Мақаладан түйген ой
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласынан ойға түйген нәрсе көп.
Президент мақаласы еліміз жүріп өткен отыз жыл ішіндегі жеткен жетістіктері ғана емес, жарқын болашағы туралы байсалды талдау жасауымен де қоғамдық санаға сілкініс жасап, оқырманға ой салды. Біздің замандастар екі дәуірді көрдік. Алғаш 90 жылдары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздігімізді жариялау мақсатында қазақтың басын қосып, еліміздің егемендігі жолында ерен еңбек етті. Оған тарих куә, біз куәміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тәй-тәйлап тұсауы жаңа кесілген Қазақстан үшін оңай болған жоқ.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «елімізді аспен де, таспен де қорғаймыз»,- дегені батыл байлам!
Президенттің тәуелсіз мемлекеттігіміздің тұғыры – жер, тіл, мәдениет пен тарих, ел бірлігі мен құндылық мәселелері төңірегінде ойы көңілге қонымды. Тіл – Тәуелсіздік тұғыры! Осыны ескерген Мемлекет басшысы, барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарға үндеу тастады. «Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді», — деді Президент.
Мақалада Қазақстанның өсу және қалыптасу кезеңі жақсы қамтылған. Біздің Тәуелсіздігіміздің — ең үлкен құндылығы тарихи тамыры тереңде екені рас. Бүкіл әлем аумақтық тұтастығымыздың халықаралық шарттармен бекітілгенін Мемлекет басшысының өз аузынан естіді. «Мақалада Каспий конвенциясы туралы да айтылған. 2018 жылы біз Каспий теңізі жағалауында орналасқан мемлекеттер арасындағы теңіз шекарасы бөлінуіне қатысты ұзаққа созылған даулы мәселені шештік. Өз мүддемізді қорғау тұрғысынан алып қарағанда бұл біздің мемлекетіміздің үлкен жеңісі деуге болады.
Экологиялық мәселелер төңірегінде айтылған, кейбір нәрселерді заңмен қадағалау қиын. Ол қоғамда адамдардың мәдениетіне, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне байланысты туындайды. Бала кезден бастап табиғатты аялауды үйрету қажеттігі өте орынды айтылған. Одан әрі, уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайып кетуіне байланысты қандастар көшін жаңғырту қажеттелігін атап, халық тығыздығы әркелкі Қазақстан аймақтары үшін бұл еңбек күшін тиісті деңгейде сақтап тұруға, демографиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретін ерекше маңызы бар науқан екенін қаперге салады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырған. Әр онжылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр» дей келе, Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін жүгі де ауыр екенін, ол үшін ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажеттігін ескертеді.
Рас, Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы «Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты», — деген еді. Әрине, ұлттық сананы тарихи сана қалыптастырады. Тарихын терең білген, тамыр тартып, тағылым алған ұлт тәуелсіздіктің тегін келмегенін ұғынады. Бұл ретте Елбасының «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды кешенді бағдарламалар жасау арқылы тарихи санамызды жаңғыртуға рухани негіз, деректемелік бай қор жасап, таптаурын қияс түсініктерден санамызды азат еткенін айтқан, Президент тарихшыларға отандық академиялық үлгідегі жаңа тарих жазуды, сол арқылы ұрпаққа ұғынықты, қарапайым тілмен өткенімізді насихаттау, көркем және деректі фильмдерді көбейту секілді тапсырмалар беруі – уақыт созбай шешімін табуға тиісті өзекті мәселе екені айқын байқалады.
Президент мақаласында Өткенімізге бағдар жасап, болашаққа тың жоспарлар құрылған, жаңа идеялар мен ұсыныстар айтылған. Мемлекеттігіміздің жаңа тарихи кезеңіндегі Қазақстан Президентінің мақаласы болашақтың бағдарламасын қалыптастыратын қуатты идеологиялық негіз болатындығы айдан анық.
ІЗМҰХАМБЕТОВ Бақтықожа Салахатдинұлы
Республикалық «Ардагерлер ұйымы»
Орталық кеңесінің төрағасы