ЖҰМЫСЫ – ЖҮЙЕЛІ, МАҚСАТЫ – АЙҚЫН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аграрлық сала мен өнеркәсіпті дамыту турасында бүге-шігесіне дейін айтылғаны белгілі. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс»,- деді Президент.

Ауыл шаруашылығы саласы әрине, ауылдық жерде ғана өркен жаяды, дамиды. Ауылда еңбек еткен шаруа азаматтар мұны жақсы білсе керек. Жуалы ауданы негізінен ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған, оның ішінде төрт түліктің басын көбейтуге, арпа, бидай, картоп, басқа да дәнді дақылдарды өсіруге қолайлы өңірлердің бірі саналады. Көкбастау ауылдық округінде масақты дақылдар мен картоп алқабының көлемін ұлғайтуға, сол арқылы ішкі нарықты экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге күш салып жатқан шаруашылықтар бар. Соның бірі ретінде «Боранды» шаруа қожалығын айтуға болады.

Аталған шаруашылықтың мал өсіріп және егін салумен, сондай-ақ, картоп егумен тұрақты айналысып келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болған. Алғашында аз ғана жермен басталған кәсіп бүгінде үлкен шаруашылыққа айналды. «Боранды» шаруа қожалығы арпа-бидайдан бөлек жыл сайын 30 гектарға дейін картоп егіп, оны ішкі нарыққа тиімді бағада өткеріп отыр. Картоп алқаптарына негізінен «Вега» сұрыпты картоп тұқымы егілуде. Шаруашылық мүшелерінің айтуынша, аталған сұрып бірер жыл бұрын Ресейден жеткізіліпті. Картоптың «Вега» тұқымынан бөлек, голландиялық «Разара», «Алладин», «Гала» сұрыптарын да Жуалы жеріне жерсіндірген. Бұл тұқымдар да жақсы өнім береді.

Шаруашылықтың жұмысын тиімді жүргізіп, еккен өнімнен мол өнім алу мен төккен тердің ақталуы үшін ең алдымен ауызбіршілік пен адал еңбек ауадай қажет болса, жерді өңдеуге қажетті техниканың күші де сондай қажет екені белгілі. Осы ретте, шаруашылықта жерді өңдеуге қажетті жаңа техникалардың бәрі жеткілікті. Соңғы жылдары техника паркін жаңарту үшін бірқатар заманауи жаңа техникалар алынған. «Боранды» шаруа қожалығында алды 35 жылдық еңбек өтілі әрі осында 10 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі механизаторлар бар. Одан бөлек, картоп алқаптарын күтіп-баптап, суғаратын тәжірибелі сушылар да еңбек етеді. Осы ретте шаруашылық құрылғаннан бері тірлікті алға бастыруға зор еңбек сіңіріп келе жатқан бас инженер Нұржан Айтуғановтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

«Боранды» шаруа қожалығының жұмысы картоп егумен ғана шектелмейді. Шаруашылық басшылары ақ егіспен де тұрақты айналысып, жыл сайын оның да көлемін ұлғайтуға күш салуда. Соның арқасында мал шаруашылығын да дамытуға, төрт түліктің басын молайтуға мүмкіндік туып отыр. Қожалықтың «Құрама» деп аталатын жайлаудағы мал қыстауында бүгінде 500-ге тарта ұсақ тұяқты мал күтіп, бағылуда. Оған жем-шөп қоры шаруашылықтың өзінде дайындалады. Бұл мақсатта жыл сайын 350-400 гектарға бидай сепсе, 300 гектарға жуық алқапқа арпа дәні себіледі екен. Одан бөлек, мал азығы үшін егілетін жоңышқалық алқаптары да бар. Бұл өз кезегінде мал азығының берік қорын жасауға оң ықпал етіп отыр. Ауыл шаруашылығы жерлері шаруашылықтың иелігіндегі «К-700», «МТЗ» маркалы доңғалақты тракторлармен, екі астық оратын комбайнмен, «КаМАЗ», «ГАЗ-53» жүк көліктерімен, бір дана шөп оратын «Германка» және қосымша агрегаттармен тиімді игеріліп отыр. Мол өнімге осылай ғана қол жеткізетінің анық.

-Мен бұл шаруа қожалықта 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Жұмысымыз жаман емес. Шаруашылық басшысының тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындауға күш салып жатырмыз. Ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында табыстарға қол жеткізудеміз. Сонымен қатар, шаруашылықта 10 адам тұрақты жыл он екі ай еңбек етсе, науқан кезінде маусымдық жұмыстарға да қосымша адамдар тартамыз. Алға қойған жүйелі жоспарларымыз көп.

Аты жаман індетке байланысты қалыптасып отырған осындай күрделі кезеңде қиындықтарға қарамастан шаруаларға, кәсіпкерлерге жұмыстарын алаңсыз жүргізуге, табыс табуға мүмкіндік жасап отырған Үкімет басшыларына, аудан басшыларына шаруа қожалық басшылығының атынан алғысымызды білдіреміз,- дейді бас инженер Нұржан Әмірханұлы.

Көкбастау ауылдық округіндегі іргелі шаруашылық «Боранды» шаруа қожалығының жұмыс өнімділігі, алға қойып отырған жоспарлары аудандағы өзге қожалықтарға үлгі. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынына қарап-ақ, жыл санап өнімнің мол болатынын және мал басының еселеп өсетінін бағамдауға болатындай…

Суреттерді түсірген

Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

«Жаңа өмір»