Астанада су жаңа академия мен мектеп есігін айқара ашты
Бүгін Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Білім күні қарсаңында Елордадағы жаңадан пайдалануға берілген №84 мектеп-лицейінде болды. Жаңа нысанды толықтай аралап шыққан Елбасы мұғалімдермен де тілдесіп, баршасын жаңа мектептің ашылуымен және Білім күнімен құттықтады. 1200 оқушыға лайықталған ғимаратта 48 оқу кабинеті бар екен. Ал, жалпы ауданы 14 мың шаршы метр болатын білім ошағының инфрақұрылымы 30 орындық оқу залы бар кітапхананы, 360 орындық мәжіліс залын, спорт залын және жүгіру жолағын, футбол, баскетбол мен волейболға арналған алаңдарды қамтиды.
Жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастағалы отырған ұстаздар мен оқушылар қауымының қуанышымен бөліскен Елбасы:
– Көптеген жастарымыз шет елдерде білім алуда, бұл жылдарда еліміз бойынша 1700-ден астам мектеп, соның ішінде зияткерлік мектептер ашылды. Биыл тағы 60 жаңа оқу орнын ашу жоспарланып отыр. Осы қадамдар жас ұрпақтың өсіп-өркендеуі мен еліміздің болашағы үшін жасалып отыр. Бұл мектеп шейх Халифпен келісім негізінде соның қаражаты есебінен салынды. Сол үшін оған алғыс айтамын, – деді.
Сондай-ақ, Елбасы осы мектеппен көрші орналасапаса да, бір даңғылдың бойына жайғасқан Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованы жаңа қызметке тағайындаған болатын. Академияның ашылу салтанатында бұл өнер ордасының Орталық Азиядағы көп деңгейлі кәсіби және хореографиялық білім беретін толық циклды алғашқы жоғары оқу орны екендігіне ерекше тоқталған Мемлекет басшысы ректорға балалар мен жастарды шығармашылыққа баулып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруда үлкен міндеттер жүктеді.
–Бұл нысан барлық талапқа сай келетін жоба бойынша салынды. Атап айтқанда, оқу корпустары, оқытушылар мен оқушылар үшін тұрғын үй кешендері салынды, демалыс үшін жағдайлар жасалды, енді медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Академия ЭКСПО көрмесінің Халықаралық қаржы орталығы орналасатын аймағына таяу жерден орын тепкен, – деген Н.Назарбаев еліміздегі көптеген хореографиялық, музыкалық мектептер мен шығармашылық ұжымдар біліктілігі жоғары мамандарға мұқтаж болып отырғанын жасырмады.
«ЕлАна»
Суреттерді түсірген Нұрлан Әлменбетов