ЕЛІМІЗДЕ МҰНДАЙ МЕКТЕП ЖОҚ ШЫҒАР
ОТЫЗҒА ТАРТА ЕР МҰҒАЛІМ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ҮЗДІК АУЫЛ МЕКТЕБІ
Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында 2014 жылы ашылған Ақшұқыр-мектеп лицейі білім беру саласында «Үздік ауыл мектебі» ретінде дараланады. Бүгінде 1507 оқушыға білім беріп отырған ауыл мектебінде барлығы 123 мұғалім қызмет етеді.
Сондай-ақ, бұл меткеп кадрлық ерекшеліктерімен де назарға ілігуде. Сапалық кадрлары жағынан республикалық мектептерден едәуір айырмашылығы бар.
Өйткені, аталған ұжымда 30-ға жуық ер мұғалім қызмет етсе, олардың ішінде: 2 — шебер-педагог, 3— зерттеуші педагог, 5— сарапшы педагог, 7— модератор-педагог қызмет сапында.
Дені жоғары білімді, бәсекеге қабілетті жастардан тұратын әр түрлі пәндерден сабақ беретін ер ұстаздары бар бұл мектеп қай бәйгеде де жеңіс тұғырынан түспеген.
-Қолынан ерекше іс келетін технология пәнінің ұстазынан бастап, Бакуде өткен халықаралық байрақты бәсекеде алтын тағып, шәкірттері жеңіс шыңнан түспейтін дене тәрбиесі пәні мұғалімі, есепке жүйрік регат-математик, үздік тарихшы ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінінен сабақ беретін — ақын, актер, жүргізуші ұстаздар, әнші, жыршы, шахматшы, кәсіпкер, БӘД пәні ұстаздары сынды сегіз қырлы бір сырлы ер ұстаздарымызбен мақтанамыз! Олардың ерекше қарым-қабілеттері мен жігерлерінің арқасында көптеген байқауларда бәйгені бермейміз. Бұл дегеніңіз — осы жалынды жастардың жаңашылдыққа құмар білімдерінен,- дейді мектеп директоры Қаламқас Қалиқызы.
-Жоғары білімді мамандардың жетістіктері де аудан, облыс деңгейінде емес, көбісі республикалық бәйгелерде ат оздырған жүйріктер,- дейді бұл ауыл мектебінің кадрлары туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева.
Ақшұқыр мектеп-лицейі 7 жылдың ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының шешімімен екі дүркін «Үздік ауыл мектебі» аталымы, Маңғыстау облыстық білім басқармасының шешімімен «Үздік олимпиадалық мектеп», екі рет «Үздік ауыл мектебі», Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйғарымымен «Үздік мектеп-лицей», «Орта білім беретін Үздік ұйым», «Табиғатпен үндес мектеп», ҚР БҒМ жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен «Үздік олимпиадалық ауыл мектебі» номинациясымен марапатталды.
Гульмира Абишеваның фейсбук парақшасынан