Жер жүзі ядролық қарудан бас тарта ала ма?
29 тамыз. Астана. Тәуелсіздік сарайы. Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен әлемнің 50 мемлекетінен келген 200-ге жуық делегаттың басын қосып, «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференциясын өткізді. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай өткен маңызы зор, ірі масштабтағы бірегей жиынды ҚР Сенаты мен Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды.
Әлемді ойландыратын бұл «Ядролық қарусыздану» тақырыбында Қазақ елін көшбасшы дерсіз, алғаш болып өз еркімен аты айтуға жеңіл болғанмен, зардабы ұшан-теңіз қарудан бас тартты дерсіз. Бірақ, бір анығы, Қазақстан жаһанға жар салып, 25 жылдан бері барлық мемлекеттен ядролық қарудан толықтай бас тартуды өтініп те келеді, айтып та, түрлі ауқымды шараларда талқылап та келеді. Тіпті, мемлекет басшысының жігерлі шешімі 1996 жылы 10 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясының 50-сессиясында «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа» айналған-ды. Аталған шарт 20 жылдан бері барлық тәуелсіз мемлекеттердің қол қоюын күтіп сарғайып та қалған болар. Өйткені дүниежүзінің егемендігі бар 195 елі қол қойған шартқа құшағына миллиардтан аса халықты сыйғызған Қытай, Президентінің диктаторлығы сүйегінен өтіп кеткен Солтүстік Корея, Иран Ислам Республикасы мен Израильдің де көзқарасы мүлдем бөлек. Бір өкініштісі, шартқа сәйкес төрткүл дүниенің тағдыры осы төрт мемлекеттің қол қоюына байланысты болып тұр. Сонымен, бір тәулікке созылған конференцияда не айтылды дейсіз ғой. Алдымен, жалпы пленарлық отырыс Елбасының сөзімен ашық деп жарияланды. Алыс және таяудағы шетелден келген құрметті меймандарға жылы лебізін білдірген Н.Назарбаев:
— 29 тамыз — барша адамзат тарихындағы айтулы күн. 25 жыл бұрын, дәл осы күні менің Жарлығыммен жер бетіндегі ең үлкен ядролық сынақ алаңдарының бірі — Семей полигоны жабылды. 40 жыл бойы 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалған полигонның үні біржола өшті. Осылайша, халқымыз тәуелсіздік таңы атар сәтте бейбітшілік жолын таңдайтынын барша әлемге паш етті. Бұл Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік көшін бастаған теңдессіз қадамдарының бастауы болды. Биыл біздің еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесін атап өтуде. Қазақстан ширек ғасырдан бері тұтас жер беті бейбітшілікке бөленуі үшін бар күш-жігерін салып келеді. Біз қуаты жөнінен әлемде төртінші орынға ие ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарттық. Әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында көптеген тың бастамалар көтердік. 1991 жылы 29 тамызда біздің еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызға ие оқиға болды. Біздің жеріміз бен халқымызды 40 жылға жуық қасірет шектірген милитаризмнің ең зұлмат сынағы ширек ғасыр бұрын заңдық тұрғыдан тоқтатылды, — десе, бір сөзінде:
«Біз әлемдегі ең үлкен сынақ полигонын жабу туралы Жарлық қабылдау арқылы Қазақстанда «Гордиев түйінін» бірінші болып үздік. Біздің шешімімізден кейін ядролық державалардың полигондары үнсіз қалды, бірақ олардың ешқайсысы әлі жабылған жоқ», — деу арқылы өзінің және күллі әлем халқының ренішін де сездіргендей болды.
Мемлекет басшысы жарты сағатқа жуық жаһан алдында ядролық қарусызданудың тарихын сабақтап, әлем болашағын пысықтағаннан кейін ҚР Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алды. Жаһан демекші, әлемнің 25 мемлекетінен келген 50-ге жуық БАҚ өкілінің конференциядан хабар таратқанын айта кетейік. Ал Сенат төрағасы Н.Назарбаев ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін тілге тиек етіп, Елбасының сөзін қуаттады. Бұдан кейін БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің және Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы Майкл Моллер, Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы шарт Ұйымы Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Ласина Зербо, Болгарияның вице-президенті Маргарита Попова және өзге де делегаттар алма-кезек сөз сөйлеп, Қазақ елінің 25 жыл бойына бейбіт келісімді ұран етіп келе жатқанына өз ризашылықтарын білдірді.
Әңгіме арасында «Жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін Қазақстан Президенті сыйлығын» тағайындау туралы ұсыныс та айтылып қалды. Мұндай жаңалыққа ел елең ете қалса да, ҚР Президенті байсалдылық танытып, қонақтардың ойын құптағанмен, сыйлықтың атын әлі де ойластыру керектігін жеткізді. Сондай-ақ, биылғы жылдың қарашасында «Бейбітшіліктің Астана Саммиті» шақырылатынын айтып, баршаның назарын аударған Н.Назарбаев: — Саммитке көптеген елдердің мемлекет пен үкімет басшылары, танымал саясаткерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен бизнесмендері қатысатын болады. Сыйлықты тағайындау және оны алғашқы лауреатқа тапсыру туралы сол саммитте айтуға болар еді, — деп, сәл жымиды.
Сонымен бірге, конференцияға қатыса алмаған өзге де мамандар конференцияны сырттай бақылады. Мәселен, алғашқы болып Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун ауқымды жиыннан бірер күн бұрын Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күні туралы айтып, әлем елдерін ақиқатқа тура қарауға шақырған. «Адамзатты және қоршаған ортаны сақтап қалудың жалғыз амалы — жаппай қырып-жою қаруынан біржола бас тарту», — деп пікірін ашық білдірген Бас хатшының Қазақстанға үш рет келіп, Семей полигонында болғанын айта кетейік.
ЖАСТАРҒА АРТЫЛҒАН ЖҮК АУЫР
Алдын ала белгілі болғандай, ауқымды шараға қатысушылар «Астана көзқарасы: радиоактивті түнектен ядролық қарусыз әлемге қадам» атты Декларация қабылдады. Бұдан кейін делегаттар екіге жарылып, төрт тақырыпқа жоспарланған панельдік сессияларға қатысты. «Ядролық қарусыз немесе соғыссыз қауіпсіздік: «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі, «Ядролық сынақтарға тыйым салу және БҰҰ-ның ядролық қарусыздануға қол жеткізудегі рөлі», «Ядролық қаруға ұлттық деңгейде тыйым салу және ядролық қарудан азат аймақтар. Орнықты әлем географиясы» және «Бастамалар мен іс-қимылдар — заң шығарушылар, діни лидерлер және азаматтық қоғам» тақырыптарында өткен панельдік сессиялардың ішінде біз алғашқысына қатысуға мүмкіндік алдық. Әрине, бірден сол пікірталас алаңын таңдағанымызды да жасырмаймыз. Өйткені әйгілі Мхатма Гандидің немересі, «Діндер бейбітшілік үшін» ұйымының президенті Эла Ганди қатысқан жиында даңқты қаламгер, «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалыстың негізін қалаушы, бүкіл әлем сыйлайтын ардақты азаматымыз Олжас Сүлейменов те өз ойымен бөлісті. Алдымен маңызды жиынды ағылшын тілінде жүргізген ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов:
— Елiмiздiң осы қозғалыста көш бастауға моральдық құқығы бар. Қазақстан көптеген қиын-қыстау кезеңдi бастан өткердi. Елiмiзде жан түршігерлiк эксперименттер жасалды. Осы себептен елiмiз ядролық қарусыз әлем қозғалысын қолдайды. Қазақстан ядролық қана емес, жалпы соғыс атаулыға қарсы, — деп, бірден әңгіменің ашығына кірісті.
Министрдің рұқсатымен сөз алған БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкiлi және БҰҰ Орталық Азиядағы алдын алу дипломатиясы бойынша өңiрлiк орталығының басшысы Петко Драганов Орталық Азияда ядролық қарусыз әлем аймағын құру туралы келiсiм 2009 жылдың наурыз айында күшiне енгенін тілге тиек етіп:
— Одан берi әлемде көптеген өзгерiс болды, ғалам бұрынғыға қарағанда қауiптi бола бастады. Осындай ортада бұл бағытта жұмыс iстеу одан да қиындау болып барады. Таяу Шығыс, Африка мен басқа да елдердегi жағдай ядролық терроризм қаупiн одан әрi жақындатты. Осы тұста, мұның алдын алуда қауiпсiздiкке бағытталған барлық бастамалардың маңызы зор, — деді. Жиналған делегаттармен бірге біз асыға күткен Олжас Сүлейменовке де сөз тиді. Ол әңгімесінің әлқиссасын «Невада-Семей» қозғалысының күшiмен 1989 жылдың қазан айында сынақтар тоқтатылғанын айтумен бастады:
— Бiрақ полигонды тек 1991 жылдың тамыз айында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жаба алдық. Мен бүгiнгi конференцияда болған баяндамаларды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты мұқият тыңдадым. Өте маңызды мәселелер айтылды. Мен тағы сол тарихи сәттi бастан өткергендей болдым. Бiз тағы жұмыс iстеп, қайта әрекет ете бастадық. Мен осында жиналғанымызға қуаныштымын. Бұл кезеңдегi жұмысқа жастарды тартсақ, жұмыс тиiмдi болатынына сенiмдiмiн, жастар бiздiң тәжiрибемiздi пайдаланатынына сенемiн. Сонда ғана ядролық қарусыз әлемге қадам жасау жолындағы екiншi кезең сапалы әрi жемiстi болады, — дедi Олжас Сүлейменов.
ТҮЙІН: Тәулікке созылған Халықаралық конференцияда талқыланған тақырыптардың тобықтай түйінін Олжас Сүлейменов екі-ақ ауыз сөзбен дөп басты десек, қателеспейміз. Өйткені заман жастардікі. Әлемді әлі күнге жабылмаған полигондардың алапат құйынынан құтқаруды мақсат еткен дүниежүзілік келісімшартқа төрт мемлекеттің ғана қол қоймай отырғанын жоғарыда айттық. Ендеше, сол мемлекеттердің тамырын тап басып, билік өкілдерінің ойын өзгертетін жаңашыл тұлғалар жастар арасынан шығарына біз де сенімдіміз.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ