Шығармашылық орталыққа айналған мейрамхана

Батыс Қазақстан облысында пандемия кезінде қызметі тоқтап қалған бизнес нысандарының ғимаратын ел игілігіне пайдалану жұмыстары басталды.    

Бұл жұмыстар облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасына сәйкес қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде Орал қаласының Зашаған кентіндегі «Той сарайы» мейрамханасы қызмет бағытын өзгертіп, балаларға арналған шығармашылық ретінде қайта ашылды.

 

 

Мейрамхана ғимаратында жұмысын бастаған «Шабыт» шығармашылық орталығының ашылу салтанатында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков бір қиындықтың салдары келесі игілікті іске себепші боларын жеткізді. – 2020 жылы әлемді шарпыған коронавирус індетінің адамзат тарихына ерекше ықпал еткені сөзсіз. Осы жұқпалы індет кезінде барлық ауыртпалықты жеңіп, адам денсаулығын сақтау үшін ортақ іске жұмылып, күш-жігерімізді біріктірудеміз. Бұл пандемия әр салаға қиындықтар әкеліп жатқанынан да хабардармыз. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен осы пандемияға қарамастан экономиканың барлық саласын ілгерілетуге, дамытуға қолдау көрсетілуде. Соның ішінде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуде. Бүгін де сондай іс-шараның куәсі болып отырмыз. Біз ең алдымен балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беру керекпіз. Бұл – тәуелсіз мемлекеттің басты қағидасы. Осы ретте мектептен тыс жұмыс орталықтарының қызметін дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Бүгін 60 мыңға жуық тұрғын қоныстанған Зашаған кентінде көптен жоспарда жүрген сондай орталық ашылуда. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты көптеген халыққа қызмет көрсету орындарының, соның ішінде тойханалардың қызметі тұралап қалғаны жасырын емес. Жергілікті кәсіпкерлер де тәртіпке мойынсұнып, азаматтардың денсаулығына алаңдап, өз иеліктеріндегі ғимараттарды жерлестерінің пайдасына жаратуға ұсынуда. Ол үшін кәсіпкерлерге ризашылығымыз шексіз, – деді Абат Абайұлы.

 

 

Зашағандықтардың қуанышына ортақтасқан ақын-ұстаз Үзілдік Елеубайқызы өз кезегінде жырдан шашу шашты.

Зашаған тұрғындары бұрыннан қосымша білім беру ұйымына зәру еді. Сол сұранысқа сәйкес балаларға есігін айқара ашқан зәулім ғимараттағы қолөнер, домбыра, шахмат, вокал, би, тіл, тоғызқұмалақ, қамшы өру секілді жиырма шақты үйірмеге мыңнан астам тәрбиеленуші қамтылмақ. Тегін үйірмелермен қатар үлкендерге арналған ақылы үйірмелер ашу да жоспарланған.

 

 

Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова қазіргі таңда балаларды қосымша біліммен қамтамасыз ету – өзекті мәселе екенін жасырмады. – Бүгінде Орал қаласында 52 мыңнан астам оқушы болса, олардың 13 мыңы ғана алты қосымша білім беру мекемесіне тартылған. Қалған оқушылар мектептердегі үйірмелерге барады. Осы Зашағанда халықтың тығыз орналасуына байланысты мектеп оқушылары көп болғанымен, бірде-бір қосымша білім беру мекемесі жоқ еді. Осы жағдайды ескере отырып, қызметі тоқтап тұрған осындай ғимараттарды жалға алуды ұйғарып, хабарлама бердік. Мемлекеттік сатып алу заңдарына сәйкес конкурс өткізіп, біздің талаптарға сәйкес келген нысанды таңдадық, – деді бөлім басшысы.

«Той сарайы» мейрамханасының иесі Нұржан Әбдірахманов төрт жылдай көптеген отбасылардың жақсылықтарын дүбірлетіп өткізген ғимараттың жұмысы індеттің салдарынан өткен жылдың наурыз айынан бастап тоқтағанын айтты. – Мемлекеттік порталдан жалға алатын ғимарат қажеттігі туралы байқауды көріп, соған қатысып, ұтып алдым. Одан әрі ғимаратты шығармашылық орталыққа бейімдеп, жаңарту жұмыстарын өз қаражатыма жүргіздім. Орталыққа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Бұдан бөлек тағы бір мейрамханам бар. Оны да халықтың игілігіне жарату ойымда бар, – деген жеке кәсіпкер қолдау көрсеткен облыс және қала әкімдігіне алғысын білдірді.

 

 

Ашылу салтанатынан кейін шаһар басшысы А.Шыныбеков қонақтармен бірге ғимаратты аралап шықты.

«Шабыт» шығармашылық орталығындағы қолөнер, сурет үйірмелеріне қатысушы 11 жасар Аянат Марат: – Маған жаңа орталық ұнады. Үйімізге де жақын орналасқан. Енді үйірмеге уақтылы келетін боламын, – дейді. Кент тұрғындары да дүбірлі тойға тыйым салынғалы қаңырап қалған мейрамхананың қызметі жаңа бағытта жанданғанына қуанышты.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы