ТІЛ– РУХАНИ ҚАЗЫНА
Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан- ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұрасы. Ана тілінің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды.Адамзаттың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл- тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі.
Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс- тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады”,- деген екен. Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.
Тіл саясаты бүгінгі таңдағы ең өзекті, ең өткір мәселе болып отырғаны баршамызға аян. Әрине, тәуелсіз еліміздің болашағы өз тілімен ғана алға қарыштары белгілі.Тілдің сөйлеу, ойлау құралы ретінде жеке адамның да, бүкіл қоғамның да, қоғамдық ой-сананың да дамып жетілуінде рөлі ұшан –теңіз екені ақиқат. Атап айтсақ, ҚР «Тілдер туралы» Заңында «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілінің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген. Сол асыл мұраны аялап, керек кезінде қорғай білу, дамыту және өскелең ұрпаққа жеткізу барша жанның тікелей борышы екендігі даусыз. Ал тілдің қарым-қатынас құралы ретінде көрінуі оның негізгі қызметі екендігі баланың санасында мектеп қабырғасында қалыптасып дамиды. Ендеше, ұрпақ тәрбиелеуде тілдің орнының ерекше екенін түсінетін ұстаздар қауымына жүктелер міндет те маңызды болмақ.Олай болса, біздің алдымызда егемен елдің жан-жақты біліммен, тәрбиемен қаруланған, саналы, көкірегі ояу, көзі ашық, ана тілін құрметтейтін ұрпағын тәрбиелеу міндеті тұр. Сондықтан бабалардан қалған асыл қазыналардың бірі – тіліміздің жоғын жоқтап, талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешірген аталарымыздың жолын қуар, тіл болашағына жарқын жол іздер бүгінгі жалындаған жастар екеніне сенімдіміз. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктететін,оны дамытуға, шәкірт бойына сіңіруге баршамыз өз үлесімізді қосайық!
Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы.
Ф. Тұрсынбекова, Б. Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің директоры