БІРІНШІ ЕРІҢДІ СЫЙЛА!!!
Он-он бір жастағы баласын ертіп бір келіншек қабылдауыма келді. Малынбағанмен, ұқыпты киінген. Баласы да балпанақтай. Бірақ, өмірге өкпесі көп, он төрт жыл тұрмыста екен, осы жылдарда жұмыс жасамай, бала тәрбиесімен үйде отырыпты.
Көрші ауданнан мектепті аяқтап, сол жылы Шұбарқұдықтың жігітінің етегін ұстаған. Мамандық жоқ.
Әңгіме барысында үш мәселеге назарым ауды, көңілім қалды. Алғашқысы, келіншектің ерін жамандауы, бұл әңгімеге бүлдіршін баласының да араласып, әкесін жерге тыққаны жанға батты.
Көлік айдап, қолы босаса тапсырыспен үй жөндеп, отбасым деп шапқылап жүрген мен танитын жуас жігітті сыртынан аяп кеттім. Бақа басты бір жанға зар боп жүрген талай жанның қасында бұл қарындас бақытты емес пе?
Ерін қадірлемегеннің-елге қадірі қашан болып еді? Екінші байқағаным, Азамат боп өсетін жас баланың анасының көшірмесіне айналуы. Тілі ұзын, үйдегі билік иесінің шешесі екендігін байқатып отырды.
Ішер асының, киген киімінің әкесінің ала жаздай қабырғасы қайысып, әркімнің үйін салып тапқан қаржысына келгенін сезінбейді, тіпті момын жанды түтіп жегісі бар.
Үшіншіден, көп қазақ қыздарының мектептің бергенімен ғана шектеліп, әрі қарай білім алмауы өзекті мәселеге айналып келе жатырған секілді. Баланы туу үшін көп ақылдың қажеті шамалы, ал оған берер тәрбие мен білімің болмаса, ұрпақ азбағанда кім азады?
Дүниеден орнын табатын ұл-қыз өсіргің келсе алдымен Ана сауатты болуы шарт.
Көп айт, аз айт отбасында ердің қадірін асыратын да, түсіретін де әйел екендігіне тағы бір мәрте көзім жетті. Сіздің үйдегі орныңыз төр ме әлде босаға ма байқап көріңізші….
Жолдас Қалмағамбетов.
Самал Акбердиева парақшасынан.