COVID-19-ҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ ЕГІЛУДЕ

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Нұржан Нұралиев бастап, аудандық орталық ауруханасында «COVID-19» инфекциясына қарсы «Спутник V» ресейлік вакцинасын салдырды.

Еліміз бойынша 1 ақпан күні ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстары басталды.

— Мен бүгін ерікті түрде өзіме екпе ектірдім. Дәрігер мамандар екпеден кейін ине салынған орынға су тигізбеуге және егу орнын жылы ұстауға кеңес берді. Мамандар кеңесіне сәйкес әрекет ететін боламын. Мына әлемді жайлаған індеттің таралу қаупін тек екпе салдыру арқылы ғана төмендете аламыз! Сол себепті барша халықты коронавирустан қорғану үшін екпе салдыруға шақырамын!, — деді аудан әкімінің орынбасары.

 

 

Егу жұмыстары I кезеңде медицина саласының қызметкерлеріне, оның ішінде қабылдау, жұқпалы аурулар бөлімінің, жансақтау және хирургиялық бөлім қызметкерлеріне жүргізілмек.

ІІ кезеңде мұғалімдерге және жұқтыру қаупі неғұрлым жоғары болып саналатын жұмыс орындарының қызметкерлеріне салынатын болады.

 

 

— Сарысу ауданында алғашқы кезеңде ерікті түрде 25 адамға вакцина салынды.
Қалғаны кезең-кезеңімен келетін болады.
Медицина саласындағы қызметкерлерге салынды.
Солардың қатарында өзім де болып, екпе салдырдым. Қазіргі таңда ешқандай кері әсерін сезініп жатқаным жоқ,-дейді аудандық орталық аурухананң бас дәрігері Бағила Бегманова.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы