«Рух — мәңгілік»
Ескіден есіп жеткен аңыз-жырларда Ер Едігенің түп атасы – Аңшыбай Батыр деген кісі екен-дүр (Мұрын жырау. «Қырымның қырық батыры»). Аңшыбай үш жасында анасынан, төрт жасында әкесінен айрылып, тас жетім боп қалады. Жетімді балалар басқа, көзге ұрып, ауыл маңынан жүргізбей қойыпты. Содан Аңшыбай жылай жылай елден жыраққа кетіп, бір қалың орманның ішіндегі көгілдір көлдің құсын атып жеп күнелтіпті.
Айлар, жылдар өтеді. Бір күні көлдің басында жатқан Аңшыбайдың қасына бір аққу ұшып кеп қонады. Аққу дүр сілкінгенде, айдай аруға айналады. Сонда аққу – ару: «Бала, сен мені атпа. Мен саған ертең қайырылып соғамын», – депті. Осыны айтып аққу ұшып кете барады. Іле әлгі аққудың соңынан тағы бір аққу Аңшыбай жатқан айдын көлге бауырын төсейді. Ол да сілікініп қалып, сұқсыр сұлудың өзі бола кетеді. Аққу Аңшыбайдан сұрайды: «Сен не ғып жүрген жансың?» деп. Аңшыбай жайын айтады. «Тас жетіммін, қаңғып жүрген бір ғаріппін. Азығым – шіл мен үйрек». Аққу тағы да сұрайды: «Менің алдымда қасыңда болған аққу не деді?». Аңшыбай айтты: «Ертең қайырылып соғамын деді». «Е-е, ендеше мен де қайтып келемін. Ол – мұсылман патшасының жалғыз қызы. Мен – кәуір патшаның жалғызымын». Осындай сөздер айтып, көкжиекке сыңсып сіңіп кеткен аққулар ертеңінде Аңшыбайдың лашығына еніп, екеуі де оған жар болады. Аңшыбай сөйтіп екі сұлу қатынымен ноғайлы еліне оралып, хан болады. Алдымен қалмақты шабады. Содан кейін Үнді еліне жалғыз өзі жорыққа аттанып, үндінің Ағырабат деген батыр әміршісін жеңіп еліне олжа салады.
«Қырымның қырық батырының» бірі – Парпарияның әкесі – Баба Түкті Шашты Әзіз. Шашты Әзізді Едігенің түп атасы дейді жыр. Деректер көзі де осыған саяды. Енді бағанадан Ер Едігеге келіп тіреле берген әңгімемізге көшейік.
Едіге – Тоқтамыс ханның тұсында әйгілі Алтын Орданың даңықты биі болған тұлға. Тоқтамыс екеуі Мәскеуді қоршап алып жартылай шала күйікке көмгенін тарих айтады. Алайда Мәскеуді тұтас өртеп жіберуді екеуі де мақсат етпесе керек. Өйткені Мәскеу Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұратын қала еді. Тоқтамыс пен Едіге Мәскеу сол салығын уақтылы төлемей, бұлғақ бастаған соң ескерту жасап қана қойған. Негізі батырлар Алтын Орданың дәргейінен асып, қарсылық көрсетіп жатқан Литовск кінәздігін тәубасына түсіруге бара жатып, Мәскеуге жолай ат басын бұра салған көрінеді. Кейін Тоқтамыс пен Едігенің арасынан ала мысық өтіп, бір бірімен жауласады. Қысқасы, Едіге өзінің жиені, Шыңғыс тұқымы – Темір Құтылықты Алтын Орданың ханы етіп, өзі бектербегі болады. Ал Тоқтамыс Литва билеушісі Витовты барып паналайды. Тоқтамыстың жан сауғалап келгенін Витовт өзінше пайдаланудың қамын жасап, Алтын Орданы шаппақ болады. Сөйтіп, мұздай қаруланған қалың қолымен зеңбіректерін сүйретіп, Дәшті Қыпшақ даласына бет алады. Бірақ, Едігеден ойсырай жеңіліп, қашады. Сол заманда жаны мұрнының ұшында тұрған князь Василий Дмитриевич Витовт патшаның Алтын Ордамен қастасқанын қалаған екен. Неге десеңіз, кемеліне келген Литва мен Полша күшейіп, Ресейдің батыс бөлігін басып алған-ды. Өзін «Литва мен Русьтің ұлы князі» деп жариялаған Витовт Мәскеуге үлкен қауіп төндіріп тұрды. Көрдіңіздер ме, бір замандарда біздің баһадүр бабаларымыз Мәскеуді сыртқы жауларынан қорғап қалған еді. Бұл оқиғалар 1398 – 1408 жылдар аралығында болған. 1408 жылы Едіге Мәскеуді қоршап алады. Мәскеу ағатайлап қол көтерудің алдында тұрғанда, Ордада бүлік шығып, Едіге кері қайтады. Мәскеу басқақатардың алдында тізе бүгіп, салығын төлейді.
Бұны басқа емес, орыс тарихшылары жазған. Карамзиннің, Гумилевтің, Клавихоның еңбектерін шолсаңыз, жоғарыдағы жайттарға көз жеткізесіз. Алайда, есіңізде болсын, орыс тарихшыларының кітаптарын «теріс» оқу керек. Олар ешқашанда өз елінің өткен-кеткенінен ақиқатты ашып, шындықты мойындап жазбайды. Тарихи жайттарды барынша бұрмалайды. Демек, орыс тарихшыларының болсын, Батыс тарихшыларының болсын еңбектерін оқығанда тек деректерге, жылдарға ғана көңіл аудару керек. Басқасының бәрі – идеология.
Міне, сөйткен Мәскеуіміз бүгін азуын айға білеп отыр. Никоновтары аузына келгенін көкитін халге жетіпті. «Дүние – кезек» деген. Жасыратын жоқ, никоновтардың түп-тұқиянына біздің бабаларымыздың тізесі әбден батты. Енді соны олар мына бізге – Алтын Орда империясының заңды мұрагері – қазақтарға істеп бағуда. Әйтсе де, «дүние – кезектің» бір туары рас болса, біздің Ер Едігелер атқа қонар күн де алыс болмауы мүмкін.
P.S. Айтпағым: «Рух — мәңгілік» деген сөз еді…
Дәурен Қуаттың фейбук парақшасынан