АТА-АНАСЫН БАЛАСЫНАН АЙЫРАТЫН ЗАҢҒА БІЗ ҚАРСЫМЫЗ!
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды халық қолдамайтындығын білдіруде.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның қабылдануына қарсылық білдіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин мырзадан ұлттық болмысымызға мүлдем жат мұндай сорақы заңның қабылдануына жол бермеуін талап еткен үндеулер тарап жатқаны белгілі. Бұған себеп, 2020 жылдың 23 қыркүйегінде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының бірінші оқылымда мақұлданғануы болды. Мамандардың пікірінше, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып кетсе, мемлекет әр отбасында не болып жатқанын жіті бақылап, ата-ананы болмашы нәрсе үшін құқығынан айырып, баланы алып кететіндей жағдайға жетуі мүмкін. Бекмұрат Анарбаев бастаған оңтүстіктің ақындары үндеу жариялап, «Өнер қырандары» театрының жетекшісі Мадияр Серікбаев өз парақшасында тікелей эфир өткізіп, Қазақстан ата-аналар одағының өкілі, құқық қорғаушы Бағила Балтабаева, заңгер Бейбіт Омаров, құқық қорғаушы Алия Абдинова, адвокат Елена Игнатенко, қоғам белсендісі Гүлмира Сембиева бастаған топ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Премьер-министр А.Маминге, Сенат төрағасы М.Әшімбаевқа, Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулинге және депутаттарға үндеу жолдап, өздерін «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қатты алаңдатып отырғанын мәлімдеді. Талқыға түскен жаңа заң жобасы мұқият зерделеп қарауды талап етеді, бұл қоғам болып үн қосып шешетін мәселе екені даусыз.
Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Балаға үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Көне заманнан ата-бабамыз бала тәрбиесіне аса назар аударып, «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құдаңдай сыйла» деп, баланың ой-өрісінің даму кезеңін ерекше бағалаған. Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада» деген екен. Олай болса, адам өмірінің мәні ұрпағы! Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап-ақ, ата-ана алдында нәзік те, қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады, ол – бала тәрбиесі. Шәкәрім атамыздың «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар:барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапаларға адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дегендей, құнды қасиеттерге ие рухани адамды қалыптастыру шынында да адам туған кезінен басталса керек. Ұрпағының ойы қырағы, көкірегі ояу, адамгершілігі мол болуы үшін дұрыс тәрбие берудің мәні зор. Хакім Абай өзінің оныншы қара сөзінде «Әуелі балаңды өзің алдайсың әне берем, міне, берем деп , бастысы балаңды алдағаныңа мәз боласың. Соңыңда балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» деп балаларына теріс тәрбие беретін ата-аналарды сынайды. Әрине, бұл отбасы ішіндегі тәрбие мен міндет болса, білім ошағындағы білім мен тәрбиенің де ұрпақ тәрбиесі үшін алатын орны ерекше. Әл-Фараби «Тәрбиесіз білім-адамзаттың қас жауы, апаты» деген екен. Расымен де, тәрбиемен берілмеген білім де, ілім де еш қадірі жоқ, жай дүние.
Азаматтық қоғам өкілдері аталмыш заң жобасын парламенттік талқылаудан алып тастауды сұрап отыр. Мораль мен этиканы, отбасылық негіздер мен дәстүрлерді бұзуға, әлсіретуге бағытталған «еуропалық стандарттарды» санасыз көшіруге жол бермеу қажет.
Қажымұқан Абзалов, айтыскер ақын:
Мына сұмдықты тоқтату керек!
Кешегі балам жайлы жазған постымды оқып, полиция қызметкерлері түнделетіп үйге келіп, айқайым үшін айыппұл салып, баламды үш айлық мерзімге анасы екеумізден аулақ алып кетті. Тергеу барысында ұлымның рұқсатынсыз оны сүндеттегенім, таңдауынсыз мұсылман еткенім ашылып, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық деп танылып, өзімді де қамауға алмақ…
Алла сақтасын! Қандай қорқынышты мысал ия? Бірақ, бұл қорқыныш қоғамға сіңіп кетейін деп тұр. Жаңа парламент депутаттарының талқысына түсетін алғашқы заңдардың бірі осы. Ұл мен қыздың әке-шешесімен теңдігі. Үйде үлкені әке-шеше, кішісі бала-шаға емес. Бәрі тең. Атаңның ақыл айтуға, апаңның сені жұмсауға құқы жоқ. Қысқаша былай, бұл заңның 15-ші бабы бойынша – «балаңыздың бір жерін кесу үшін де, қызыңыздың құлағын тесу үшін де олардың рұқсаты керек, әйтпесе зорлық», «бес-алты балаңызды бөлек кереует, бөлек керек-жарағымен қамтамасыз етпесеңіз, экономикалық жетіспеушілік бабымен ата-ана құқығынан айырыласыз», «әйеліңізге тіліңіздің, балаңызға саусағыңыздың ұшы тисе психологиялық сараптамадан кейін қамаласыз», «балаңыз жынысын ауыстырамын десе, бір жынысты некеге тұрса оған қарсы шығу заңмен қудаланады», «өз отбасыңызды үгіттеп, өз позицияңызға шақырсаңыз кісінің қақысына кірді деп айыпталасыз», «ерлі-зайыптылар ажырасса арадағы бала екі тарапқа да берілмейді, бөлек, беймәлім үйге жатқызылады», «әр жанұяның кез келген ішкі ұрыс-керіс жағдайы мемлекеттік бақылауға алынады». Сұмдық па? Санаға сыймай ма? Өкініштісі оны санаға сіңдіріп жатқан сырты ғана қазақтар. Ал бұл заң біздің қазақ менталитетіне келмейді деп күресіп жатқан Анатоли, Елена деген жүрегі қазақ жанашырлар. Қандай ия? Гейлердің құқығын қорғап жүрген ұйым бұл мәселеге бел шеше кірісіп, заңды қабылдауға бар күшін салып жатыр, ал біз үнсізбіз, себебі бейхабармыз. Білдік, енді бей-жай қарамайық. Үнқатыңыз, қосылыңыз, таратыңыз. Бұл заң қабылданса челлендж үшін емес шынымен атқа мінетін сияқтымыз…
Бекмұрат Анарбаев, ақын:
Баршаңызды үнқатуға шақырамыз!
Оңтүстік ақындары осындай үндеу көтерді. Біз отбасылық зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрі болсын қатаң айыптаймыз. Бірақ осы бір атауды бетперде қылып, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық менталитетімізге, әдет-ғұрпымызға, отбасылық құндылықтарымызға күйрете соққы беруді көздейтін, қазақы болмысымызды батыстың батпағына тұншықтыратын заңға қарсымыз. Бұл заң түбегейлі қабылданып кетпеу үшін барша қазақты үн қосуға шақырамыз. Егер бұл заңға жол берсек біріншіден, сіз балаңыздың ата-анасы емес жәй ғана асыраушысы болып қаласыз. Екіншіден, ата-ана ретінде дауыс көтеріп қойсаңыз балаңыздан біржола айырылуыңыз мүмкін. Үшіншіден, ондай жағдайда балаңыз мемлекеттік мекемелердің емес жекешеленген кризистік орталықтардың қарамағында болады. Төртіншіден, тұсау кесі, сүндеттеу тәрізді дәстүрлі әдет-ғұрыптарды балаңыздың рұқсатынсыз жасай алмайсыз. Бесіншіден, балаңыз жынысын ауыстырам десе де, бір жынысты некеге тұрам десе де ата-ана ретінде қарсы тұра алмайсыз. Бұл біздің тамырымызға балта шауып, адам ретінде азғындатып, ұлт ретінде жойып жіберудің төте жолы емес пе? Алтыншыдан, отбасылық ішкі мәселелердің барлығы ішер асыңыз, киер киіміңіз, беретін тәрбиеңіз тіпті үлкенді-кішілі ұрыс-керістеріңіздің барлығы мемлекеттік ұйымдардың бақылауында болады. Қысқасы ыдыс-аяғыңыз сықыр етсе, есігіңіз тықыр еткелі тұр. Сіз мұндай жымысқы ұйымдардың заң арқылы жанұяңызға кіріп, айрандай ұйып отырған отбасыңызды іркіттей ірітуін қалар ма едіңіз? Біз оңтүстіктің ақындары елжанды азаматтар ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин мырзадан ұлттық болмысымызға мұлдем жат мұндай сорақы заңның қабылдануына жол бермеуін сұраймыз. Біз бабаларымыздан қалған дәстүр бойынша өз отбасымызғы өзіміз ие болғымыз келеді.
Ертай Айғалиұлы, қаламгер:
Бұл «жығылған үстіне жұдырық!»
Тәуелсіздігіміздің 30 жылында рухты, намысты, иманды, салт-дәстүрлерімізбен әбден сусындаған, қанған, батыл, өр, қайсар, білімді де білікті, ұлты, тілі, ділі үшін қасқайып өлуге баратын ұрпағымыздың біртұтас толқынын дайындауымыз қажет еді. Әттең, ондай ұрпақты дайындай алмадық. Қайта керісінше тәрбиелеген сияқтымыз. Оған кім кінәлі? Балабақша, мектеп, оқу орындарында ұлттық тәрбие жүйесін жасай алмаған билік кінәлі. Отбасымызда балаларымызға дұрыс тәрбие бермеген өзіміз кінәліміз.
«Жығылған үстіне жұдырық» дегендей мына заң жобасы ұлтымызды тұралатып, шаңырағымызды қаусатып, отбасымызға іріткі салатын атом бомбасы. Ертең әке-шешелерін жаппай қарттар үйіне өткізетіндер де осылар. Бұған жол беруге болмайды. Отбасы құрыса, мемлекет те жойылады.
Бақыт Ботпаева, ұстаз:
Тосқауыл болайық!
Ата-бабаларымыз жарғақ құлағы жастық көрмей, ұл-қыздарын қызғыштай қорғап, уысынан шығармай тәлім-тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды армандайтын. Енді, міне, біздің бала тәрбиесіне қатысты талай ғасырдан бері қалыптасқан салт-дәстүріміздің түп-тамырына балта шабам дегендердің іс-әрекеттері айқындала бастады. Жаңа заң қабылданса соны желеу етіп, отбасындағы зорлық-зомбылықты тыямын деп, күндіз қолына шырақ алып, «шыбық тимей шыңқ етерлерді» іздеушілер көбейетін болады. «Шаш ал десе, бас алатынындардың» артында «қазақтың әрбір үйінде жоқ жерден шу шығарып, байбалам салыңдар» деп тұрғандар барын байқау қиын емес. Егер бүгін көп болып жаңа заңның қабылдануына тосқауыл
жасамасақ, мұның арты қиынға айналатынын болжауға болады.
Өз балаңның тәрбиесіне араласпасаң, кемшілігін түзеп, қажет жерінде қаталдық көрсетпесең ата-аналық парыз, бедел қайда қалады? Біздің ана, әпкелеріміз сонау көне заманнан күні бүгінге дейін бір әрпі де өзгермей дәстүрлі қағида болып қалыптасқан «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген мақалға арқа сүйеп, балаларының бойына кір жуытпайтын. Сондықтан «қыз балаға қырық жерден тыйым» деп текке айтпаған дана халқым. Қазір онсыз да еркіндік деп тәрбиені қолдан шығарып алдық, көшеде жалаң бас, жалаң бұт демей не дейін, кіндігінен бір қарыс жоғары-төмен қарны мен белі жалаңаш жүрген жас қыз-келіншектерді күнде көреміз. Шылым тартып, арақ-шарап ішіп жүргендері де аз емес. Ар-ұятсыз, жалаңаш-жалпы, қалай болса солай киінген қыз-келіншектерді көргенде: «Ойпыр-ай, бұлардың әке-шеше мен аға-жеңгелері бар ма екен? Бар болса, неге бетімен жіберген?» дейсің. Бірде осындай жеңілтек қызға: «Балам-ау, не істеп отырсың, мынауың ұят қой» деген әжептәуір жастағы азаматқа әлгі қыз: «Не істеймін, не айтамын – ол менің өз еркім, бас бостандығым. Менен аулақ жүріңіз» деп бетінен алып, жерге қаратты. Ал өз үйіңізде осындайды көрсеңіз, бір емес екі-үш рет қайта-қайта айтарсыз. Ал қызыңыз сөзіңізге құлақ салмай: «Мені мазаламаңдар. Жүйкеме тие берсеңдер өзіме-өзім қол жұмсаймын, әйтпесе осы үйден де, сендерден де біржола кетем, қайта айналып келмеймін» деп жауап қайтарса қайтер едіңіз?…
Елена Игнатенко, заңгер:
Қарапайым отбасылар зардап шегуі мүмкін
Біздің бастамамыз бойынша заң жобасының 36-бабының өте қауіпті ережесі алынып тасталды. Біз бұл нормаларды балаларды алып қою мәселесінде адамдардың негіздерін, тәртібі мен өкілеттіктерін нақты реттейтін қолданыстағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне қайшы келетіндігін алға тарттық. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұны жергілікті атқарушы органның актісі негізінде қорғаншылық және қамқоршылық орган ғана жасай алады. 7 күн ішінде бұл орган ата-ана құқығын шектеу немесе айыру туралы талап арызбен сотқа жүгінуі керек. Сонымен қатар, біз ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеуге табиғи құқығының ерікті түрде бұзылуын болдырмау үшін осы нормаларды дәл нақтылау қажет деп санаймыз. Ата-аналардың «бірлескен қамқорлығы» термині біздің заңнамамызға сәйкес келмейді, оған сәйкес ата-аналар қамқоршы емес, баласының заңды өкілі болып табылады. Ата-анасының бірлескен қамқорлығы Германия Азаматтық кодексінде қарастырылған, бұл қарызға алынған заң жобасының идеясын қарастыруға негіз береді. «Бірлескен қорғаншылықты тоқтату» ұғымы бөтен болғандықтан, оны Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексінде көзделген баланы шектеу, ата-ана құқығынан айыру немесе алып тастау жөніндегі сот процедураларының ешқайсысымен сәйкестендіру мүмкін емес. Тиісінше, заң шығарушылар ойластырған мұндай «бірлескен қамқорлықты тоқтату» сот актінсіз және ата-аналардың әрқайсысының кінәсіне қарамастан мәжбүрлі түрде жасалуы мүмкін.
Кез келген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы екенімізді айта отырып, «тұрмыстық зорлықпен күрес» деген ұранның кесірінен қарапайым отбасылардың зардап шегуі мүмкін екенін айтқым келеді. Біздің көпұлтты қоғамда отбасы құндылықтары, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы ерекше бағаланады. Әр қабылданатын заң осыған сәйкес құрылуы керек. Біріншіден, депутаттар ұсынған жаңа заң біздің өмірге, қоғамға сай келмейді. Кез келген заң құқықтық фундаментке, базаға сүйеніп құрылады. Одан әрі ол қоғамның қызығушылығына, тіршілігіне қарай елдің жағдайын, құқығын жақсартуы керек. Жаңа заңда психологиялық зорлық туралы айтылған. Бірақ оның ешқандай құқықтық нормасы жоқ.
Түйін
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді дана халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес, одан да көп ғасыр жасайды екен. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» демекші, егеменді еліміздің тірегі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу отбасынан басталады. Жас ұрпағымызды жақсы тәрбиелемесек, қоғам, мемлекет тұралайды. Ұрпақ тәрбиесі кім көрінгеннің ойыншығы емес. Міне әлеуметтік желілерде де, күнделікті өмірде де халқымыз бұл заң жобасына үзілді-кесілді қарсы екенін айтып, жазып жатыр. Президентіміз Қ.Тоқаев, Парламент Мәжілісінің спикері Н.Нығматулин бұл талап-тілектерге құлақ асып аталған заң жобасын тоқтатуы тиіс. Халықтың талабы осы.