Облыс аумағында 29 өрт оқиғасы тіркелген

 

Бұл – жыл басынан бергі көрсеткіш. Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарына тілсіз жаудан сақтану шараларын қатаң ескертуде.

Департаменттің баспасөз қызметі мәлімдегендей, облыс орталығында 25 қаңтар күні кешкі уақытта тұрғын үйден өрт шыққан. Өрт сөндіру қызметінің «101» байланыс нөміріне түскен жедел хабар бойынша тілсіз жауды құрықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 26 қызметкері мен сегіз техникасы жұмылдырылған. Сонымен қатар полиция департаментінің тергеу-жедел тобының алты қызметкері мен екі техникасы келген.

 

 

Қызыл жалын төрт пәтерлі тұрғын үйдің біреуін және ішінара көрші пәтердің шатырын шарпыған. Жалпы ауданы 50 шаршы метр аумақта өрт болған. Өкінішке орай, оқиға орнынан 1932 жылы туған пәтер иесінің мүрдесі табылған. Өрттің шығу себебі мен кінәлі тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында 29 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 16-сы – тұрғын үй секторында орын алған. Өрттен бір адам жарақат алған. Сонымен қатар алты автокөліктегі өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда, бес жағдайға артық.

Осындай статистиканы алға тартқан төтеншеліктер облыс тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырып, сонда ғана тілсіз жаудың алдын алып, қайғылы жағдайға орын бермеуге болатынын ескертуде.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы