ҚОЛЫ АЛТЫН ТІГІНШІ

«Шебердің қолы алтын» деген атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Жалпы, тігін өнеркәсібі – әлем экономикасының алдындағы үлесі мен салмағы жоғары кәсіп десек те болады.Тігіншілік, қолөнер шеберлігімен айналысу бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері, Жаңатас қаласының тұрғыны Шахизада Жарбосынқызы Қожахметова.

Шахизада Жарбосынқызы өзінің сүйікті ісімен айналысып, тігіншілік өнерді кәсіп етіп келеді. Қазақтың қыз-келіншектеріне арналған қолжетімді көйлектер тігеді. Қымбат тастармен әшекейлеп, қазақ қызының сұлулығын әдемі көйлектерімен одан әрі көркейтіп, нәрлендіріп келеді.

-Мен кішкентай кезімнен қайшы, қағаз, матаға үйір болдым. Өйткені ес білгелі анамның киім тігіп, құрақ құрап отырғанын көріп қызығып, анама еліктеп өстім. Әлі есімде ең әуелі қуыршағыма көйлек тіккенмін. Сол күні қуанышымда шек болмаған. Міне, сол күннен бері осы іспен айналысып келемін. Көйлектен бөлек, құрақ құрап, жұмсақ ойыншықтар да тігу сүйікті ісім. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйі әншілерінің, «Айжанқыз» халықтық би ұжымының, балабақша бүлдіршіндерінің мерекелік киімдерін әдемі етіп тігіп беремін. Тіпті кейде той көйлектерін тігуге де тапсырыс түсіп жатады. Осы кәсіпті таңдағаныма еш өкінбеймін,-деді Шахизада Жарбосынқызы.

 

КАМЕЛИ СҮЛЕЙМЕНОВА, САРЫСУ АУДАНЫ