АҚЫН-САЗГЕРГЕ ТЕМІР ТҰЛПАР МІНГІЗДІ
Өзінен — өлеңі, өлеңінен — өзі айырғысыз танылатын Қасқырбай Нарбатырдың зейнет жасы — 63-ке толуына орай, кеше аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде шығармашылық кеші өтті.
«Қарашаның қабағында қара өлең» атты әдеби — сазды іс-шараның шымылдығы ақын өлеңдеріне орайластырылған көрініспен ашылды. Бұдан соң сахна төріне көтерілген аудан әкімі Нұржан Нұржігітов ақынға ақжарма тілегін арнады.
— Әнмен өрілген әдемі кешті сағынып қалыппыз. «Елді Ер танытады», – дейді қазақ халқы. Тұлғаға қарап тұтас ұлтқа баға беріп жатады. Елде тұрып, ел ісіне араласқан, аудан мәдениеті мен өнеріне сүбелі үлес қосқан Сізді мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Биылғы жылы мәдениет саласында үлкен тірліктер атқарылды. Бүгінгі кешті тамашалап отырған әл-Фараби атындағы мәдениет үйіне жаңғырту, айналасына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аудан аумағында 33 жылдан бері мәдениет ошақтары салынбаған екен. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен үш елді мекенде, яғни Бурыл ауылында 180 орындық, Жетібай және Көкбастау ауылдарында 90 орындық мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Мұның бәрі — елге қызмет ету, елді рухани азықпен қамту мақсатында жасалынып жатқан тірліктер.Мәдениет қызметкерлеріне де жан-жақты қамқорлықтар көрсетілуде. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында суырыпсалма ақын қызымыз Алтынкүл Қасымбековаға ауданның Құрметті азаматы атағы берілді.
Қадірлі Қасқырбай Дәрібайұлы!,- деп сөзін ары қарай жалғастырды Нұржан Молдиярұлы.-Сіздің «Сарыкемерім», «Байзақ жері» атты әндеріңіз ауданымыздың төлқұжатына айналды. Сыршыл әндеріңіз тыңдарманның көңіл түкпірінен шықса, өлеңдеріңіз оқырманын тапқан.Еңбек өтіліңізбен зейнетке шықсаңыз да, ақындар зейнетке шықпайды. Елге, жас ұрпаққа, туған жеріңізге Сіздің береріңіз мол. Мерейлі қуанышыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға құт-береке, шығармашылық табыс тілеймін. Мерейтойыңыз құтты болсын!, – деп ізгі тілегін жеткізіп, Құттықтау хатын, ақынның бейнесі салынған портретті табыстап, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, аудан әкімінің ықылас гүлі де тапсырылды. Өз кезегінде Қасқырбай Дәрібайұлы көрсеткен құрметке алғысын айтып, «туған айым — қараша болғандықтан өзіме жақын» дей келе, «Қараша. Қаратал», «Қарашаның қабағында қара өлең» атты өлеңдерін оқыды.
Қасқырбай ақын 1986 жылғы 1 наурызда Суханбаев ауылында өткен тойда ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовпен кездесіп, сұхбаттасқанын, осы кездесуді зор мақтаныш тұтатындығын тебірене әңгімеледі. Бұдан кейін сахнада ауданымыздың мәдениетіне қызмет етіп жүрген белгілі әншілердің орындауында ақын-сазгердің «Байзақ жері», «Налыма сен», «Бәрі өтпелі», «Тағзым», «Таразым-тал бесігім», «Құрбыңнан хат жолдадым», «Сен бүгін қайдасың», «Айналайын», «Жастық тангосы» әндері шырқалды.
Көрермендерге әдемі көңіл-күй сыйлаған кеш барысында Қасқырбай Дәрібайұлына бір топ аудан азаматтары атынан (дос інісі, ауылдасы, бүгінде Ақмола облыстық сотының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иесі Досжан Әмір, кәсіпкер Саха Манатов, Рыскелді Сапарбеков, Алтынбек Жамишжанов, Нұрлан Тілебарысов, Қайсар Жасұзақов, Бақытжан Сейіткәрімов, Бағдат Момынов) кәсіпкерлер Ердос Иманқұлов пен Аян Лесбекұлы, Айдос Әміров темір тұлпардың кілтін табыстап, игі тілектерін білдірді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов Парламент Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиевтің Құттықтау хатын, Байзақ ауданының Құрмет грамотасын табыс етті.
Әрмен қарай ақынға деген жүрекжарды лебіздер ретімен жалғасын тауып жатты. Облыстық мәдениет, спорт, туризм қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев ақынға көрсетілген құрмет — өнерге көрсетілген құрмет екендігін, 20 жылдан аса мәдениет саласында тер төккен, лирикалық әндерімен тыңдарман жүрегіне жол тапқан Қасқырбай Нарбатырдың өлеңдері мен сазды әндері ұрпақтан-ұрпаққа қызмет ететіндігін айтып, «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Облыстық «Ақ жол» газетінің Бас редакторы Оралхан Дәуіт ақынға көлік мінгізіп жатқан елдің әкімі мықты, бірлігі жарасқан берекелі ел екендігіне тоқталды.
-Қасқырбай — қанағатшыл ақын. Ауылда жүріп, талантымен Астананы мойындатқан Қасекеңе газеттің бір бетіне өлеңдеріңізді жариялайық дегенімде, бірнеше ай бұрын өлеңдерім шыққан, ұят болар,-деп көнбеді. Міне осыдан-ақ Қасқырбайдың азды қанағат тұтатындығын байқадым,-дей келе, ізгі тілегін жеткізді. Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша тілшісі, ақын Хамит Есаман өлеңге адалдық танытатын екі адам болса, соның бірі — Қасқырбай Дәрібайұлы екенін, ақын тойы-ел тойы дей келе, ағаға темір тұлпарды тарту етуі — байзақтықтардың мәрттігін көрсеткендігі екендігін айтты. Әрмен қарай ақынның немерелері Әбубәкір мен Әбілқайыр өлеңдерін оқыса, ұлы Камал домбырамен әуелетіп ән салды. Ұзақ жылдар заң саласында қызмет атқарған Қалдыбек Мазбаев мерейтой иесін құттықтап, ақынның өлеңдерін оқып, адами қасиеттерін тілге тиек етті.
Көптің көрсеткен құрметіне риза болған Қасқырбай Дәрібайұлы елге амандық, еңбектеріне табыс тілеп, алғысын өлең жолдарымен жеткізді.
Кештің шымылдығы белгілі әнші, облыстық филармонияның жұлдызды өнерпазы Әділет Әбдікерімовтың орындауында ақын-сазгердің патриоттық «Мақтанышым-Отаным» әнімен жабылды.
Гүлшахар Әбдіқұлқызы.