Білім министрілігі елімізде сауатты мұғалімдер жоқ деп дабыл қағуда
Еліміздегі мектептерде балаларды оқытатын білікті ұстаздар жетпей жатыр. Ата-аналар, әрине, ұл мен қызына тәжірибелі мұғалімнің білім бергенін қалайды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Алайда кәсіби деңгейі жоғары педагогтарды өзіміз таппай отырмыз, дейді Білім министрлігіндегілер. Бұл аздай, биыл ескірген мектептерді жөндеу үшін қаржы да жетпей жатыр екен. Сонымен қатар, шенеуніктер сабақ кезінде оқушылардың смартфон ұстауына тыйым салу мәселесін де шешуде.
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалғандықтан, Білім министрлігіндегілер мектепке дайындық туралы есеп беру үшін шұғыл журналистерді жинады. Шенеуніктер биыл оқу ордаларында кітап тапшылығы мүлдем болмайды, барлық аймақ оқулықпен түгел қамтылды деп сендірді.
Есесіне, балаларды оқытатын білікті ұстаздар жетпей жатыр екен. Әсіресе, Астанадағы жаңадан салынған мектептерге жоғары білімді, тәжірибелі мұғалімдер ауадай қажет.
«Педогогикалық мамандарға өте аз барады «Алтын белгі» иелері бармайды. Химия, физика, бизнес, құқық факультеттеріне барады. Мұғалімнің саны аз, өте дефицит. Жас мамандар бар. Біздер оларды да алуға тиістіміз. Екінші санатты мұғалімдер бар. Оны да алуға тиіспіз. Сіздер ауылдан келдіңіз, сырттай оқыды деп, біздер, әрине, қазір де директорлар алмайды. Бірақ кейде мұғалімдер жетпейді. Соларды алып, үйреніп…», — деді Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
Білікті ұстаз тек елордада ғана тапшы емес. Еліміздегі барлық мектептер жоғары санаттағы ұстазға зәру. Өйткені тәжірибелі мұғалімдердің басым бөлігінің жасы 60 асып, зейнеткерлік демалысқа шығып жатыр. Ал жас мамандардың өзін қайта тәрбиелеу керек екен.
Бұдан бөлек, биыл ондаған мектепке жөндеу жұмыстарын жасау үшін қаржы жетпеуде. Яғни кейбір өңірлерде оқушыларға шатыры тесіліп, төбеден су сорғалаған, қабырғасы қирап, едендері әбден ескірген оқу ордасында білім алуға тура келеді деген сөз.
«Алматы қаласында мектептерді жөндеу жұмсына толық қаржы бөлінбеген. Алматы облысында 48 мектептің тозығы жетіп, ескірген. Бірақ 26 оқу ордасына ғана жөндеу жасалды», — дейді Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
Сондай-ақ, Білім министрлігіндегілер мектеп оқушыларының смартфон ұстауына тыйым салу мәселесін де қарастырып жатыр екен. Бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов балалардың сабаққа смартфонмен кіруіне қарсы шыққан болатын. Оның айтуынша, ғаламторы бар ұялы телефон ұл мен қыздың алаңсыз білім алуына кедергі келтіреді екен.
Әбдірахымовты Қызылорда облысындағы прокурорлар да қолдаған еді. Білім министрлігіндегілер болса, бұл мәселені ата-аналар шешсін деп отыр. Оның үстіне оқушылардың өздері де смартфоннан қағылғысы жоқ.