«Ел ішіндегі бір тентек қой»
«Ел ішіндегі бір тентек қой» деп сырткөзге ештеңе сездірмегенімен тексізін тезге салып тыйып алатын, заманын ойлап бәйек, айтса сөзі дәйек болған қайран ата-бабам-ай! Ескі мен жаңаның арасын жалғаған, жаны даладай кең, көңілі баладай сенгіш, ұлт рухының қайыспас қара нарлары-ай! Орындарың бөлек қой. Ақсақал көріп өскен ұрпақпыз, ауылдың кез келген қаршығадай қара шалы кез келген қарасирақ балаға сөзін өткізе алушы еді, өзін сыйлататын. Сол үшін оларды ешкім жек көріп кеткен жоқ. Ауыл баласы үшін үлкеннің сөзі – заң, ата-әженің айтқаны ереже-қағидадай қабылданатын, тіпті талқылауға жатпайтын. Ал қазір ше, қазір атағынан ат үркетін ағаларым көп, бірақ алты ауыз сөздің арқауы болар ой айтпайды… Бүгінде дау-дамай көп, әркім ойын айтуға қақысы бар, өз пікірін тықпаштайтындар да жетіп-артылады. Әркімнің көзқарасы әртүрлі, ұғым-түсінік те сан алуан. Әйелдер мерекесі күні шеруге шыққандарды қолдағандар да табылды, даттағандар да жетерлік. Онсыз да ру мен жерге, дін мен ағымға бөлініп қырықпышақ болып жататын бүгінгі қазақ қоғамы тағы да екіге жарылды. Отыз жылдан бері төрге оздыра алмай отырған ана тілімізге қатысты, асты-үсті байлығының игілігін көріп жетістірмесе де, жаттың көз алартқанына жаны төзбейтінін дәлелдеткен Жерге байланысты шеруге шықпайтын жастар дәл осы жолы көшеде жүр. Неге? Сонда жиналғанның бәрі шетінен өз табиғатынан ауытқыған, қазақы болмысынан безінгендер ме еді? Жоқ! Көпшілігі —жаратылыстың әлгіндей қателігі қандай болатынын көру үшін барғандар. Аттанға – айғай, айғайға сүрең қосып, ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қып дабырлатқанды жақсы көреміз, өйткені дақпыртқа сенетіндердің бар екенін біліп пайдаланамыз және бұған арланбайтын қалге жеттік. Бірлі-жарым жетесіз бен тексізге бола тұтас ұлтты қаралау, күйе жағу, айыптау, қорлау қайдан шыққан өзі? Оқымаған надан дейтін емес, бәрінің көзі ашық… «Қазақ – құдайдың кең жаратқан жұрты ғой, оның жаратылысында мін жоқ, бірақ көпшілік болғасын, кем-кетік болмай тұрмайды», – деп ұлтын ұсақтатып көрсетуден арашалап алатын Зейнолла Қабдоловтай асылдар, өнеге көрсетер үлкендер неге жоқ? Шынымен, жағасыз елге айналғанбыз ба?
«Ей, Аспан! Онсыз да ілініп, үзілейін деп тұрған жанымды қажытпа, білдің бе! Сен бір мүгедек болсаң, мен екі мүгедекпін. Бұл – екеумізге бірдей келген зауал. Бұған дейін сен шыдасаң, бұдан кейін мен шыдауым керек. Өлсең арулап көмем, өлмесең… Онда мен өлгенше бірге жасасасың. Ендеше, төбеңнен көшкінді мен құлатып жібергендей қазымырлана берме. Құдайдың басқа салғаны шығар, мойныңмен көтер. Тағдыр тәлкегін де, сені де көтеріп өтуге менің қуатым жетеді. «Пілдей алып болсаң да орнымен жұмса күшіңді», – дейтін қайран атамыз қандай ақылды еді…», – дейтін Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпіріндегі» Қамқаның сөзі мың жерден феминист болсаң да, жүз жерден соларды жақтасаң да, жаныңа жағатынын, табиғатыңа жақын екенін білесің бе өзі?! Қазақ әйелінің болмысы осындай болған, болып қала береді де.
«Әйелдің қадір-қасиеті – қай елдігінде емес, әйелдігінде», қай заман қай кезеңде де қазақ әйелі елдің бірлігін, ошақтың бүтіндігін ойлаған.
Қазақ келінінің төзімін де құдай ерекше ғып жаратқан. Дауласпаңыз, пікіріңіз өзіңізде қалсын. Өз басым күйеуінен орынсыз таяқ жейтін, қоғамдағы әділетсіз жайлардың құрбанына айналатын әйел затын түсінем, бірақ өмірге бала әкеліп, ана атануды – қасірет, келін болуды қорлық санайтын қазақтың қыздарын түсіне алмаймын. Түсінуге тырыспаймын да.
Құдай жаратқан болмысын өзгертіп, өз-өзінен айнып жүрген қызтекесі бар, біржыныстысы бар, қараңғы қапаста тұрып жатқандай қарап отырып еркіндік сұрап байбаламдап жүргендердің әрекеті қауіпті. Ал соны адам құқығын шектеу деп танығандар, ұлттық сананы ысырып тастап әлгілердің жанын түсіне қалғыштар қазаққа – ұлтқа екі есе қауіпті. Осыны аңғарғымыз келмейді. Қазір ұлттық болмысыңды жоғалтпа, тегіңде бардан айырылма, қазақы қалпыңды сақта, ұлтыңдағы барға ие бол деген түсініктегі кісіні ескілікті аңсайтын біреу деп, ұлттық қағидамен өмір сүретін жанға мұрын шүйіру, яғни ондай адамды менсінбеу белең алған. Ең өкініштісі, солар – кәдімгідей көзі ашық, ЖОО-ның бірнешеуін бітіріп тастаған қазақтың-ақ қыз-жігіттері. Өркениетке ұмтыл, жаһандануды қабылда, білім қу, жеті елдің тілін меңгер – еш қарсылығым жоқ. Бірақ алдымен ұлттық менталитетіңе қарсы шықпауды үйрен. Бойында жаны бар қыбырлаған тіршілік иесінің бәріне, тілі мен діліне қарамай адамзаттың ортақ игілігі үшін ЖЕР деген нығметті берген Алла тағаланың бір ғана ұлтты жаратуға пәрмені жетпей қалған жоқ шығар, олай болса, тамырыңнан ажырамау керегін түсіну соншалық қиын ба? Осы әңгіме шыққалы бері ел алдында жүрген білімді іні-қарындастарымның ұлттық мінез-болмысын, менталитетін керек қылмайтынын, ата-бабаның тағылымын артта қалу деп бағалайтынын біліп тіксіндім. Азаматын өзінен биік қойған кешегі өткен әжелеріміз ақымақ болып па, әлде өзінікін ғана дұрыс санап, тек мақтауға үйренгендердің
дандайсуы ма бұл?
Ұлттық тәрбие қолға алынып, ұлттық идеология құрылмай, небір сорақы жағдай орын алатынын түсінген жөн. Қала берді газет-журнал бетінде ұлттық ерекшелікті сөз етіп, эфирлер мен мінбелерден «қазағым» деп еміреніп, ұлттың жоғын өтірік түгендегеннен шаршамадыңыздар ма? «Қазақтың Құдайдан кейінгі қорқатыны – дәстүр бұзушылық», – дейді Ахмет Байтұрсынов. Кешегі Әлихан, Ахмет, Мағжандарды күңірене еске алып, солардың қалдырған сөзін құр ұлағат көріп, өсиетін орындамаудан, қала берді сол ұлтшылдарды өнеге тұтып, ал бабалардан қалған дәстүр-салтты менсінбеуден жалықпадыңыздар ма? Ең болмаса, бұған дейін митингке шыққандарды әйел екеніне, бала екеніне қарамай, шал-кемпірді сүйрелеп жататындар бұ жолы шеруге жиналған қызтекелер мен біржыныстыларды неге көрмеді, неге қамамады? Мұның артында қандай да бір күштік құрылымдар қолдау білдіріп тұрғандай көрінгенін, қарапайым ел ақымақ емес, сезіп отыр. Ең болмаса, ойымды еркін айтам деп шеруге шыққанның бір бөлігін – сүйреп қамап, екінші топтың бассыздығына көз жұма қарағанның себебін күні кеше сайланған депутаттарымыз түсіндірер. Соған сенейік…
Халықты рухани мүгедек болу дертінен аман сақтаудың жолдарын іздеңіздерші, сөз қадірін білетін, тексіздікке бармаған ұлттың ұрпағы емес пе едік. Құдай қазағыма жар болсын!
Турыс Бекжанның фейсбук парақшасынан