Балшыға сенесіз бе?
Бүгінгі таңда газет-журнал мен хабарландыру тақталарын тіпті телеарналарда «бал ашамын», «жол ашамын», «жоғалғанды табамын», тіпті, «дуа жасаймын», «дем саламын» деген секілді жарнамалар жаулап алған. «Мына балгердің сөзінде пәтуә бар» дегенді естіген жұрт шетінен соған ағылады. Бұған не дерсіз?…
«Заманың түлкі болса, тазы болып шал». Бұл сөз дәл бүгінгі заманның балшы-балгерлеріне арналғандай. «Аңқау елге — арамза молда» демекші, Алланың атынан сөйлеп, халықтың аңқаулығын өз қажетіне жаратады. Жағдайымды жасаймын деп, ел-жұртты алдап, жоқ нәрсеге үміттендіріп немесе болашақтан күдер үздіреді.
Ақ жаймасын жайып, құмалағын шашып жіберіп, я болмаса картасын ашып, базарды, көшені жағалап жүретін балгерлер көбіне иманы әлсіз адамдарды үйіріп алады. Балшының айтқандары әу баста қызықтырады, таң қалдырады, сендіреді. Ал, оған сенген сорлы басыңдыкерек болсадуамен домалатады.
Бірде мен де барып көрдім сол балгерге. Етегі еден сүйреген сыған емес, қазақтың қарапайым бір әйелі.
Балшымен болған екеуара әңгіме өрісі менің өмірімдегі шындыққа жанаспайды. Алақанымды ашып, екі сағат мардымсыз болжамын баяндады. Жаным ышқынып, жүрегім тулап, жүз мәрте ішімнен «бісмілләмді» қайталап отыра бердім. Тағдырымды тап басып айтамын деді ме, әйтеуір әжептәуір әлектенді. Соңында көрсеткен «қызметінің» ақысына 700 теңге сұрады. Егер дем салдыратын болсам бес мың болады екен. Маған дем салу үшін бес мың теңге сұраған балшының қалауы — бұл бер жағы. Кейбірі, «Маған аталарым айтып тұр, «қара тауық сой», «көк қойдың етін маған әкеп таста», «қойдың өкпесін қағып же, сонда ауруыңнан жазыласың» дейтіндер бар. Алаяқтықпен ақша табудың негізгі көзі де – осы.
Әлгі балгерден шыққанымда өзім шамалас екі қыз кезек күтіп тұр екен. Сөзге тартып байқасам, олар қатарластарының сөзіне еріп бал ашуға келіпті. Иә, қазіргі заманда басына қиыншылық түссе, адамдардың жүгінетіні — Құдіреті шексіз Алла Тағаланың жәрдемі емес, өтірігі көп бақсы-балгерлер. Адамдар арасындағы күмәншіл күдік, соқыр сенім, арылмас мұң соларға жетелейді. Бәзбіреулер балгерлер шынайы қасиет иелері деп сенсе, енді бірі олардан асқан айлакер жоқтығын айтады. Шын мәнісінде олар кімдер?
Ал, асыл дініміз олардың ісін Аллаға серік келтіру деп санайды. Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің наиб имамы Хасан Аманқұлов былай дейді:
— Халық арасында кеңінен тараған, тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлермен бірге шариғат құптамайтын ырымдар, қалыптасып қалған әдеттер де бар. Соның бірі – бал ашу, яғни балгерлік. Қасиетті Құран Кәрімде: «Көктегі және жердегі құпияны Алладан басқа ешкім білмейді», — делінген. Яғни болашақты болжау, пенденің алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын білу адамның қолынан келмейді, ол Аллаға ғана аян. Құран Кәрімде барлық нәрсе өлшеммен жаратылған. Бақсы-балгерлердің ғайыпты білемін деп дағуа етуі – харам. Оның осы жолмен яғни шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақшасы да — харам. Ал, адам балгерден ғайыпты сұрау үшін барып жатса, Алладан түскен хақ сөзге анық қарсылық жасағаны. Олар ғайыпты тек Алланың білетінін теріске шығарып, Құран аятына қарсы шығады. Бұл – үлкен күнә! Ал, адамдардың санасын сан-саққа бөлетін нәрсе – балгерлердің кейбір жорамалының дәл келуі. Бұл қалай деген сұрақ туындауы мүмкін. Дін өкілдері бұны олардың жындармен байланыста болғанымен түсіндіреді. Жындар көбінесе руханилығы төмен, тәні лас адамдарға кіреді, сондай-ақ кәпір жындар өздеріне дос ретінде иманы әлсіз адамдарды әдейілеп таңдап алады. Сөйтіп оларды алдап‑арбау арқылы, түрлі айлакерлік әдістермен өз ырқына көндіреді.
Көп елдерде мұндай харам істермен айналысатындарға қатаң тыйым салынған. Ондайлар заң аясында жазаланады. Мәселен Шешенстан Республикасы алаяқтықпен, яғни көрiпкелдiкпен, жалған емшiлiкпен айналысатындарды бақылауда ұстайды. Мұндай iспен айналысуды тоқтатуға уақыт береді. Егер доғармаған жағдайда Қылмыстық кодекспен тергеп, тиісті жазасын береді екен. Бізде де бар мұндай Заң. Бірақ, ол балгерлерге емес, алаяқтықпен ақша тауып, жұртты әбігерге түсіретіндерге арналған. ҚР Қылмыстық Кодексінің 6-тарауының 177-бабында алаяқтық жайында, өзге жанның мүлігін не ақшасын иемдену туралы айтылған. Тек сол заңды білетіндер аз. Бұл дегеніміз азаматтарымыздың өз құқықтарын өздері қорғай алмайтындығы көрсетеді.
Соқыр сенімге еріп, дуаның дауына іліккенше басыңызға қандай да бір қиыншылық түссе, ең алдымен жәрдемді әлемдердің Раббысы, Құдіреті шексіз Алла Тағаладан іздеңіз. Тыныш өмірдің кілті — Алланы еске алумен, дұға мен ғибадатта.
Мереке АМАНТАЙ