Тәуелсіздікке – 30 жыл: БҚО-да жаңа үлгідегі білім мекемелері көбеюде

Тәуелсіздік жылдарында Батыс Қазақстан облысында 33860 орындық 68 мектеп пайдалануға берілген. Сондай-ақ бюджеттен жүйелі қаржы бөлінудің нәтижесінде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жетілдірілді. 

Тәуелсіздік жылдарында өңірдегі мектепке дейінгі білім беру саласында балабақшалар саны өсіп, жаңа үлгідегі ұйымдар ашылып, жандана бастады. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, өткен жылдарда мектепке дейінгі ұйымдар желісі қалпына келтіріп ғана қоймай, олардың саны 515-ке дейін көбейтілген.

Тәуелсіздік жылдарында 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 18,1%-дан  76,3%-ға дейін өскен. Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесінен мектептерге жаңа оқу бағдарламасы енгізіліп, оқушылар жаңартылған білім мазмұнына көшті.

Тәуелсіздік жылдарында 27 инновациялық бағыттағы мектеп ашылған, олардың қатарында дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер,  «Білім –инновация» және  «Назарбаев Зияткерлік мектебі» бар.

Білім саласы қызметкерлерінің сапалық құрамы да жақсарып келеді. 1991 жылы жоғары білімді педагогикалық қызметкерлер үлесі 64% болса, тәуелсіздік жылдары бұл көрсеткіш  80%-дан асқан. 2012 жылдан бері облыстың  28 педагогі «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпазы атанғанын да мақтанышпен атап өтуге болады. 2018 жылдан бастап педагогтар ұлттық біліктілік тестілеудің жаңа форматы бойынша берілген біліктілік санаттарына сәйкес 30-дан 50%-ға дейін қосымша ақылар алуда.

 

 

Еліміздің «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында 2020 жылдан бастап жыл сайын педагогтердің жалақысы 25%-ға артса, қолданыстағы қосымша ақылар көлемінің өсуімен жаңа қосымша ақылар енгізілуі қарастылған.

Тәуелсіздік жылдарында облыста қосымша білім беру саласы да дамып, мұндай ұйымдар желісі 25-тен 50 бірлікке дейін ұлғайған. Оқушыларды қамту 10,4% — дан 54,9% — ға дейін артқан.

Облыс бойынша егемендік жылдарында екі мемлекеттік колледждің  ашылуы әр ауданда кәсіптік және техникалық ұйымдардың қызмет етуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар жеке техникалық және кәсіптік ұйымдар желісі дамыды.

Тәуелсіздік жылдары арнайы мемлекеттік қамқорлықты қажет ететін балаларға білім алудың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Бүгінгі таңда арнайы білім беру қажеттіліктері бар балалардың 82%-дан астамы  білім беру бағдарламаларымен қамтылса, оның 68,1%-ы инклюзивті білім алады. Үш психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және 13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс жасауда.

Осы жылдар аралығында жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың контингенті 80%-ға азайғаны да көңілге медеу. Соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердегі тәрбиеленушілер саны 93%-ға  төмендеп, мекемелердің саны үш есеге азайған. Аталған санаттағы балалардың заңды құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық нормалар жетілдірілді. Күні бүгінге дейін осы санаттағы 620 азамат баспаналы болса, оның   322-сі – балалар үйінің түлектері.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай барлық білім беру мекемелерінде қоғамда бірлік пен келісімді, өскелең ұрпақтың патриоттық рухын, қоғамдық санада тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ қоғамды дамудың жаңа мақсаттарына қол жеткізуге жұмылдыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Айталық, жыл бойына «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбында сынып сағаттары, «Ақылды ұрпақ» республикалық жобасы аясында еліміздің жас ғалымдарымен кездесулер, «Рәміздер – елімнің мақтанышы» тақырыбына дебат, сынып сағаттары, викториналар, «Тәуелсіз елдің ұрпағы» атты оқушылар арасында дебат турнирі, «Тәуелсіздік – қанатты үміт, орындалған арман» тақырыбында аймақтық ғылыми-практикалық конференция, «Тәуелсіздік хронологиясы» атты ұлттық зияткерлік ойын, «Балалар даму академиясы» іздестіру-зерттеу конференциясы сынды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Білім басқармасының жоспарына сәйкес әлеуметтік желілерде тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына үлес қосқан тұлғалармен «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым!» рубрикасы, «Жарқын болашақтың ұрпағымыз» ашық алаңы, Тәуелсіздік құрдастарымен «Тәуелсіз елім –мақтанышым!» тікелей эфирлері ұйымдастырылатын болады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы