Қала әкімі халық алдында есеп берді

Ақпанның 16-сы күні Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің халыққа есеп беру кездесуі онлайн форматта ұйымдастырылды.

Есептік кездесуде шаһар басшысы облыс орталығында өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, алдағы жоспарлы іс-шаралармен де таныстырды. Абай Абайұлы атап өткендей, биыл Оралда көпқабатты үйлер құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылады.

– Биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1226 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Жеке инвестициялар есебінен жалпы көлемі 72 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар қалада апатты үйлердің орнына үш үй салынуда. Биыл тағы бес үйдің құрылысын бастаймыз, – деген қала басшысы тұрғындарды қадамдық қолжетімділік аясында әлеуметтік қызметтермен қамтуға көңіл бөлінетінін атап өтті. Айтуынша, Оралда құрылысы басталған алты үйдің 1-қабатын қадамдық қолжетімділік қағидатымен еркін орналастыру үшін жобалар жасақталған. Яғни, құрылысы аяқталған соң бұл тұрғын үйлердің 1-қабатында мектепке дейінгі ұйымдар, емхана, полиция бекеттері, сауда аумақтары орналасады.

 

 

Қала жолдарының жағдайынан да хабардар еткен әкім жалпы ұзындығы 44 шақырым болатын 33 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттамалар дайындалып жатқанын жеткізді. Өз баяндамасында қала әкімі: – Былтырдан жалғасқан 13 объект бойынша, яғни барлығы 16,7 шақырым жолды жөндеу жұмыстарын биыл аяқтаймыз, – деді.

Еліміз бойынша ең алғашқы саябақтар қатарындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағын дамыту жұмыстары да жүргізіледі. Жоба аясында дендрологиялық төлқұжат жасақтау, ойын алаңын, субұрқақты жөндеу жұмыстары қарастырылған. Оған қоса саябаққа биыл жеке инвестициялық жоба аясында «Алтын Шаған» атты шолу шеңбері орнатылады.

Сонымен бірге қаланы сумен жеткілікті түрде қамту үшін ұңғымаларды күрделі жөндеуден өткізу және жаңа ұңғымалар қазу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ қала ішілік жолаушы тасымалымен айналысатын автобус бекеттерін жаңарту үшін тиісті мемлекеттік қолдаулармен жеке инвестиция есебінен 100 шақты жаңа автобустар сатып алу көзделуде. 2021-2023 жылдарға арналған Орал қаласындағы аулаларды абаттандырудың жиынтық бағдарламасы шеңберінде биыл 50 ауланың шырайын кіргізу жоспарланған. Жасыл қаланың санитарлық тазалығы да – басты назарда. Бұл бағытта да орасан жұмыстар жасалуда.

Әр сала бойынша атқарылған жұмыстар мен жоспарлы іс-шараларды тұрғындар назарына ұсынған қала әкімі Абат Шыныбеков есептік кездесу соңында азаматтардан түскен сауалдарға жауап берді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы