«Не қыз екені, не ұл екені белгісіз!?» —
Белгілі айтыскер-ақын Мұхамеджан Тазабеков күні кеше Алматы қаласында өткен әйелдер шеруіне байланысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
— Атам заманнан айғыр бие болғысы келмейді, бие атты аңсамайды.
Қораз тауық болғысы келмейді, тауық балапаннан безбейді. Қалауы күнде өзгеріп, таңдауы таңдай қақтырып жатқан адамзат баласы ғана. Алланың еркін жаратқан есті мақұлығы біз екенімізге әбден көзіміз жетті. Еркек біткен жауапкершілік алу мен қызғану қасиетінен айырылу алдында тұр. Қыз қылықты болғаннан гөрі өткінші қызықтарға білікті болуды қалайды. Әйел еркекке жөн айтсам — еркіндігімнің белгісі, көптің назарында көркем көрінсем еркелігімнің белгісі деп есептейді. Тасбақа да тасын тастасам жеңілдеймін, деп ойлайды екен… Ойлаған жақсы ғой, бірақ, опық жегендерді қайтеміз… Қазір ешкім себеппен күрескісі келмейді, бәрі салдардың соңында жүр… Ұл ұлағатты, қыз ұятты болса, еркек еңбекқор, әйел жауапкер болса жүздеген проблема өздігінен шешілер еді. Бәлеқорлықтан жемқорлыққа дейін, ұрлық-қорлықтан зорлық-зомбылыққа дейін адами қасиеттің азғындауы мен жүйе жасайтын тұлғаның жетімсіздігінен екені көрініп тұрған ақиқат қой… Негізді дұрыстап, отбасын нықтап, өткеннен өнеге, озықтан үлгі алудың орынына, дәстүрден жеріп, туыстан қашып, тарихтан суып, жаттан көбіне көбік трендтерді ғана жұқтырып жатырмыз. Азаматтық парызымызды міндет қылмаймыз, әйтседе талай қарындастың қақысын өтедік, әлсіз әпкелерімідің қажетіне жарадық, жылағанының жасын сүрттік, құлағанының қолынан тарттық. Бірақ біз құрметтеген аналар, ары биік арулар адам табиғатынан аттап, бабалар мұрасын таптап, кісі шошитын қылық көрсетпеген еді. Ал, плакат ұстап көшеде жүрген кімдер? Не қыз екені, не ұл екені белгісіз, жүрісі еркек, дыбысы әйел, ұраны ұғынықсыз, талабы қисынсыз, әлемдік құбылыстарды алға тартып, феминистік үрдістің артына тығылған әлдекімдер… Егер, феминизм деген әйел бақытының бір тұғыры болса, Құдайға шүкір,батыстың жасанды феминизмінсіз де өзіміздің табиғи ұлттық “феминизміміз” жадымызда да, жанымызда да тұр. Біз үш түрлі үлкен себеппен әйел адамды аяқ асты етпеген елміз. Керісінше қасиетін ардақтап, алыс елдерге үлгі таратқанбыз. Біріншіден, дәстүріміз қамқор пиғылда. Қызды “құт” деп, “өріс”, деп өбектеген елміз. Қырық үй боп қамқорлық жасап, ары мен абыройына, сыры мен сымбатына қызғанышпен қарап, қызды — қазынам деп есептеген елміз. Әжесін төріне, немере қызды оң тізесіне отырғызып, үйдегі “оң жақты” да қыздың еншісіне қиған елміз. Көште жорғаға қызды отырғызып, қызылды қызым кисін деп, ұзатарда жасауынан мал аямай, малындырып шығарып салған елміз. Төркіндеп келсе төбемізге шығарып, бауырындағы баласын “жиен” деп, қолын қақпай, тақымына тай мінгізген елміз… Екіншіден, дініміздің бұйрығы — қыз баласына ерекше мейірім көрсетілген. “Қыз баласы — береке, кім қыздарын жақсы тәрбиелесе — жаннат иесі” дегендей қаншама хадистер бар. Ардақты пайғамбарымыз да(с.ғ.с) қыздарын ерекше құрметтеп, тіптен олар ас ішпей, ауызына тамақ салмаған. Оны үмбеттеріне үлгі еткен. Ал, әйелімен жақсы қарым-қатынаста болған еркектің ең жақсы еркек екені жайлы қағида-хадис ше? Қасиетті құранда еркектер деген сүре жоқ, бірақ “Әйелдер” деген сүре бар. Ананың ризалығы — Алланың ризалығы жайлы хадистер де қазақтың негізгі рухани қазықтары боп кеткелі қашан?! Үшіншіден, тарихи себептер. Ұлтымыздың басынан өткен қасыретті оқиғалар да әйелдердің орыны мен жауапкершілік миссиясын биік деңгейге көтеріп тастаған. Жаугершілік заман болған, ерлер көп қырылған. Отбасындағы ас табу мен шешім қабылдау машақаты да көбінде аналарымыздың мойынына түсіп отырған. Соның себебімен балалар да анасына жақын боп, отбасындағы ананың шешім қабылдауы мен тұлғалық қасиетіне көзі үйреніп, көңілі сеніп есейген. Әсіресе, соңғы екінші дүниежүзілік соғыс аналар мәртебесі мен олардың жанқиярлық еңбегін ерекше есімізге салып кетті. Мұқағали ақынның: “Қайран біздің шешелер! Арды ойлаған, Шілік шауып, ши орып, бау байлаған. Жігіттерден айрылып, қалмай қараң, Қырман басып, егін caп арба айдаған”, деп жырлағаны бекер емес. Әкесіз өскен немесе әкесі шаруабасты боп, күнделікті тірлікте анасының мейірімі мен махаббатын ерекше сезініп өскен ұл қаншама? Сондықтан да, көбінде қалам ұстаған ақын-жазушылардың көбі әкесінен көрі анасының сабыры мен еңбекқорлығы, берекесі мен беделі жайлы көбірек жазады… Біз қыз абыройы мен ана қасиетін, әйел орыны мен жар мәртебесін төмендеткен халық емеспіз. Біз әлдебір елдердей әйелдерді құлдай жұмсап, жезөкшенің салығын санап, қыздарға қырын қараған ел емеспіз. Мыңнан бір опық жеген, қақысы кеткен қыз болса, берісі жеңгесі, арысы әкесіне айтып, болмаса байға немесе биге айтып, мәселесін шешіп отырған. Ал, кесірлі сөзді қағазға жазып, бажылдаған дауысы құлақты кесіп, көшеде көстеңдеп марш жасау бөтен елдің үрдісі, басқа жұрттың үлгісі… Тентегімізді тезге салайық, зұлымымызды заңмен жазалайық. Бірақ, діңгегімізді балталап, бұтағымызды көгерте алмаймыз. Ойланайық, озығынан үйренейік, тозығынан жиренейік. Әлемнен үйренеміз деп жүріп, әлдекімдердің астында иленіп кетуіміз мүмкін екені жайлы да ұмытпайық… — деп жазды Мұхамеджан Тазабек. Еске сала кетейік, күні кеше Алматы қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын әйелдер шеруі өткен болатын.
Мұхамеджан Тазабековтың фейсбук парақшасынан