АУЫЛҒА ЖАЗДАН БҰРЫН ГАЗ КЕЛЕДІ
Жамбыл ауданына газ тартылғалы талай жылдың жүзі болды. Бірақ аудан орталығынан шалғай жатқан кей ауылдар әлі күнге дейін көгілдір отынды көрген жоқ, баяғыдай көмір жағып отыр. Күл шығарудан құтылып, газ жағып, отынға кететін ақшасын үнемдеп жатқан өзгелерге қызыға қарап жүрген шайданалықтардың көкейіндегі «Бізге газ қашан келеді?» деген арман болған сауалдың жауабы табылды. Олай деуімізге сәрсенбі күні Шайдана ауылында тұрғындардың қатысуымен өткен келелі жиын себеп. Онда Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев пен «Алмаз АА» ЖШС директоры Әділ Байұзақов тұрғындармен кездесіп газ мәселесінің шешімі табылғанын айтып, заңдастыру және басқа да мәселелер төңірегінде сөз қозғады.
Шайдана ауылындағы тұрғын үйлерге газ жүргізу жұмысын «Алмаз АА» ЖШС атқарады. Жуырда газ жүргізуге құбыр тарту жұмыстары басталады. Серіктестік көшеге газ құбырын жүргізу, тұрғын үйге, газ плитаға және газ пешіне жылу жүйесін қосу, құжаттарын заңдастыру жұмыстарын да қоса атқарады. Тек ауыл тұрғындары сәуір айына дейін газ тартуға қажетті 115 мың теңгені төлеуі қажет. Мерзімінен кешіктірсе, құрылыс материалдары қымбаттап кетуі ықтимал.
Бұл қаражат басқа өңірлермен салыстырғанда екі есеге төмен. Көрші ауылдарда 140 мың, тіпті қаламен іргелес жатқан елді мекендерде 300 мың теңгеге дейін барған. Әріптестерінің белгілеп қойған бағасына қарамай, «Ауылым – алтын бесігім» деген жаны жомарт Әділ Әбубәкірұлы газ кіргізуді 115 мың теңгеге дейін төмендетіп, жалпы құны 7 млн 500 мың теңге көлемінде ауылына жеңілдік жасады. Ол аз десеңіз, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 2 отбасыға және ауыл мешітіне 100%, 3 отбасыға 50%, 1 отбасыға 30% жеңілдік қарастырылды. Ал «Шайдана-Алмаз» футбол командасында өнер көрсетіп жүрген өрендердің отбасына 100 мың теңгеден кіргізгелі жатыр.
– Биылғы жыл шайданалықтар үшін тағы да бір есте қалар жаңалығымен келіп отыр. Өңіріміздің елді мекендерін газдандыру бағдарламасына сәйкес жүргізіліп отырған осы жұмыстарға байланысты біздің фирма жүйелі іске ден қойған. Өңір экономикасы қазір едәуір жақсарған. Әсіресе аудан әкімі Сәкен Арубаевтың еңбегі өлшеусіз. Мәселен, ол ауылда спорт алаңшасын жаңартып, «Спорт мұражайының» жерін заңдастырып берді. Бұл – басшының ел білмейтін еңбегінің бір парасы ғана, – деді Әділ Байұзақов аудан әкіміне алғаусыз алғысын жеткізіп.
Түйіндей келсек, бұл – көптен күткен қуанышты жағдай. Осындай игі істер алда да жалғаса бергей және солай боларына сенейік.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі