Батысқазақстандықтар өз таңдауларын жасауда

Бүгін – ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы. Батыс Қазақстан облысындағы барлық сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңғы сағат 7.00-де дауыс беру басталды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Нәжімеденов ертемен Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде орналасқан №450 сайлау учаскесінде болып, өз даусын берді. – Саяси науқан бүгін өз мәресіне жетіп, жерлестеріміз өз таңдауларын жасауда. Сол себепті біз де отбасымызбен бірге еліміздің болашағы үшін дауыс беруге келдік. Бұл күннің маңызы зор. Барлық партиялардың құрамында елімізге танымал азаматтар бар. Осы сайлаудың қорытындысы бойынша депутаттыққа өтетін тұлғалар алдағы бес жылда халықтың аманатын орындап, елге адал қызмет етеді деп сенемін, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Сондай-ақ өңірдегі барлық сайлау учаскелері санитарлық талаптарға сай жабдықталғанын жеткізді.

 

 

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков облыс орталығындағы №42 «Ақ ниет» гимназиясындағы №454 сайлау учаскесінде өз даусын берді. Бұл егемен елдің тарихындағы маңызды күн екенін атап өткен шаһар басшысы Абат Абайұлы: – Бүгін оралдықтар да ұйымшылдықпен сайлау науқанына қатысуда. Ортақ мақсатымыз – еліміздің өркендеуіне, болашағының жарқын болуына атсалысу. Өз даусымызды беру арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатының бүгінгіден де жақсаруына ықпал ететін бағдарламалар мен заңнамалардың, оңтайлы шешімдердің қабылдануына ықпал етеміз. Сондықтан әр сайлаушының даусы маңызды, – деді.

 

 

Бұл күні кәмелет жасқа толған жастар да алғаш рет сайлауға қатысып, дауыс берді. Батысқазақстандық жас спортшы Даниял Сәбит бүгін ел болашағына жауаптылардың бірі екенін сезінді. Бокстан ересектер арасындағы ҚР чемпионатында азулы қарсыласын тізе бүктіріп, жанкүйерлерін шулатқан спортшы ертемен Оралдағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде орналасқан №268 сайлау учаскесіне келді. – Мен өткен жылдың қараша айында 18 жасқа толдым. Биыл бірінші рет сайлауға қатысып, таңдау жасадым. Өте қуаныштымын, себебі әр қазақстандық дауыс беруге жауапкершілікпен қарауы керек деп ойлаймын. Сонымен бірге маған жас спортшы ретінде құрметпен қарап жатқаны да қуантты, – деді ел чемпионы.

Бүгін Орал қаласында ауа райы қолайсыз болып тұрғанын айтып өткен жөн. Көктайғақ салдарынан сайлаушылардың сайлау учаскелеріне жетуі қиындық тудыруда. Тағы бір айта кетерлігі, бүгін Орал қаласында барлық бағыттағы қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдауда. Ал сайлау учаскелерінде келушілерге тегін бетперделер берілуде. Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру үдерісі кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы