ. Мұрағат дерегінде 1931-1932 жылдары аштықтан қайтыс болғаны, басқа жаққа кеткені бар Қарасу аулындағы  еңбекке жарамды адамдар саны 110-ға кеміп кеткені айтылады. Әйел-еркегі аралас 115 адам кетпен ұстап, егіс еккен. Ол кез техника мүлдем жоқ, тек МТС арқылы маусымдық жұмыстар кезінде бөлінетін. Осыған қарамастан ұжымшар 700 гектар бидай, 150 гектар мақта өсірген. Қант қызылшасын 1935 жылдан қолға алған.

Бригадир ретінде осы жұмыстарға тікелей атсалысқан Нұралыбай атамыз бұл шақта жасы он екіге келіп, есейіп қалған Ақәділдің өте елгезек, үлкендерге көмектесуге, алғысын алуға ұмтылатынын,  осындай ерекшелігімен ел көзіне түскенін әңгімелейтін.
Бірде Ақәділ үйге кеш оралады, әбден шаршаған.Мән-жайды сұраса, балалар  қазақ, қалмақ болып «шайқасып» ойын қызығымен екі-үш белден асып кеткен екен. «Кім жеңді?», — деп сұрайды Нұралыбай ағалық құқына басып. «Біздің сарбаздар», — дейді інісі. Қазақ болып ойнағаны осы сөзінен-ақ аңғарылған Ақәділ Қосы батыр    бабасының ерліктерін ес білгелі біліп өскен. Әкесі Суханбай атамыз жарықтық молдалық құрған, бес уақыт намазын қаза етпеген. Қайтыс болғанға дейін мезгіл-мезгіл ат-арбамен Жиек құмын жағалап Әбілқайыр-Сұңғайты аталатын өңірдегі Қосы батыр жерленген жерге барып, құран бағыштап қайтады екен. Оның бұл ісін аталас інісі Мәдібай молда жалғастырған деседі. Ұлы Отан соғысында екі аяғынан айырылып, оралған бұл атамызды да  көзіміз көрді. Жалғыз ұлы Жасан (шын аты Жасұзақ) марқұм  жоғары білімді маман болды, туған аулында жемісті қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан соң, әке жолын қуып молдалық етті. «Қосы батыр» мешітінің тұңғыш имамы болды, жарықтық.
Әке өнегесі өз алдына, Қарасудан құйрықты жұлдыз аз ғана ғұмыр кешкен, бірақ өзін ақын, жиһанкез ретінде танытып кеткен Үсіпәлі Қалиұлы деген ақын өткен. Оның жазып қалдырған шежіресінде ақ сауытты, ақ боз атты бабасы Қосы батырдың жоңғар шапқыншылығы кезінде  жасаған ерліктері айтылады. Сол шежірені ауыл ақсақалдарынан Ақәділ талай тыңдаған. Құлын-тайдай тебісіп қатар өскен, соғыстан аман оралған  құрдастары да Қосы бабасы туралы әңгімелерді көп білгенін айтушы еді.
Шежірелі әңгімелерге, білімге құштар Ақәділ бастауышты Қарасу ауылында бітірген. Сонан  соң, ол кез  орыстар Шаповаловка, қазақтар ежелгі атымен Түймекент атайтын ауылдағы қазақ-орыс мектебінде оқыған. Сол тұста бұл білім ордасы жанынан панасыз балаларға арналған интернат жаңадан ашылған екен. Онда әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын, отызға жуық ата-анасыз өскен қиын балалар тәрбиеленген. Олардың арасында әртүрлі қылық жасайтындар болған. Намысқой, ешкімге есесін жібермейтін Ақәділ  Қарасу мен жақын ауылдардан келіп оқыған  тұрғылас достарына қорған  бола білген. Соқтыққан  сотқарларды күшпен тәубесіне келтірген. Спортпен шұғылданғандықтан алыса кеткенінен күші басым түсетін Ақәділ тентектерді тезге салып, өзін құрметтеуге, айтқанынан шықпауға үйреткен.  Бұл жайлы  ауылдан мектепке бірге барып жүрген   Сүлеймен, Әшім, Бижасарлардан білген анасы Тойтан  сүт  кенжесінің жайын ойлап,  қауіптеніп, бұл кез жігіт ағасы болып қалған, шаруашылықта бригадир болып істеп жүрген, жұмыс жайымен Свердлов МТС-іне жиі баратын үлкен ұлы Нұралыбайдан  мектепке соғып, інісінің оқуын  білуді жиі сұрайды екен. Анасының жайын түсінген Нұралыбай Тегістік ауылында жаңа мектеп ашылғанда Ақәділді сонда ауыстыруға қол жеткізеді. Бұл білім ордасы елге «Байназар мектебі» атымен таныс болатын. Құлболды (қазіргі Тегістік), Жаңатұрмыс, Көкбастау, Диқан, Ботамойнақ, Қарасу, Фрунзе (ол кез қазіргі Жақаш ауылы осылай аталатын) ауылдарының балалары алғашқы білім алған. Мектепті Байназар деген дәулетті кісі ұлы бабасы Сәмбет тоғанының бастау жағындағы жазыққа салдырған екен.Мектеп жанынан мұғалімдерге арнап үйлер тұрғызған. Малын осындай игі іске жұмсаған бұл кісі заман ауанын  болжай білген. Өзі үлгі көрсетіп кеңес өкіметінің белгілеген салығын тегіс, уақтысында жинап беріп отырған. Ауылдың «Тегістік» атануы да осыдан шыққан.
Байназар мектебі 1938 жылы Тегістік орта мектебі аталған. Мектеп жанында 60 оқушыға арналған бюджеттік интернат болған.
Сол жылдары осы Тегістік мектебінде мұғалім болған Жанысбай Бейісбековтің шәкірті туралы айтары аз болмаушы еді. Ақәділдің өзі ғана емес, өзге ұстаздардың да сүйіспеншілігіне бөленгенін, ұйымдастырушылық қабілетімен де танылғанын әңгімелейтін. Ақәділдің мектеп комсомол комитетінің хатшысы бола жүріп, ұстаздар қауымына көп көмегі тигенін де баса айтар еді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Жанысбай Бейісбеков майданнан оралған соң, аудан көлемінде басшылық қызметтер атқарған. Одан шәкірті жайлы сұхбатты «Ровный» кеңшарының кәсіподақ комитетінің төрағасы болып істеп жүрген кезінде алған едік.
Тегістікте бірге оқыған Әсия Нұрманованы тауып, әңгімелескенде білгеніміз Ақәділ толық келген, орта бойлы, қараторы өңді, оң жақ шекесінің маңдай тұсындағы шашын ақ шалған бозбала болған. Жақсы оқыған, содан да ұстаздары Бейісбеков, Шыңғысбаев, Мәмбетов, Артықбаевтардың жақсы көретін шәкірті болған, қоғамдық істерге жақсы араласқан. Мектеп комсомол ұйымының хатшысы болып сайланған.
Өкінішке орай, Тегістік мектебінің ғимараты  жұмбақ жағдайда тып-типыл болып өртеніп кетеді.
Аудан басшылары мектептің ұстаздары мен  интернат тәрбиеленушілерін «Диқан-1» ұжымшарының орталығында жаңадан салынған мектепке көшіріп әкеледі. Бұл білім орны Диқан мектебі аталатын.
Жаңа мектепте жаңа достар табылады емес пе? Диқан орта мектебінде Ақәділ Әбен Сұлтанбеков, Жапар Шалбосынов, Сабыр Мұсаев, Шүкірбай Байбосынов, Ысқақ Бегалиев, Тілеубай Бұралхиев, Мұхай Кәріпов сияқты достар тапты. Ауылдасы Сүлеймен Шілдебаев та осында оқыды. Әбен Сұлтанбеков  Ақәділдің  оқуда үздік зейінділігімен, алғырлығымен ерекшеленгенін, батылдығы мен турашылдығын, ешнәрседен жасқанбайтынын әңгімелейтін. Шымыр денелі, спортпен айналысуды жаны сүйгенін де сыр етіп шертетін.
Мектепте Жаңқабаев, Жұбанышев, Әлімбеков, Тұрғынбаев, Күреңкеев, Қалқабаевтар сабақ берген.
Осы ұстаздары арасынан, әсіресе, оған Буденновка және Диқан мектептерінде сабақ берген Әбжаппар Жылқышиев туралы айтар сыр көп. Қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданының бұрынғы Қызыл ту ұжымшарында, тау жайлауы Сұлутөрде 1918 жылы 14 қарашада дүниеге келген Әбжаппар ағамыз   ұстаздық жолын Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының мектептерінде  бастаған, аудандық білім бөлімінің инспекторы болып та істеген. 1942 жылы  Ұлы Отан соғысына шақырылып, Ташкенттегі қысқа мерзімді офицерлер даярлайтын училищені бітірген соң, Днепр, Одер, Берлин шайқастарына қатысқан. Елге оралған соң, мұғалімдіктен ірі партия қызметкеріне дейінгі жолдан өткен, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында ірі аудандарды басқарған, басқа да жоғары лауазымды қызметтер атқарған, жұртқа жазушы ретінде де жақсы танылған. Өзінің шәкірті Ақәділ жайында «Батырдың балалық шағы» деректі повесін жазды.
Әбжаппар ағамызды Нұралыбай атамыз бен  Арғынбай ағамыздың қатты сыйлайтынына куәмін. Оның «Еңбек туы» («Ақ жол») газетінің редакциясына ақын Нәмет Сүлейменов екеуі келіп, жүздесу өткізгенін, талай сырлар, соның ішінде сүйікті шәкірті Ақәділ Суханбаев туралы да айтқанын ұмытқан емес.
Батырдың қазірде арамызда жоқ ұстазына деген ел құрметі де ерекше. Тұрар Рысқұлов ауданындағы өзі туып өскен елді мекен бүгінде Әбжаппар ауылы аталады. Өзі ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған Түркістан облысында бір орта мектеп, Шымкент қаласындағы бір көшеге есімі берілген.
Диқан мектебінде де Ақәділ жақсы оқып, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен көзге түскен. Мұнда ол оқушылар комитетінің төрағасы  және  мектеп комсомол ұйымының хатшысы болып сайланған. Өнерлі оқушылардан көркемөнерпаздар үйірмесін құрған. Жас өнерпаздар Бейімбет Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» пьесасын  қойып, Ақәділ Талтаңбайдың рөлін өзі ойнаған.
— Диқан ауылында қойылған тұңғыш спектакль жұртшылықтан жоғары бағасын алды. Өзге ауылдарға да шақырып, өнер көрсетіп қайтқан кез қалай ұмытылар, — деп еске алушы еді жаны жәннатта болғыр Әбен Сұлтанбеков.
Мектептес досы жайлы көп естелік айтқан Әбен Сұлтанбековтің өзі де майдан даласында ерлік танытқандардың бірі. Алматы қаласында кілең қазақ жастарынан жасақталған 319 атқыштар полкінің сапында талай шайқасқа қатысқан.
Елге аман-сау оралған соң, партия қызметінде болған. 1952 жылдан аса ұстаздық етті. Онда да өз досы Ақәділ Суханбаевтың атын алған мектептің директоры болып бастап, кейін басқа білім ордаларын басқарды. «КСРО халық ағарту ісінің үздігі» атағын облыста алғашқылар қатарында алды.
Жарықтық, Әбен ағамыз досы Ақәділдің ерлігін  насихаттауға көп еңбек сіңірді.
Батырдың балалық, бозбалалық шағы туралы жинаған деректеріміз  көп-ақ. Олар бала Ақәділдің  ержүрек азамат болып қалыптасуына туған жері, өскен ортасының үлкен әсері болғанынан хабар береді. Даңқты қолбасшы, халқымыздың мақтанышы Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», — деп  қалай дәл айтқан.
— Құрбысы Бижасар екеуін Әулиеата станциясына, пойызға 1940 жылдың 21 қазанында ат-арбамен апардым. Жол бойында өзінің сүйікті әні «Елім-ай»-ды шырқады. Содан, Сібірдегі Томск қаласынан хат келе бастады, — деп еске алатын ағасы Нұралыбай.

 

КОРСАКОВТЫҢ ХАТЫ АШҚАН ШЫНДЫҚ

… Батыс Сібірдің шығысындағы Томск қаласынан  Қарасуға жеткен хат Ақәділдің осында қызмет ете бастағанын хабарлаған еді. Анасы Тойтан мен ағасы Нұралыбайды бұл хабар қатты қуантты.Ұзамай хаттар үзбей келе бастады. Оларда әскери даярлықтан өтіп жатқанын, Сібірдің қатал ауа-райына көндігіп қалғанын жазатын.
Келер жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Томскіден келген соңғы хатында өз әскери бөлімімен майдан даласына бара жатқандарын хабарлаған. Бұл 1941 жылдың  жазының соңғы айы болатын. Содан кейін хат үзілген. 1944 жылдың маусым айына дейін.
Соғыс басталғанда жасы келгендіктен  қару  емес, күрек — қайла ұстауға еңбек армиясына алынып, үш жыл өткен соң оралған  Нұралыбай анасымен, туыстарымен қауышқанда Ақәділдің майданнан жазған төртінші хаты келген еді. Бұл ең соңғы хаты екенін Нұралыбай да, анасы да білген жоқ. Батыста соғыс басталғалы алақандай ауылдағы талай үйдің есігінен қасірет хабаршысы — «қара қағаз» еніп үлгерген — ды…
Жақсыны да, жаманды да жетерліктей көрген Нұралыбай атамыз інісінің хаттарын оқып отырып, «1941 жылдың қыркүйегінен 1944 жылдың маусымына дейін Ақәділ қайда болған, неге хат жаза алмаған?» деген сауалға жауап таба алмады.Бірақ, ішкі түйсігімен інісінің жаза алмағанын сезді. Цензураның солдат хаттарын қарайтынынан  хабардар еді. Аман келсе, айтар. Құдай осыған жазсын деп ойлаған.
Батырдың жауынгерлік жолындағы «ақтаңдақ» кезеңнің шындығы 1974 жылы ғана ашылды. Онда да санаулы адамға.
Бұл былай болған еді.
Осы  жылы Ақәділ Суханбаевтың ерлігіне 30 жыл толуын кең көлемде атап өтуге дайындық қызу жүріп жатты. Қазақша, орысша екі тілде, екі бөлек шығатын аудандық «Село жаңалығы» — «Сельская новь» газеті әр нөмірі сайын материал бере бастады. Бұған әрине, журналист әрі  батырдың ауылдас інісі ретінде қолдан келгенше үлес қосқаным белгілі.

 

Батыр ерлігінің 30 жылдығы  аталып өтілер күн таяған сайын жан-жақтан мақалалар, естеліктер түсе бастады. Әрине, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің ұйымдастыруымен. Ол материалдарды жіберіп жатқан Ростов-на-Дону қаласында тұратын, майдандық «Жауға қарсы аттан» («На врага») газетінің редакторы болған, отставкадағы полковник Илья Васильевич Лебедев болатын. Өзі жазғандай «Ақәділдің майдандық әкесі» Ростов-на-Донудағы университетте сабақ беретін. Әрі 31-ші Армия ардагерлерімен тығыз байланыс жасап, хат-хабар алысып тұратын.Ол Ақәділдің рота командирінің 1944 жылдың қыркүйек айында   «На врага» газетіне арнап жазған мақаласының көшірмесін  жіберіп, оны дайындау аупарткомның тапсыруымен редакторымыздың орыс редакциясы бойынша орынбасары Қабылбек Құлайысовқа жүктелді. Ал, оны кім аударады дегенде жауапты хатшы Зейнолла Қаржасов мені атады. Бұған редакторымыз, соғыс ардагері Ғани Әлиев те, Құлайысов та келісті.
— Қысқарған жерлері бар,  ешкімге айтушы болма, — деді көп сөйлемейтін Қабылбек Құлайысов маған материалдың орысшасын беріп тұрып. Сәл үнсіздіктен соң:
— Жас коммунист ретінде түсінетін боларсың, — дегенді қосты. Басымды изеп, келіскенімді білдіріп, жұмыс орныма жайғастым.
Бес беттен сәл ғана асатын мақаланың  бас жағы,  бір жарым  бетке жуығы қысқарған екен. Алдымен оқып шығып, сонан соң таза қағазға қазақша мәтінін түсіре бастадым.
Сол материал менде сақтаулы. Ол жылдары Ақәділ батырдың тұтқында болғаны жайлы айту қажетсіз саналды. Бұл жайды ашық жазу     жариялылық лебі ескенде  мүмкін болды. «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің 1990 жылғы 23 наурызындағы санында «Атаға тартқан сарбаз» деген мақала жариялап, ағамыздың тұтқында болғанын жаздым. Шындықты айтқаннан ер бейнесі қайта еңселене түсті. Ауылдастарымнан алғыс естідім.
Сол, П.Корсаковтың жазғанынан үзінді:
«… 1944 жылдың 4 шілдесінде 628 атқыштар полкінің бірінші батальонына толықтыру келді.Бұл Гродно қаласына кірер жерде, жауынгерлер  тыныс алуға кідірген кезде болған еді. Мен жаңадан келген жауынгерлермен таныса бастадым. Олар біздің қатарымызды толықтырады, алдағы шайқастарда жеңіске жетуіміз де осы жауынгерлерге байланысты.
Жаңадан келгендердің арасында Ақәділ Суханбаев та бар еді. Менің алдымда қара торы, мығым денелі, ақ жарқын, жинақы да тәртіпті жауынгер тұрды. Мен одан қазақша:
— Қай  жерліксің? — деп сұрадым.
— Жолдас аға лейтенант, орыс тілінде-ақ сөйлесе беріңіз. Мен орысша таза сөйлеймін.Қазақстандықпын, — деп жауап берді ол.
— Қазақстаннан әскерге алынғанына көп болды ма?
— 1940 жылы әскерге алынғалы қызмет етіп келемін.
Әңгіме үстінде Ақәділ маған өзінің майданға алынып, ұрысқа енгелі басынан өткергендерін жасырмай айтып берді. Шегіністерге толы соғыстың алғашқы жылында кескілескен шайқастардың бірінде басынан тиген ауыр соққыдан есінен танып, құлап түседі. Өз-өзіне келгенде көк шинельді фашистер қоршап тұр еді. Жау сүңгісі астында тікенек сымды  лагерьден бір-ақ шығады. Мұнда тұтқындарды тәулік бойы жұмысқа жекті. Беретін азықтары шіріген картоп, бір тілім нан анда-санда ғана қолға тиеді.Қапастағы бір жарым жыл ішінде аштыққа да, суыққа да шыдап бағады. Өз әскерлерімізге қосылар күн де туады ақыры…
Мен сұрағымды жалғастырдым:
— Үйленген бе едің?
— Жоқ, аға лейтенант, бойдақпын.
— Ал, үйіңде кімдер қалды?
— Мен әскерге алынғанда анам мен ағам қалған.
— Зұлымдықтары мен көрген қорлығың үшін  неміс басқыншыларынан кек алғың келе ме?
Ол  ауыр күрсінді де мынаны айтты:
— Ия, жолдас аға лейтенант! Қолыма қару тисе мен оларға естерінен кетпестей етіп өзімді танытармын!
Тыныстауға берілген уақыт аяқталып қалған еді,  жорықты жалғастыру қажет еді де, мен кетуге жиналдым. Ақәділ маған өтінішін айтты:
— Жолдас, аға лейтенант, мені өз ротаңызға алыңыз.
Мен оған былай деп жауап қайтардым:
— Әзірше ала –алмаймын, өйткені қару жоқ. Қару- жарақ жеткізілсе міндетті түрде аламын.
— Берер болсаңыз маған тек қана автомат беріңіз, жолдас аға лейтенант. Менің бойыма жиналған кектің көптігі сонша, винтовка аздық етеді…
Мен өз ротамды жорыққа әзір етуге кеттім. Ал ол өзі келген толықтыру командасында қалды.
Сол күні-ақ жаңадан келгендерді бөлді. Ақәділ менің ротама алынды.
Ертеңіне, 5 шілдеде автомат тауып, Суханбаевқа рота сапы алдында табыс еттім. Ол автоматты алды, сап алдында неміс-фашистерінен кек алатындығы  жайлы ант берді. Алғашқы ұрыста-ақ көзге түсіп, өзін батыл жауынгер ретінде танытты…».
Ақәділ батысқа қарай үдере шабуылдап бара жатқан 2-ші Белорус майданы, 31-ші Армия құрамындағы 174-ші атқыштар дивизиясы,  628-ші атқыштар полкінің бірінші атқыштар батальонының 2-ші ротасының сапына осылай қосылды.

 

 

ЕРЛІКТЕН СОҢ

Рота командирі П.Корсаков өз естелігінде 1944 жылдың 15 шілдесінде ірі темір жол торабында орналасқандықтан күшті бекініс ауданына айналдырған  Гродно қаласы үшін болған шайқасты жан-жақты жазған. Ақәділ  бөлімшесі  жауынгерлік тапсырманы орындап, жаудың жанталасқан қарсылығына қарамастан қалаға   бұзып-жарып бірінші  болып  кірген.
Өздерін азат еткендердің, соның ішінде қазақ жауынгері Ақәділдің есімін Гроднолықтар әлі күнге ерекше қадірлеп келеді. Бұған облыс  делегациясы құрамында  аталған қалада болғанда айқын көз жеткіздік. Бұл туралы сәл кейін.
Гродноның азат етілуі соғыс тарихында маңызды оқиға болды. Мұны Жоғары Бас Қолбасшы И.Сталиннің 16 шілдедегі бұйрығымен сол күні сағат 23-те Мәскеуде екі жүз жиырма төрт зеңбіректен жиырма дүркін артиллерия оғы атылып, З-ші және 2-ші Белорус майдандарының Гродноны алған айбынды әскерлеріне құрмет көрсетілуі де айғақтайды. Ұзамай ұрыстарда үздік шыққан құрамалар мен бөлімдер марапатталды.Солардың қатарында 174 дивизия туына Қызыл Ту ордені қадалып,  628-ші полкке «Гроднолық» деген құрметті атақ берілді. Осынау жақсы хабар жеткенде  Ақәділ мен оның қаруластары Польша жеріне аяқ басқан бодлатын.
Орман алқаптары қоршаған Август қаласының солтүстік-шығысындағы Стшельцовизна елді мекеніне фашистер күшті қорғаныс шебін құрған  еді. Шабуылдаушы әскерді бораған  оқ қарсы алды. Осындай сын сәтте Ақәділ әр ұлттан тұратын  жауынгерлердің  көз алдында өзінің өшпес ерлігін жасады.
Петр Корсаков естелігінде қаруластарының  «Отан үшін! Суханбаев үшін!» деген ұранмен шабуылға көтеріліп, жау шебін бұзғанын жазады.
Ұрыс аяқталған соң, кешкісін үш дүркін аспанға оқ атып, құрмет көрсетіп, ішінде Ақәділ де бар қаза  тапқандарды бауырластар зиратына жерлейді.
Бұл күн 31-шілде еді. Ал, 7 тамызда полкке 31-ші Армия қолбасшысы Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник В.В.Глаголевтің  Суханбаевтың денесін қазып алып, таяу орналасқан  қалалардың біріне қайта жерлеу туралы бұйрығы жетеді. Ертеңіне 8-ші тамызда батырдың денесі Польша жерінен әкетіліп, Литваның көрікті, курортты қаласы Друскининкайға үлкен әскери салт-жоралармен жерленген. Шайқас жүргізіліп жатқан кез болса да қазақ жауынгеріне мұншама зор құрмет көрсетілуі оның ерлігі ұрыс тағдырын шешуде зор рөлі атқарғандығын көрсетеді емес пе?
Митингтен  түсірілген фотосурет Мәскеудегі ТМД Қарулы күштері мұражайындағы А.Суханбаевтың ерлігіне арналған  стендінде тұр. Бұл жерге жеке қаруы — ППШ №2811 автоматы да қойылған.
Қазақстандық жауынгерге осындай зор құрмет көрсетілуі оның ерлігінің Ұлы Отан соғысы тарихында маңызды рөл атқарғанын көрсетеді.Сол жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы М.И.Калининнің батырдың анасы Тойтан Бекайдар келініне хат жолдап, көңіл айтуы да мемлекеттік деңгейдегі сирек көрсетілетін үлкен құрметтің бірі болатын.
Тарихқа жүгінсек, батырдың есімін мәңгі есте қалдыру шаралары ерлік жасағанына бір жарым ай өтісімен-ақ қолға алынған. 1944 жылдың 20 қыркүйегінде еңбекшілер депутаттары Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық атқару комитетінің шешімімен туған ауылы «Қарасу» колхозы мен оқыған мектебіне есімі берілген. Көп ұзамай 1945 жылдың 23 наурызында КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жиырма жылдығы тойланған 1965 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы орталық көшелердің бірі Суханбаев атымен атала бастады. Облыстағы көптеген елді мекендердегі көшелерге батыр есімі берілген. Алматы қаласы Алатау ауданының «Ақбұлақ» шағын ауданында Ақәділ Суханбаев атын алған көше бар.
Бұдан біраз жыл бұрын Беларусь Республикасындағы Гродно қаласында  болғанымызда орталық көшелерінің бірі Ақәділ Суханбаев атында екендігін көзбен көрдік.Осы көшедегі кәсіптік білім беретін колледжде Ақәділ ағамызға арналған арнайы мүйіс бар. Ал, Беларусь астанасы Минскідегі орталық музейде батырдың кеуде мүсіні тұр. Гродно қалалық атқару комитетіндегілер (белорустарда тіпті колхоз, совхоздар да сол қалпы сақталған) бізге көше аты еш өзгермейтінін айтқан еді. Олар сөздерінде тұрып келеді. Соғыс кезінде аса маңызды теміржол торабы болғандықтан фашистер  күшті бекініске айналдырған  Гродно қаласына  өз жауынгерлерімен бірінші болып атойлап кірген бөлімше командирі Ақәділ Суханбаевтың есімі мен ерлігі арада қаншама жыл өтсе де бұл елде ерекше құрметтеледі. Қай бір жылы «Народная воля» газетінде «Белоруссия қазақ батырларын ұмытпайды» деген мақала жарияланды. Онда осы елдегі Қазақстан елшігінің көмегімен 1943-1944 жылдары Белоруссия жерін азат етуде ерлік танытқан қазақстандық жауынгерлерге арналған   «Ұмытылмаған есімдер» («Незабытые имена») деген кітап шығарылғаны айтылады. Кітапта  Ақәділ Суханбаев туралы да жазылған.
Ал, батыр жерленген Литваның Друскининкай қаласында Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен жыл сайын Жеңіс күнінде батыр қабіріне гүл шоқтары қойылады. Осы елшіліктің қала мэриясы өкілдерін, ардагерлерді  және Литвадағы қазақ диаспорасының басын қосып, Ақәділге арнап ас бергені де кезінде баспасөзде жазылды.
Жеңістің 60 жылдығы мерекеленген 2005 жылы Тараз қаласында Ақәділ Суханбаевтың ескерткіші тұрғызылып, оның ашылу салтанатына  Елбасы — ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысып, жиырма төрт жасында қаһармандық жасаған халқымыздың батыр перзентінің ісі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудің үлгісі деп, жоғары бағасын берген еді.
Ақәділ Суханбаевтың туғанына 90 жыл толған 2010 жылы Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер  аулындағы балалар демалыс саябағында ерлік жасап  тұрған сәті бейнеленген тағы бір ескерткіші ашылды. Қазірде бұл саябақ Ақәділ Суханбаев атында.
Соңғы жылдар бедерінде де батыр ерлігіне құрмет жалғасын тапты. Облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылып, оның аумағындағы «Ерлік» мемориалды кешенінде қос қабатты жаңа, сәулетті ғимарат «Даңқ залы» ашылды. Мұнда өзге батырлармен бірге Ақәділ ағамыздың да суреті  алыстан көз тартады, заттары қойылған.
Бейбіт дәуірде Ақәділ Суханбаевтың ерлік өнегесі осылайша жастарды отаншылдыққа, ерлікке тәрбиелеуге қызмет етіп келеді. «Халық қаһарманы» ең жоғары атағы  берілген Ғазиз Байтасовтың ерлігі осының жарқын мысалы.Түймекент аулының тумасы Ғазиз осындағы Ақәділ Суханбаев оқыған орта мектепте білім алып жүріп, батырдың  есімі мен ерлігіне жастай қанығып өскен. Сын сәтте қызметтік борышына адалдық танытқан полиция капитаны мұздай қаруланған лаңкестің қолындағы жарылғышты өз денесімен жауып, шын мәнінде Суханбаевтың ерлігін қайталады.
Байзақ жері – елінің атын шығарған батырлардың атамекені. Сол ерлердің бірі – Қарасудан шыққан қайсар ұл Ақәділ Суханбаевтың есімі халқымен бірге жасайды.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
ардагер –журналист, ауданның Құрметті азаматы