Еліміз тұңғыш рет «Ұлттық брендін» таңдамақ
Тұңғыш рет Қазақстанда «Қазақстан Республикасының Ұлттық брендін» анықтау жөніндегі республикалық байқау өтеді деп хабарлайды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі. Байқауға ұлтына қарамастан жеке және заңды тұлғаларды қатыстыруды қабылдай алады.
Бұл жөнінде ведомство басшысы Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында былай деп жазады:
Қазіргі әлемде елдік брендинг мемлекеттің инвестициялық және туристік тартымдылығының деңгейін айқындап, өндіретін тауарларының танымал болуына, халықаралық аренадағы беделіне, тіпті жаһандық еңбек бөлінісінен орын алуына да ықпал ететіні белгілі. Әрине, сапалы елдік брендингке қашанда сол мемлекеттің шынайы жетістіктері негіз болмақ. Бұл дегеніміз халықтың білім деңгейі, инфрақұрылымды дамыту көрсеткіші, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі тиімділігі, спорттағы және басқа да жетістіктері. Сонымен қатар, елдің имиджін сауатты түрде ілгерілету үшін онымен байланысты образдар, идеялар мен ассоциациялар креативті, қайталанбас әрі жадыңда жатталып қалатын символикамен біте қайнасуы керек,- дейді министр.
Байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасының Ұлттық брендін қалыптастыру бойынша ашық байқау көмегімен үздік ұсынысты анықтау мен құру.
Байқаудың негізгі міндеттері:
- халықаралық аренада Қазақстанның танымалдық және тартымдылық имиджін арттыру;
- қазақстандықтардың отансүйгіштігін нығайту;
- шетелдік инвестицияларды тартуда бірегей қазақстандық туристік объектілердің ақпараттық ілгерілетуіне жәрдемдесу.
Байқауға қатысу үшін: www.mic.gov.kz/kk/competition сайтқа тіркелу, өтінімді толтыру, логотип, слоган және тұжырымдаманы(концепция) енгізу қажет. Байқауға бұрын жарияланған және қолданылған брендтер, логотип, слоган мен патенттелген белгілер жіберілмейді.
Байқау екі кезеңнен өтеді және 31 тамыздан, яғни, бүгін басталады:
I кезең – интернет-қолданушылардың дауыс беруі;
II кезең – Сараптау кеңесі алдында жұмыстардың тұсаукесері.
Жеңімпаз 5 000 000 теңге ақшалай көлемде сыйақымен ынталандырылады.
Байқаудың құрылтайшылары Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі болса, ұйымдастырушы – «Қазконтент» АҚ.
«ЕлАна»