МІН ТҮЗЕЛСЕ ТАЛАПТА АРТА ТҮСЕР
(Жамбыл ауданындағя есеп беру кездесулерінен)
Дүйсенбі күні аудан әкімі Сәкен Арубаевтың Жамбыл ауылдық округі тұрғындары алдындағы есептік кездесуі Шайқорық ауылдық клубында санитарлық-гигиеналық талаптардың қатаң сақталуымен өтті. Округе қарасты Бесжылдық, Танты, Қоңыртөбе, Шайқорық, Қапал елді мекендеріндегі 1293 аулада қазір 7350 тұрғын тұрады. Мұнда 14 ұлт өкілі етене араласып, ғұмыр кешуде. Аталған ауылдарда жол мәселесі жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Мәселен, жалпы саны 47 көшесінің 28-і өткен жылы толықтай асфальттанған. Таза ауызсу мәселесі де байламын тапқан деуге толық негіз бар. Таразбен іргелес жатқан округке 2019 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд 400 млн теңге бөлініп, бүгінгі таңда тіршілік нәрі әр үйдің іргесінде сылдырлап ағып тұр. Бесжылдық ауылынан өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін тұрғын үйге 115 жер учаскесі белгіленіп, көлемі 32,2 гектар алқапқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйелері толықтай тартылды. Оған мемлекет тарапынан 14 млн 200 мың теңге, оның ішінде аудандық бюджеттен газ, электр қуаты, көше жолдары жобасына 2 млн 200 мың теңге қаражат бөлініп, сәтті жүзеге асты.
Сығырайып жанған тоқ көздерін қалпына келтіру үшін ескі бағаналар жаңартылып, трансформаторлар орнатылуда. Қазір Қапал ауылында бастау алған жұмыстар округ төңіреген толық қамтыйтын болады. Егінсудан тапшылық көрмес үшін Шайқорық, Танты ауылындағы каналдарға мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 36 млн 646 теңге бөлініп, механикалық тазартудан өтті.
Округ бойынша 215 шаруа қожалығына егістік жерлер – 3244,32 гектар, көпжылдық екпелер – 523,35 гектар, жайылымдық жерлер – 3560,86 гектар, шабындық 160 гектар тиесілі. Ал ала жаздай жерге еткен еңбектің еш кетпесі үшін астық жинайтын комбайн, 15 камаз, 20 ЗИЛ, 7 ГАЗ-53 жүк көлігі және 22 трактор қолғабыс етуге әзір тұр. Спорт саласында да серпін бар. Жастар шағын футбол, волейбол, баскетбол секілді спорт түрлерімен тұрақты айналысуына шектеу жоқ. Осы және өзгеде ақпараттар баяндама барысында айтылды. Дегенмен, мін түзелгенмен, талапта арта түсетінін анық аңғартқан Кеңес Тойбаев:«Жиынға кештетіп келгенім үшін ғафу өтінемін. Ауылда өзгеріс бар екенін жақсы білеміз, көріп те жүрміз. Шаңы көкке көтерілген көшелер тақтайдай тегістелді. Енді көлікке мінген азаматтар жылдамдықты шамадан тыс асыратын болды. Іс насырға шаппай тұрып жылдамдық тежегіш жер бөгеттері мен бейнебақылау камераларды орнатуымыз керек», – деді. Зейнеткердің сауалына аудан әкімі Сәкен Арубаев:
– Міне, қараңыздаршы, қарияның өтініші өте орынды. Бастапқыда асфальт қажеттілігі байқалса, енді сол тегіс тарапқа жол белгілері орнатылса деген тілек туындап отыр. Бұл сұраныстан жағдайымыздың жақсарып келе жатқанын байқаймыз. Сауалыңыз назарға алынды, – деп жауап қайтарды. Жайылымның жылдан жылға тарылып бара жатқанын қынжыла жеткізген Ақшалов Шәріпбай мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін өтінді. Бұл тұрғыда сөз алған аудан басшысы Сәкен Қаланұлы: Сіздің көтеріп отырған сауалыңызды назарға алатын боламыз. Қазір төрт-түлікпен ісі жоқ шаруалардың еншісінде пәленбай гектар жер алқабы жатыр. Оған өзгенің малы жайылсын деп рұқсат беретіндері жоқтың қасы. Сол үшін игерілмей жатқан бос егістік алқабы округ еншісіне берілетін болады, – деді. Бұдан бөлек газ, жарық, егінсу мәселесі төңірегінде қойылған сауалдар ескеріліп, хаттамаға енгізілді.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі