Дүкендегі «қайырымдылық сөресі»

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Батыс Қазақстандағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі осындай қайырымдылық акциясын ұйымдастыруда.

Бұл іс-шараны ұйымдастыруға өңірдегі кәсіпкер қыз-келіншектер ұйытқы болды. Оралда мұндай «қайырымдылық сөресі» – «Гузель» дүкенінде пайда болды. Нәтижесінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған 50 отбасыға азық-түлік себеттері мен тұрмыстық заттар тегін берілді.  Ұйымдастырушылар бұл қамқорлық акциясы ай сайын аталған дүкенде жүзеге асатынын мәлімдеді.

«Қайырымдылық сөресі» акциясы облыс аудандарында да өз жалғасын тапты. Жалпы облыс бойынша 250-ге жуық көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланған. Акция барысында бірқатар іскер әйелдер жерлестеріне өздері өндіретін өнімдерін ұсынса, кей кәсіпкер азаматшалар көрсететін қызметтеріне сәйкес сертификаттар табыстады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы