ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ АСҚАР МАМИН ШЫМКЕНТ ПЕН ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУ ЖОБАЛАРЫН ТЕКСЕРДІ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Шымкент пен Түркістан қалаларының көлік, тұрғын үй және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымы объектілерінің құрылыс барысын, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік және су-энергетикалық әлеуетінің дамуын тексерді. Шымкентте Үкімет басшысына өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысы туралы баяндалды. Оны биыл қазан айында іске қосу көзделген.  А. Мамин биыл пайдалануға беру жоспарланған Д. Қонаев даңғылы мен Т. Рысқұлов көшесінің қиылысындағы көлік жолайырығының құрылысын тексерді.  Сонымен қатар Үкімет басшысы сорғы қондырғыларын, құбыр арматурасын және электр жабдығын шығаратын «Karlskrona LC AB» ЖШС-ға барды. Кәсіпорынның қуаттылығы 2,5 мыңнан 10 мыңға дейін су сорғысын, сондай-ақ 7 мың тонна құйма мен стандартты емес жабдықтарды құрайды. Премьер-Министр «Шымкент Сити» шағын ауданының құрылыс барысымен танысты, онда инвесторлар «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы (532 мың шаршы метр тұрғын үй) және білім беру (3800 орындық 2 мектеп) салаларындағы 9 жобаны іске асыруға 199 млрд теңге бағыттайды. Биылғы қаңтар айында Шымкент қаласында өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2020 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 9,6%-ға ұлғайып, 54,4 млрд теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты динамика байқалып отыр, ол жыл басынан бері 10,6%-ға өсті. Фармацевтика (+54,6%), кокс және мұнай өнімдерін өндіру (+12,6%), өзге де металл емес өнімдер (+12,2%), азық-түлік өнімдерін шығару (+7,2%) өсімнің негізгі қозғалтқыштарына айналды. Құрылыс көлемі 27,5%-ға – 1,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды, 32,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2020 жылғы сәйкес көрсеткіштен 2,8 есе артық. Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемінің өсуі 2,1 млрд теңгеге жетіп, 8,8%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,8 млрд теңгеге дейін өсті, бұл 2020 жылғы қаңтардағы көрсеткіштен 2,7 есе көп. 2021-2025 жылдары Шымкент қаласында 11 500 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 1,36 трлн теңге сомасына 123 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Биыл 2300 жұмыс орнын ашумен 129,2 млрд теңгеге 61 жобаны іске асыру жоспарлануда. Премьер-Министр Түркістан облысындағы суармалы су тапшылығын жою және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстардың барысын – Түркістан магистралдық арнасын күрделі жөндеу және оны Сырдария өзенінен толтыру үшін машина арнасын салу, «Қосқорған» және «Кеңсай – Қосқорған-2» су қоймасын салу, Жетікөл көл жүйесін қайта жөндеу жөніндегі жобалар жұмысының барысын тексерді. Осы жобаларды іске асыру су пайдаланудың жыл сайынғы көлемін 195,4 млн текше метрге арттыруға және АӨК өндіретін өнім көлемін 14 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласында Үкімет басшысы әуежай аумағының абаттандырылуымен, тұрғын үй инфрақұрылымының құрылысымен және қаланың іскерлік орталығының дамуымен, сондай-ақ инвестициялық жобалардың — «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, Тұңғыш Президент саябағының, «Ұлы дала елі» орталығының және Б. Саттарханов даңғылындағы желілік саябақтың іске асырылуымен танысты.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі