Қарағанды облысында «Армысың, әз Наурыз!» дәстүрлі ақындар айтысы өтті.
С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театрында «Армысың, әз Наурыз!» дәстүрлі ақындар айтысы өтті. Іс-шара үш маңызды мерейтойға орайластырылды: Алаш Орда көсемі Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш профессор-математигі Әлімхан Ермековтің 130 жылдығы және мемлекет қайраткері,
Алаш Орда үкіметінің мүшесі Жақып Ақбаевтың 145 жылдығына.
Айтыс екі кезеңнен тұрды. Музыкалық-поэтикалық байқаудың екінші айналымына алты жұп өтті. Қарағанды, Теміртау, Сәтбаев қалалары мен Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра аудандарынан келген айтыскерлер өз шеберліктерін көрсетті.
Сонымен қатар көрермендер Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік әртістері — түрлі республикалық байқаулардың лауреаттары Медет Осатаев пен Айнұр Дәулетбаеваның, сондай-ақ «Қуаныш» үлгілі хореографиялық ансамблінің өнерін тамашалады.
Үздік айтыскерлерді халықаралық және республикалық айтыстың жеңімпаздары таңдады.
Нәтижесінде Бас жүлдені қарағандылық Төрехан Совет жеңіп алды. Бірінші орын Қарқаралы ауданынан келген Бекарыс Оспановқа бұйырды, екінші орынды Бұқар жырау ауданының ақындары Доскей Ботпай мен Нұрлыбек Төкен бөлісті, үшінші орында Сәтбаев қаласының ақыны Абзал Мақаш пен Теміртау қаласынан келген Жанарыс Тілеубек.
Сондай-ақ арнайы марапаттар да болды. Теміртаулық Еркеғали Бекболат Әлихан Бөкейханов атындағы дипломмен, қарағандылық Нұрсұлтан Рымбай Әлімхан Ермеков атындағы дипломмен және Нұра ауданынан келген Жандос Бақытұлы Жақып Ақбаев атындағы дипломмен марапатталды. Қалған қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Жеке кәсіпкер Венера Исина айтыстың ең жас қатысушысы Мәди Олжабайға 20 мың теңгенің сертификатын табыстап, Доскей Ботпайұлына шапан жапты.
Айтыстың ұйымдастырушылары — Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі.
Жомарт Шаймұрат