АҚЫН КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ҚЫРЫ
«Қазақ поэзиясында лирикалық өлеңдердің өзгеше тыныс ашқын кезінде әдебиетке келген Кеңшілік Мырзабеков өзіндік дауысын тез тапты. Оның лирикалық жырларының жұпары бөлек-тұғын», — деген Әділғазы Қайырбековтың пікірі ақын атына берілген әділ баға екені даусыз.
Асқақ романтика мен сыршыл сезім Ж. Әбдірашевпен заманы бір ақын К. Мырзабековтың өлеңдері мен баладаларына тән сипат. Оның қаламынан туған «Ақ көйлек», «Көшу» сияқты сюжетті өлеңдерде ақындық үн ұлттық бояумен астасып, өзгеше өрнек тапқан.Сыншылар назарына көп іліккен «Ақ көйлек» өлеңі астарлы, ишаралы өлең. Өлеңнің атының өзі астарлы бір ойға меңзейді. Ақынның қылаусыз сезімі, тап-таза көңілі, жүрек бұлқынысы өлең құрылымын тұтасымен жанды суретке айналдырып, ерекше бір әсер қалдырады.
Қаладан көкем әкелген маған ақ көйлек,
Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек.
Ойлайтын едім, дәл мұндай мата жоқ қой деп,
Киер ем күнде ауылда, әттең, көп той жоқ
деген жолдармен басталатын өлең әрі қарай ақынның сол ақ көйлекке деген ерекше сүйіспеншілігімен өріліп, алаңсыз, қылаусыз балалықтың белгісіндей болған көйлекті киген сәттегі лирикалық кейіпкер сезімі, балалық пен бозбалалық дәурен арасындағы толқу, ақ көйлекті қара құйынның ұшырып әкеткен сәтіндегі күйініш пен өкініш тамаша үйлесім тапқан.
Ақ көйлек, ақынның өз сөзімен айтқанда, – «жамауы жоқ, жасауы жоқ, көңіліндей аппақ қылаусыз» балалығының белгісі. Балалықтың сәтте ғайып болуы – өмір заңы. Ақ көйлекті ұшырып әкеткен қара құйын – балалық атты дәуренді ғайып қылар қатал күш тәрізді.
«Жеткізбей маған көңілімдей аппақ көйлегім,
Бозбала болдым. Балалық көңілім мертігіп»,
деген жолдармен түйінделеді.
Көріп отырғанымыздай, ақ көйлек жалаң ғана киер киім ретінде жырланып тұрған жоқ. Ақ көйлек – алаңсыз балалық дәуреннің ишарасы. Кеңшілік қаламына тән асқақ үн ишарамен, тұспалмен астасып, өмір шындығы романтикаға, содан символға ұласқан.
Ж. Әбдірашев, К. Мырзабеков өлеңдерінен романтикалық, символдық сипаты анық көрінеді. Кеңшіліктің «Аңыз» атты өлеңінде еркіндікке құштар, биіктікке құмар өршіл рух жырланады.Аты айтып тұрғандай, өлең мазмұны аңыздық сипатта.Ақын тілінде «Еркін құс» түрінде жыр өзегіне алынып отырған азат рух, оның замана қыспағында шырылдауы түйсікпен барлап түсінер нәрсе.Көркемдік тәсілдің шебер өрілуі нәтижесінде мазмұны терең, поэтикалық айшығы салмақты өлең дүниеге келген.
Сонымен бірге, айтылар ойдың ишарамен, тұспалмен жеткізіліп, азат рухты еркін құспен ауыстырылуы символизмге тән сипат екенін ескерте кету керек. Әрине, символизм ағым ретінде ақын шығармашылығына терең сіңіспегенімен, бірсыпыра сыршыл өлеңдерінде өзіндік ерекшелікпен көрініп қалып отырады. «Ж. Әбдірашев лирикасына тән ерекшелік асқақ пафос, өр екпін, шешендік толғамдар болса, К. Мырзабеков лирикасы сыршылдығымен, сезімтал сергектігімен ерекшеленеді. Сондықтан адуынды ақынның лирикалық қаһарман тұлғалаудағы стильдік ізденістеріне соқпай өте алмаймыз. Лирикалық қаһарманның көңіл күйін, сезімін бейнелеуде қазақ ақындары тамаша жетістіктерге жетті. Күллі халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Абайдың лирикалық қаһарманы, ел қайғысына жүрегі сыздап, жаны ауырған Мағжанның лирикалық қаһарманы, жарқын болашаққа қол созған Сұлтанмахмұдтың өр тұлғалы қаһарманы, Сәкеннің күрескер қаһарманы міне, осының бәрі ұлттық поэзиямызда жаңа сапалы дәстүр, қыр сыры мол лирикалық қаһарман бейнесінің сомдалуының бірегей мысалы болды. Бұдан кейін өр мінезді, романтик Қасымның (Аманжолов), сыршыл Сырбайдың (Мәуленов) лирикасында да ізгі дәстүр жалғасын тауып, жаңашылдықпен дамыды. «Лирикалық қаһарман сезімін бейнелеу әйтеуір дара мақсатқа айналмай, ол ақынның өмірді өзінше танып, өзінше бейнелеу міндетіне бағындырылса ғана жеміс бермек»,- дейді ғалым
Қ. Мәшһүр-Жүсіпов
Осы жерде сыршыл ақынның мына бір өлеңіне зер салалық.
Тел өскен тең құрбыңмен қатар өскен,
Сен маған мүшел үлкен апа емес пе ең!
Бір үйдің бозтайлағы ең,
Қыз ғып беріп,
Табиғат тек сол жерден қателескен…
Ерке едің, еркін едің-шолжың емес,
Бір үйдің байламы едің, болжамы емес.
«Тағдырың қосақтайды кімге сені»,
Кез еді сағым-сауал ол жағы елес.
…Қойлы ауыл қоңыр төске кеп қонғасын,
Кез еді көктемде ойнап өткен жасын.
Сынағы–кәмілеттік аттестаттың
Кезі еді кәмілетке жеткен жасың…
…Көзіңнен керемет бір нұр жүгіріп,
Қарап ең, о, ғажап-ай, тірлік–үміт.
Бір жәндік… дәуіт екен шаңыраққа
Шыға алмай тал уыққа тұрды ілініп…
…Бір күні ауыл сырты қара жолға,
Бұрқ етіпшға келді қара «Волга».
Жүр едім қозы қайырып қыр басында,
Тұмсығын сіздің үйге қадағанда.
Оқыс бір сезім теуіп сананы кеп,
Дір етті…әлденеге бала жүрек.
Әз апа, сені ойладым… жүдеді-ау деп,
Соңғы айда сын тапсырған сабағы көп…
Сюжетке құрылған өлеңде ақынның астарлы ойлар арқылы сөзді ойнатуы керемет байқалады. Қыз-ғұмырдың шолақтығын, көп сөзділікке салынбай «Бір жәндік… дәуіт екен шаңыраққа, шыға алмай тал уыққа тұрды ілініп» деп астарлап жеткізеді.
Өзі қатты құрметтеген ақын Мұқағали соғыс уақытындағы ауыл халқының тұрмыс тіршілігін жырына арқау етсе, соғыстан кейінгі ұрпақтың өкілі Кеңшілікте жүдеу тұрмыс пен ашқұрсақ балалығын өзінше өрнектеп жазды.
Мұқағали:
«1941. Ақпан» атты жырында,
«…Балалығым жарбиып өтіп еді,
Өгіз жеккен соқаның құлағында…» десе,
Кеңшілік:
«Жолда» деген өлеңінде,
«Жалғыз аяқ жол қосығындай,
Жараған өгіз арқасы қырдай.
Тобарсып таңдай, сілекей селдеп,
Аптапта кепкен, аңқасы құмдай.
Аңқасы құмдай, айызы қанбай-
Кеберсіп қалған қызыл құмдардай.
Келеді өгіз, кешеден бері
Үзіле де алмай, үздіге де алмай.
Көз сүзе қарап айналамызға,
Өгіздің жайын ойланамыз ба?
Май толы барлық ыдысты шандып,
Белтемірден ап байлағанымызда:
«Қақсал ғой жануар қара өгіз шыдар,
Майымызда аман баратын шығар.
Басқарма бізді бастан бір сипап,
Арқамыздан да қағатын шығар»».
Осылайша бала қиялының ұшқырлығын, Үкіметке тапсыруға жіберілген сары майдың жауапкершілігін, әбден қара жұмысқа еті өлген қара өгіздің «салмақтылығын», төзімділігін сезінген сәтін керемет суреттейді. Шындап келсек ақын ойының тереңдігі сойқан. Қолындағы барын үкіметке тапсырып, аш қарын, қара сирақ балаларына қу масақты қуырып берген жұрттың, қара өгізден артық жері жоқтығын емеуірін арқылы береді. «Аңыздардан тере жүріп масақты, Рас, рас көзімізден жас ақты» деп Мұқағали айтпақшы, көз жасын көрсетпей, барға қанағат ету қазақтың қанында бар екенін ақын астарлап жеткізеді. Ақынның суреткерлігінің бір қыры осы жерде тағы көрініс береді. Әлгі не көрмеген жуас қара өгіз ақ бас сонаның шабына келіп «сүйкенгеніне» тулағанын қарасаңызшы.
«Сірке кірпіктің қарашығы аунап,
Қарайды өгіз қара шығанға…
Шабына бір кез шынашақтай жәндік
Алабаты тиіп, аласұрғанда…
… «Қарғиық,-дедім,- майыпқа адам,
Кездесуші еді, ғайыптан әмән».
Қайызғақ шаңға күмп ете түсіп,
Қозғалмай қалдым тайып бұғанам…
Қайырылмай тартып құлаған бізге,
Жөнелді өгіз қыр, адыр түзге.
Әбдіре арба аударылғанда
Шатқаяқтап кеп, құлады өгізде.
Құлады өгіз де…талма түс кезде,
Қырық адым жерден тағдырын сезбей.
Бәріне төзген көнтері жануар
Шынашақтай жәндік кәріне төзбей.
Қалдық біз, жүрек ұрғылағанда,
Басымыз зеңіп, бір құлағандай.
«Аман қалдық» деп айғайлай да алмай,
Солқылдап сонда бір жылай да алмай».
Шағын ғана бір өлең поэманың жүгін көтеріп тұрғандай әсерге бөлейді. Мұндай оқиғаға құрылған жырлар ақында тіптен көп.
«Шешемнің бір хаты» деген өлеңін де қаншама сыр жатыр. Керек десеңіз қазақ поэзиясына әкелінген ерекше жаңалық деуге тұрарлық.
«…Сен кеткесін кешкілік суға бардым,
Сол жау өзен жататын қырда қалғып,
– Суға неге келдің,- деп тулап алды.
Су қараңғы топас бір толқын келіп,
Толқып тұрған кеудемнен тырнап алды.
Жаулығыммен жасырып жарқабақта,
Жалғыз тұрып жанарды сулап алдым.
– Иініңе иінағаш неге салдың,
Сезілген бе жоқтығы қара шалдың.
Қос ұл қайда, қораға қосып ең ғой,
Бөліп беріп текемет, алашаңды.
Қайда, — дейді, — келіндер, мың майысып,
Құрақ болып жүретін құрдай ұшып.
Тірі ұлдарың тұрғанда жалғыз жүрген,
Қияңқысың немесе қимайысың.
Арықтау деп аяды, сөкті мені,
Парықтау жоқ, баяғы көк мінезі.
Жарықтау боп тұрды іңір жылқын қырда,
Солықтап кеп самал жел өтті кезіп.
Мен келемін, сендерді ойлап келем,
Ойларымды сендерге арнап келем.
Екі шелек – екі отау, екі отауды
Бір ағашпен көтеріп жалғап келем…».
Сөзбен сурет салу деген осы болар бәлкім!!!
Жалғасы бар
Нағашыбай Қабылбек