БҚО филармониясының жаңа жобасы

Батыс Қазақстан  облыстық  Ғ.Құрманғалиев атындағы  филармониясының ұжымы жуырда «Филармония Live»  атты жаңа жобаның тұсауын кеспек.

Филармонияның баспасөз қызметі мәлімдегендей, 26 ақпанда бастау алатын жобаның  мақсаты – карантиндік шектеулер кезінде тұрғындардың көңіл күйін көтеру,  филармония өнерпаздарының  өнерін халыққа  насихаттау.

Осы жоба аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, сондай-ақ «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің (30 жылдығы), «Назерке» халық биі ансамблінің (25), халық композиторы, батыс ән мектебінің негізін қалаушы Мұхит Мерәліұлының (180), күйші-композитор, қазақ музыка  мәдениетінің аса көрнекті қайраткері, Қазақ КСР Халық артисі Дина Нұрпейісова мен күйші, халық композиторы Сейтек Оразалыұлының  (160),  ҚазКСР халық әртістері Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің (115), композитор, дирижер,  Еңбек сіңірген өнер қайраткері Қапан Мусиннің (100), КСРО  халық әртісі Ермек Серкебаевтың (95), КСРО халық әртісі Рысбай Ғабдиевтің (85), композитор, домбырашы, ҚР халық артисі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, жерлесіміз Базарбай Жұманиязовтың (85), Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедьяровтың (75), КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевтің (70), Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, күйші-композитор Тұяқберді Шәмеловтің (70) мерейтойлық даталарын қамту жоспарланған.

Тікелей эфирде өтетін жобаның жүргізушісі Данияр Исқали филармония әртістерімен  әр түрлі бағытта ситуациялық сұрақтар арқылы пікір алмасып, қызықты ойындар форматында сұхбат құрады. Әншілердің репертуарларындағы ел  сүйіп тыңдайтын  әндер тікелей эфирде орындалатын болады.  Осы жоба аясында  бір ай көлемінде филармонияның  @bko_filarmoniya инстраграм парақшасында  қосымша байқау  ұйымдастырылып, демеушілер ұсынған ұялы телефон мен бағалы сыйлықтар тікелей эфирде ойнатылады.

Филармония директоры Асхат Қажғалиев: – Дәл осындай жобалар пандемия жағдайында көрермендер мен өнер адамдарының байланысын нығайтып,  рухани дамытуда, мәдениетті насихаттауда таптырмас платформаға айналары сөзсіз, – дейді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы